Плутон бұдан былай планета болып саналмайтын болды

7030
Adyrna.kz Telegram
Неліктен Плутон ендігәрі планета емес?
«Күн жүйесінде қанша планета бар?» деген сұраққа қазіргі мектеп оқушылары «8 планета: Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун» деп жауап береді. Қалайша? Біз оқығанда 9 еді ғой. Плутон қайда кетті?
Шын мәнісінде Плутон ешқайда кеткен жоқ. Өзгерген де жоқ. Керісінше, біздің Плутон туралы көзқарасымыз өзгерді. Анығырақ айтқанда адамзаттың ғалам туралы принципі өзгерді. Ғылым да 100 жыл бұрынғыдай емес.
Жалпы Галилео Галилей заманында Күнді белгілі бір орбитамен айнала қозғалатын кез келген аспан денесі планета саналатын. Бұл принцип 1801 жылға дейін жақсы жұмыс істеп тұрған. Дәл сол жылы астрономдар Церрера деп аталатын аспан денесінің ашылғанын мәлімдеді. Оның көлемі өте кіші болды – радиусы шамамен Айдың радиусының жартысындай (473 км). 1802 жылы тағы бір сондай аспан денесі ашылды – Паллада. Сосын тағы біреуі, сосын тағы, тағы, тағы... Кейінірек анықталғандай ондай аспан денесі мыңдаған екен.
Сол кезде астрономдар планетаның белгілі бір анықтамасы мен сипаттамасын беру керегін түсінді. Жаңадан анықталып жатқан аспан денелері кәдуілгі біз білетін планеталардан үлкен айырмашылыққа ие болды. Олар кішкентай, тап-тақыр және көпшілігінде сфералық пішін де жоқ. Ғалымдар бұл аспан денелерін «астероидар» деп атауға келісті.;
Одан әрі ғалымдардың назары үлкен планеталарды зерттеуге қаратылды. Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурнды. Нептун 1846 жылы ашылды. Ал Плутон дәл 84 жылдан кейін, 1930 жылы қатарға қосылды.
Сол кездегі адамдардың білім базасы дәл қазіргідей болғанда, әрине, Плутон Церрераның жолымен кететін еді. Бірақ І ғасыр алдын адамдарда қазіргідей зерттеу мүмкіндіктері жоқ еді.
Мысалы қазір біз Плутонның тас пен мұздан тұратын кішкентай шар екенін білеміз. Алғашқы жылдағы зерттеулер Плутонның Уран мен Нептунмен шамалас көлемге ие болғанын көрсетті. Бір жылдан соң оның көлемін қайта өлшеп көрген ғалымдар Плутонның радиусы Жердікімен бірдей болып қалғанын көрді. 1948 жылы тағы да өлшеп көрді. Плутонның көлемі тағы да азайып келе жатты. Плутонның нақты көлемін өлшеп көргенге дейін оның көлемінің азаюы туралы күдік дамылдаған жоқ. Ал 2006 жылғы өлшеу қорытындысы Плутонның Жерден 6 есе кіші көлемге ие болғанын көрсетті. Ол, тіпті, Айдан да кішкентай болып шықты.
Бірақ Плутоннан планета статусын алып тастау туралы әңгіме бұдан ертерек, басқа себеппен басталған. 1978 жылы астрономдар Плутонның серігі Харонды ашты. Негізі бұл Плутонға өз статусын сақтап қалуға жақсы дәлел бола алар еді. Егер ол серігі бар болатындай үлкен аспан денесі болса, онда оны кәдімгі планета деп атай беруге болады ғой?
Жоқ. Олай емес. Мүмкін Харон Плутоннан кішкентай шығар. Бірақ соншалықты емес. Харонның диаметрі Плутоннан бар-жоғы екі еседей кіші. Бұл планета мен оның серігі үшін үлкен айырмашылық емес.
Оның үстіне олардың массасы шамамен бірдей. Бұл дегеніміз Харон Плутонның Күнді айналу кезінде планета орбитасына жеткілікті түрде әсер етуге, планетаны өз жолынан жаңылтуына мүмкіндік береді. Қанша дегенмен, табиғи серігінің мұндай қуатқа ие болуы планета үшін ұятты жағдай. Осы үшін де ғалымдардың күдігі өсе берді.
2005 жылы Эриданың ашылуымен Плутонның планета болудан дәмесі біржола құрдымға кетті. Эрида – тура Плутон сияқты қасиеттерге ие аспан денесі. Ғалымдар «планета болу үшін қандай критерийлер керек?» деген сұрақты қайта қарау арқылы, Плутон мәселесін бір жаққа шығаруы керек болды. Я Эрида 10-шы планета атанады, я Плутон планета статусымен мәңгі қоштасады.
Сонымен, 2006 жылы Астрономдар Одағы планета болу үшін аспан денелері мынадай критерийлерге жауап беруі керек деген қорытындыға келді:
1. Аспан денесі өз осімен Күнді айнала қозғалуы керек;
2. Аспан денесі сфералық пішінге ие болуы керек;
3. Аспан денесінің орбитасында өз серігінен басқа, бөтен объектілер болмауы керек;
Плутон алғашқы екі талапқа жауап бергенімен, үшіншісіне келгенде қағынды. Осылайша Плутонның планета статусы үшін күресі жеңіліспен аяқталды.
Әрине, біршама ғалымдарға бұл талаптар ұнай қойған жоқ. Олар планета болу үшін аспан денесі тек екінші талапқа ғана жауап берсе болды деген позицияны ұстанды. Егер бұл ұсыныс қабылданса, планеталар арасына Плутон қайтады. Сонымен қатар, Ай да қосылады. Күн жүйесіндегі планета саны 8-ден бірден 115-ке көбейеді. Бірақ, әрине, бұл ақиқатқа жақын теория емес.
Кейбіреулер ғалымдарды планеталардың қасиеттерін дұрыс сараптамайды деп сынайды. Егер Плутонның орнында Меркурий болғанда, ол Күн жүйесінен жоғалып қаңғып кетуі де мүмкін еді деген пікірді алға тартады.
Мүмкін солай шығар. Бірақ біздің Ғалам осылай жаратылды. Болашақта адамдардың Ғалам туралы таным-түсінігі өзгерген кезде, қазіргі адамзат жіберген қателіктерді болашақтағы адамзат түзей жатар.
Бейбіт АРҒЫНБАЙ,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер