Ономастикалық атауларды жүйелендіру бойынша отырыс өтті

5635
Adyrna.kz Telegram

Елімізде алғаш рет алты жылға жоспарланған «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасыіске асырылмақ. Бұл жоба жазу реформасын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасындағы елдімекендердің тарихи атауларын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Ұзақмерзімді ауқымды жобаның негізгі міндеттері мен нақты нәтижесін айқындау мақсатында 2020 жылдың 11 наурызында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен ғылыми-зерттеу тобының отырысы өтті.

Күн тәртібінде жобаның жылдық жоспары таныстырылып, алғашқы кезеңде қай өңірлер зерттелетіндігі айқындалды. Сонымен қатар мамандар тиімді ғылыми әдістерді қолдану жайын ортаға салды.

Ауқымды жобаның негізгі мақсаттары мен міндеттері жайында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е.Тілешов:

Ономастикалық атауларды біріздендіруге бағытталған ауқымды жоба «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» міндеттерін іске асыру бағытында жүргізілмек. Негізгі мақсат - Республикадағы ономастикалық қызметті ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру. Қазіргі Қазақстан аумағындағы топонимдердің диахрондық картасын әзірлеу арқылы топонимдердің өзгеру динамикасын көрсету әрі бірізділендіру, - дейді.

Алты жылға жоспарланған жоба Қазақстанның барлық облыстағы елді мекендердің тарихи атауларын қалпына келтіруге негізделеді.

Биылғы 2020 жылы зерттеу жұмысын бастауға Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары алынып отыр. Топ мүшелері ономастикалық атауларды ғылыми айналымға түсіру үшін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы мұрағаттар мен кітапханаларда болып, ғылыми-зерттеу материалдарын жинастырады, әр кезеңге байланысты буклет түріндегі карталар жинағын әзірлейді, ресми сайттарда, БАҚ беттерінде жоба барысы, ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша мақала жариялайды, сұхбат, ақпарат беріп отырады,- деді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, зерттеу тобының жетекшісіЗ. Қабылдинов.

Бұл жобаны орындауда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, Мемлекет тарихы институтымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, География институтымен, өңірлердегі ономастика бөлімдерімен, саланың жетекші ғалымдарымен тығыз байланыс орнатылып, бірлескен жұмыстар атқарылады.

Сонымен қатар жоба бойынша дәлелді құжат жинау үшін авторлар Ресей Федерациясындағы архивтерден материалдар қарап, алуға мүмкіндік алады. Бұл ономастика саласындағы жаңа мүмкіндік, әрі жаңа қадам екендігі даусыз.

Басқосу барысында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, зерттеу тобының мүшесі С. Иманбердиева ономастикалық атауларды жүйелендірудің ғылыми-әдістемелік бағыттарына тоқталды.

Қай өңірде болса да жер-су аттарына байланысты аңыз, әпсаналар жетерлік. Ал біздің ғылыми-зерттеу жұмысында  аңыз, әпсаналар дәлелді материал бола алмайды. Зерттеу әдісіміз – тарихи-диахрондық болғандықтан, алдымен әр атаудың этимологиясы анықталады,  уақыт кезеңдері аралығында атаулардың өзгеруі, экстралингвистикалық факторлардың әсері талданады, топонимдердің субстраттары айқындалып, топонимдердің диахрондық реестрі түзіледі. Осы реестрді басшылыққа ала отырып, болашақта карта жасау жүзеге асырылады, - дейді.

Иә, «жер-судың аты тарихтың хаты». Оны орынды, орнықты қолдану, халыққа маңызы мен мазмұнын ашып түсіндіру ғалымдардың басты міндеті.

Ал алты жылға созылатын бұл жобаның жемісі не болмақ?.. Бұл турасында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология және ономастика  басқармасының басшысы міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты Б.Ысқақ баяндады.

- Жоғарыда анықталғандай жобаның мақсаты айқын. Күтілетін нәтиже:

-        Ономастикалық тарихи атаулардағы орфографиялық қателерді түзетуге, олардың жазылу барысын біріздендіруге көмегін тигізеді;

-        Диахрондық әдіс бойынша тарихи атаулардың этимологиясы анықталады, мағынасы айқындалады;

-        ұлттық ономастиканың ғылыми-теориялық, практикалық базасын қамтамасыз етуге, ономастикалық кеңістікті стандарттауға үлес қосады;

-        қалпына келтірілген тарихи атауларды латын графикалы әліпби негізінде реттеуге  қиындық туғызбайды;

-        жаңа атауларды беруде атаулардың негізсіз алынуын болдырмауға көмектеседі;

-        жыл сайын өңірлер бойынша ғылыми-зерттеу материалдары жинақталып, жобаның алтыншы жылында ұжымдық ғылыми монографиялық еңбек жарық көріп, нәтижесінде республикалық 3D интерактивті карта әзірленеді, - деді.

Жоба таныстырылымын Е.Тілешовсәттілік тілеп тәмамдады.

Пікірлер