Бұлдыртының болашағы қандай болмақ?

4317
Adyrna.kz Telegram

Бұлдырты ауылы - Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданындағы ауылдық әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы - Жымпиты. Агроклиматтық құрғақ қоңыржай белдемде орналасқан. Жері: сұр топырақты. Жусан, бетеге, селеу, көде, ши өседі. Соған сәйкес шаруа қожалықтары мен өндірістік шаруашылықтары тұрақты түрде жұмыс жасайды. Географиялық орналасу жағдайы жақсы.

Бұлдырты ауылдық округіне 4 елді-мекен кіреді: Бұлдырты, Көгеріс(Көкөріс), Жарқамыс және Қарақұдық.

Ұзындығы 195 км-ге созылып жатқан Жайық алқабындағы Бұлдырты өзені ағып жатыр. Бұлдырты ауылы өзінің табиғатымен мақтанып  қана қоймай, тарихқа аты сіңген белді тұлғаларымен де ауыз толтырып айтарлықтай таныта алады.

Соның бірі батыр-шешен - Сырым Датұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын - Қадыр Мырза Әлі, Күнбатыс Алашорда үкіметін басқарған қайраткер - Жанша Досмұхамедұлы т.б. сынды ауданның тарихынан бөлек, ауылдың да белді тұлғаларын айшықты түрде айта алады.

Тарихы мен жұлдыздары тектілікпен астасып, тереңге қарай сыр тұнған ауылдың кешегі бастау бұлағы сонау тереңде екенін аңғардық. Ал олардың бүгінгі дамуы мен экономикалық күнкөріс жағдайы қаншалықты ілгерілеп келеді?

Ендеше, дәл осы сұрақты Бұлдырты ауылының әкімі - Нұрпейсов Салауат Жолайұлына қойып көрдік.

Салауат Жолайұлы - Батыс Қазақстан Аграрлық университетін агроном, агрохимик және топырақтанушы мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Еңбек жолын Бұлдырты ауылында «Анда» шаруа қожалығында агроном болып бастап, кейіннен бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Сырым аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы» лауазымында қызмет жасаған.

Әлемдегі соңғы өзгерістерге сәйкес дүйім дүниені дүр сілкіндіріп, қоғам құбылып, эпидемиялық жағдай мен саяси толқындар күшейген тұста әр басшының жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындауы аса қажетті де, жауапты іс.

Статистикаға сүйенер болсақ, президентіміздің айтуынша халықтың 40%-ы ауылда тұратыны анықталған. Сондықтан басты мәселелер мен саяси шаралардың бастау бұлағы әуелі ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалу керек. Бұл туралы Бұлдырты ауылының әкімі не айтар екен?

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында "Әкімдерді халық өзі сайлайтын болады" деген еді. Міне, жақында өткен сайлаудың қорытындысы бойынша көптің қалауынан шығып, сізге зор жауапкершілік артылып отыр. Сіз үшін халық сайлаған әкімнің ең басты қасиеті мен талабы қандай болу керек?

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған жолдауы мен тапсырмасына орай, мерзімі аяқталған ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы өткізілген еді. 2021 жылдың қараша айының 28 күні сайлау өткізіліп, тұрғындар өз таңдауларын жасап, үміткерлердің ішінен мені таңдап, округ әкіміне сайландым.

Ендігі мақсатым - ауылдық округті дамыту бағытында жасалған сайлау алды бағдарламамда көрсетілген мәселелерді жүзеге асырып, жедел жұмыстарды жүргізу болып табылады.

Менің ұғымымда халық сайланған әкімнің ең басты қасиеті - жергілікті халық тұрғындардың ойынан шығып, қоғаммен қоян қолтық жұмыс жасалу керек. Өзіме қойған негізгі талабым - ауыл тұрғындарының заман талабына сай өмір сүруін қамтамасыз етіп, өңіріміздің көркейуі мен өркендеуіне нақты жоспарларды жүзеге асыруым тиіс.

- Бұлдырты ауылы Сырым ауданы бойынша халық саны мен көлемі жағынан ең үлкен ауылдардың бірі. Алдағы уақытта өңіріміздің хәл-ауқатын арттыру және жұмыспен қамту бағыты бойынша ауылдың одан әрі өркендеуіне қандай жобалар іске асырылмақ?

- Иә, ауданымызда барлығы 12 ауылдық округ болса, соның ішінде үлкені, аудан орталығынан кейінгі округ - Бұлдырты ауылдық округі болып отыр. Округте үш мыңға тарта тұрғындар бар. Алдағы уақытта округті дамыту, тұрғындардың хәл-ауқатын арттыру және жұмыспен қамту бағытында мемлекеттік бағдарламарды іске асыру жобасы бойынша біраз міндеттемелер жасалады.

Яғни, ауылдық округтегі ауыл шаруашылық саласын дамыту, асыл тұқымды мал басын көбейтуге жұмыстану, шаруашылықтарды мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттар алдыру арқылы тұрғындардың кәсіппен айналысуларына, сол арқылы өздерінің тұрмыс тіршіліктерін көтеріп, жұмыспен қамтылуларына жағдай жасалмақ.

Қазіргі кезде тұрғындарды жұмыспен қамту үшін гранттар немесе несиелер алу арқылы мал өсіру немесе сүт өндіру, құс өсіру, бау-бақша егуге бағытталған жобаларды тұрғындарға насихаттап жүзеге асыруға жұмыстанудамыз.

- Аз уақыт ішінде халыққа есеп беріп үлгердіңіз. Бұлдырты ауылының тұрғындары арасынан қандай да бір кәсіп ашамын, жоба бастаймын деген халық игілігіне арналған бастамаларға әкімдік тарапынан қандай қолдаулар болады? (жалпы ауылда өңір өркендеуіне үлес қосып жүрген қандай кәсіпкерлерді айта аласыз?)

- Жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп беріп, алдағы уақытта жүзеге асыратын жұмыстармен қатар, тұрғындардың ұсыныс пікірлерін тыңдайды.

Мен де өткен жылдары атқарған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жөнінде хадық алдында есебімді бердім.

Жалпы жыл өткен сайын елімізбен бірге ауылдарымыз да дамып, заман талабына сай тұрғындардың да ұсыныс пікірлері мен талаптары өзгеріп келеді.

Олардың ұсыныстарына сай жұмыстарды қолға алу – ең басты міндет боп есептеледі. Халық арасынан кәсібін ашамын, жоба бастаймын деген азаматтарға әкімдік тарапынан қабылданып жатырған бағдарламалардың талаптарын түсіндіру мен қатар, кәсібіне қарай мүмкіндік болса орындармен немесе далалық жерлерден жер беру сияқты мәселерге қолдау білдірілетін болады.

Заманға қарай әр ауылдың бас көтерген азаматтары мен кәсіпкерлері, «Туған жерге тағзым» немесе «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламалардың аясында ауылға көмек қолын созып түрлі салалар боцынша көмек көрсетіліп жатыр.

Айта кететін болсақ, Уразов Ерген, Гусманов Талғат, Нурпейсов Ілесбек, Сүлейменов Берік, Төребаев Ілияс сияқты азаматтар мен қатар ауылдағы сауда саттық орындарының иелері мен шаруашылық басшылары және жыл түлектері ауыл өркендеуіне үдес қосуда қол ұшын созудан тайынған емес.


Ауылда бірнеше дүкен бар. Соңғы ашылған дүкендердің бірі - Бұлдырты ауылдық округінің тұрғыны Гүлшат Қуанышқалиеваның наубайханасы.

Ол 2003 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Қазір киім сатудан бөлек, тапсырыспен көрпе жасаған.

Енді өзінің жеке дүкенін ашып отыр. «Кердері» дүкенінен азық – түлік те, тұрмыстық тауарлар мен киімдерді де таба аласыз. Кәсіпкер осы жұмыс арқылы ауылдың 2 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Дүкеннің бағалары аудан орталығындағы бағалардан төмен. Халықтың нанға деген сұранысы ешқашан төмендеген емес. Осыған байланысты дүкеннің жанынан күніне 100 қалаш нан дайындайтын наубайхана да ашылды.

Халыққа қажетті өнімдерді қаладан тасымалдамай-ақ, өздері ұсынуы халыққа да, кәсіпкерлерге де өте тиімді. Одан бөлек жастар арасында үйден кішігірім кәсібін ашып, нәсібін тауып отырғандар да жетерлік.

Басым көпшілігі кондитерлік өнімді сатумен айналысса, енді бірі мерекелерге арналған түрлі дизайндағы шақыру билеттерін жасаумен айналысады.

Жалпы басқа ауылдармен салыстырмалы түрде қарағанда халықтың тұрмыстық деңгейі жақсы деуге толық негіз бар. Себебі, өз жұмысын халыққа ұсынған шағын кәсіпкерлерге сұраныс деңгейі де тұрақты түрде көбейіп отыр.

Тиісінше қажетті жабдықтары үшін алысқа бармай-ақ әр жергідікті тұрғын өз ауылындағы сапалы қызметті таңдай алады.

Заман талабы мен сұранысына орай қазір әр түрлі салалар дамып келеді. Еңбектің көзін табамын деген әр жалынды жастар жігерін жаншытпай кәсіп бастаймын десе, қолдан келгенше бар қызмет түрін ұсынуға әкімшілік тарапы қашан да дайын.

- Ауылға қазіргі уақытта нақты не жетіспейді? Ең өзекті мәселелер мен оның шешімі қандай болмақ?

- Ауылды дамыту мен көркейтуде әлі де көптеген мәселелерді шешу қажет ететіні белгілі. Ең бастысы округіміз- көгілдір отынмен қамтылған.

Бұлдырты ауылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Заманауи байланыс жүйесімен қамтылған, ауылға кірме жол жөндеуден өткізілген.

Ендігі жерде ауылдың ішкі жолына қатты төсеніш салу арқылы жөндеу, ауыл көшелерін көркейту және орталық саябақты тұрғындардың дем алатын орнына айналдыру, Көгеріс ауылының тұрғындарын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу және Көгеріс ауылына жол мәселесін шешу сияқты өзекті мәселелерді шешу негізгі мақсатымыз болып отыр.

Қазіргі кездегі экологиялық мәселе су көздерінің азайуы алағдатушылық туғызуда. Сондықтан Бұлдырты өзенінің бұлақ көздерін ашып, ауыл іргесіндегі су қорын молайту да - өзекті мәселелердің бірі.

Оның шешімі ауыл тұрғындарының бірігіп жұмыстануы болып табылады. Қалған мәселелерді аудан басшылығына ұсыныс білдіре отырып, бюджеттен қаражаттар бөліп, алғашқы орында жобалық сметалық құжаттарын жасатуды қажет етеді, қалғаны уақыттың еншісінде.

Сонымен қатар ауылда жастардың, жалпы тұрғындардың спортпен шұғылдануларын қамтамасыз етіп, спорт түрлерін дамыту бағытында, ауылдан дене шынықтыру комплексін салдыруды қажет деп санаймын.

Оның жобалық сметалық құжаттамасы дайын, биылғы жылы қаражат бөлінген жағдайда құрылысы басталады деп күтіп отырмыз.

Сонымен бірге қысқы спорт түрлерін дамытуда ауылдан хоккей қорабын салу ойымызда бар. Бұл істі ауыл жастары, соның ішінде 1984 жылы туылған азаматтардың бастамасымен іске асырғымыз келеді. Жалпы осыған дейін де Бұлдырты жастарының арасынан түрлі спорт саласы бойынша әлемдік деңгейде бақ сынаған спортшыларымыз бар.

Соның бірі қазақ күресінен Азияда және әлем чемпионы – Бекжанов Нұрлан Бақытұлы. Ауылдан шыққан кішкентай бала үлкен деңгейлер мен белестерді бағындырып, қазір ауыл ғана емес, барша қазақтың мақтанышына айналып отыр.

Одан бөдек қол күрес пен басқа да қосымша үйірмелерден халықаралық, әлемдік деңгейде желкенді жетістіктерге жетіп жатқан жалынды жастарымыз көп.

Егер қаражат бөлініп, спорт кешені салынатын болса, бұл жастарға деген үлкен қолдау мен мүмкіндіктер есігінің айқара ашылған қақапасы болмақ.

Желкенді жетістіктерге жететің жастардың да қарасы қалыңдамақ. Сонымен қатар ауылдық округіміз Самара-Шымкент республикалық автожолы бойында орналасқандықтан, осы жолдың әлеуетін пайдалануымыз қажет деп есептеймін.

Жол бойынан қызмет көрсету орындарын ашуға іскер азаматтарға ұсыныстар берудеміз. Егер осы ұсыныс жүзеге асқан жағдайда жұмыссыз азаматтарымызды жұмыспен қамтудың бірден бір көзіне айналмақ.

- "Жас келсе іске" деген халық мақалы бар. Жас буынға қай істі жүктесең де дөңгелетіп әкетері анық. Осыны ескеріп, халық арасынан белсенді жастарға арналған жобаларды іске асыру ойда бар ма?

- Жастар - біздің болашағымыз. Жастарды қашан да қолдауымыз қажет. Олардан күтетін үмітіміз зор. Сол себепті еліміздің болашағы - жастарды тәрбиелеу, оларға дұрыс бағыт бағдар беру – біздің ең әуелгі мақсатымызға айналуы керек.

Олардың елге тигізетін бастамаларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Алайда өкінішке орай жастар арасында әлі де болса енжарлық басымдау болып тұрғаны жасырын емес.

Барлығы ұялы телефонның шырмауына шырмалған уақытта, саналарына да әлеуметтік желінің әлемі ұялап алған секілді.

Өйткені, жастарда ең әуелгі дене белсенділігі азайып кетті. Көпшілік буын оңай жолмен аз уақытта мол табысқа кенелгісі келеді. Визуалды әлемнің құрбандарына айналып жатқанын өздері де аңғармай барады.

Сондықтан біз округтегі мәдениет үйі, кітапхана, білім мекемелері арқылы жастарға арналған түрлі шараларды үнемі ұйымдастырып келеміз.

Ертеректе жастардан құрылған түрлі өнер ұйымдары болғанын біз жақсы білеміз. Сондықтанда жастардың арасынан өнерлі жастарды, белсенді жастарды тарта отырып, ұлттық өнерімізді дамытатын, насихаттайтын ұйымдар құрғымыз келеді.

Әрине ол ерікті түрде жүзеге асатын процесс. Елім дейтін, патриоттық сезімі мен сана сезімі жоғары жастарды табу - уақыт еншісіне қалады деп ойлаймын.

Мұндай шаралар одан бөлек мектеп қабырғасында да тақырыптың ең негізгі өзегіне айналып отыр. Оқушылар арасында түрлі интеллектуалдық жарыстар мен логикалық ойлауды дамытатын шаралар мен спорттық жарыстар жиі өткізілетінін көріп келемін.

Одан бөлек аудан орталығынан «Сырым Жастары» ресурстық орталығы мектеппен жиі байланыс орнатып, мәдени шаралар мен қоғамдық жұмыстарға шақырып келеді.

Бұл жастардың ойлау деңгейі мен өз белсенділіктерін арттыруға таптырмас мүмкіндік деп есептеймін.

- Бұлдырты ауылынан бөлек оған қарасты бірнеше шағын ауылдар бар. Олардың экономикалық дамуы Бұлдырты ауылымен қатар келе жатыр ма?

- Округте Көгеріс (Көкөріс), Қарақұдық, Жарқамыс атты елді мекендер бар. Осылардың ішінде Көгеріс елді мекенінде тұрақтанған екі жүздің үстінде тұрғындары бар.

Мектеп, фельдшерлік пункт пен кітапхана жұмыс жасап тұрған елді мекеннің бірі. Осы елді мекеннің экономикалық дамуы Бұлдырты ауылымен қатар келе жатыр деп айта аламын.

Себебі, ауылға қажетті дүниелер жаймен жүзеге асырылып келеді. Мәселен, қыс уақытында «Activ» ұялы байланыс желісі орнатылды. Енді ауыл тұрғындары шалғайдағы туыстарымен еркін хабарласып, ғаламторды қалағанынша пайдалана алады.

Осыған дейін Көгеріс ауылының шетінде ғана «Beeline» байланысы ұстайтын болса, енді қазір «Activ» - жедел де қолжетімді желінің біріне айналды. Қалған екі ауылда өкінішке орай жергілікті халқының тұрмыс тіршілігіне қолайлы жерлерге көшулерінің басты салдарынан Қарақұдық, Жарқамыс елді мекендерінде тұрғындар саны уақыт өткен сайын азайып отыр.

- Әр әкім заман ілгерулеуіне сай жұмыс жасап, жаңа дүниелерге ұмтылып, халықпен жақын байланыс орнатады.

Ауылдың рухани дамуы мен жобалардың тиімді түрде жедел іске асуы үшін қандай жаңаша тәсілдерді қолданар едіңіз?

- Заман ілгерілеуіне орай, тұрғындардың ұсыныс пікірлеріне сай жұмысты жаңаша ұйымдастыруды қажет етеді. Сонымен қатар, "Ашық  әкімдік" талабына сай тұрғындармен етене жақын араласып, жұмыс жасау - бізге қойылып отырған ең негізгі талаптардың бірі.

Сонымен қатар, жергілікті жердегі қоғамдастық мүшелерімен бірге тығыз қарым қатынаста жұмыс жүргізуіміз қажет, яғни ауылды дамытуда ең алғашқы орында жүзеге асырылатын жұмыстарға қаражаттарды бөлуді қоғамдастық өкілдерінің пікірлерін ескере отырып, іске асыруымыз керек.

Осының арқасында жобалаған істер жедел іске асатын болады деп есептеймін. Ауылды өркендету – оны дамытумен ғана шектелмейді.

Халықтың рухани ой-өрісі мен дамуы да ең маңызды міндет боп саналады. Себебі, ауылдың экономикалық өсуі мен қарыштап дамуына әсер ететін ең әуелгі фактор - «рухани байлық».

Осы тұста сіздің сөзіңізге қосылуға толық негіз бар деп есептеймін. Қазіргі уақытта онлайн және офлайн білім беру бағыты мен бизнес бастау жолдарының жүргізілу салалары мен бағыттары өте көп.

Егер адам ізденсе, дереккөздерден қажет деп таныған ақпараттардың барлығын қабылдай алатын қабілетке ие. Білім – қашан да алға жетелейді.

Ауылдың өркендеуіне бір ғана білікті және білімді адамның жұмыс жасауы жеткіліксіз. Егер, әр ауылдың тұрғыны шынайы түрде өңірінің өркендегенін қаласа, әуелі рухани тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруі тиіс.

Бұл сөз жалпы Қазақстанның негізгі ұранына айналса, Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімім зор.

Өйткені, білім – қараңғы тұңғиықтан адастырмай алып шығатын жарық шам іспеттес асыл дүние.

-Сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін рақмет, Салауат Жолайұлы!

Алдағы уақытта жұмысыңызға сәттілік пен таусылмас қуат тілеймін.

 Інжу ӨМІРЗАҚ,

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер