«Жүз жылқы» аңызының ақиқаты қалай?

2373
Adyrna.kz Telegram
image description
image description

Өткен жылы Оралға барған сапарымда өлкетану мұражайынан бір самаурын көрдім. Көздің жауын алатын әдемі бұйым екен. Бұйымды қойшы, мені оның құны таң қалдырды. Самаурынды ХІХ ғасырда қазақтың бір байы жүз жылқыға сатып алыпты. Жүз жылқы дегенімізді теңгеге шақсаңыз, (бір жылқының бағасы 500 мың теңге) 50 миллионның құлағы көрінеді.

Мен ХІХ ғасырдағы байдың малын аяп тұрған жоқпын. Ол бір самаурынды 100 жылқыға айырбастап артында аңыз қалдырды. Осы 50 миллиондық құнды жәдігерді байдың ұрпақтары өлкетану мұражайына тегін сыйлапты. Иә, тегін сыйлапты. Бұл да болса, аталмыш әулеттің қанындағы тектіліктің, мәрттіктің сақталып қалғанын білдірсе керек.

Мен самаурынға ұзақ қарадым. Бұл шынында бағасына лайық тауар ма? Неге тоқсан тоғыз жылқы емес? Неге жүз? Осы самаурынды қоржынына бөктеріп жатқан бай көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Әне, шұрқырап жүз жылқысын саудагер айдап барады. Ал, бұл болса, күмістей жалт-жұлт еткен бұйымға қолы жеткеніне қуанды ма екен? Меніңше, өкінген болар. Олай дейтінім, күніне үш уақыт ішетін шайды бағалы самаурынға қайнаттың ба, бағасыз самаурынға қайнаттың ба, бәрібір емес пе? Байдың жалғыз ойы болды. Ол өзінің қандай бақуатты екенін баршаға дәлелдегісі келді. Ал, дәлелдепті... Сонда не өзгерді? Аңыз қалды. Ол аңызды арада бір жарым ғасыр өткеннен соң, міне, біз айтып отырмыз.

Жердің шаңын аспанға көтеріп, үйір-үйір жылқы айдап бара жатқан саудагер қандай сезімде болды десеңізші... Ол өзінің айлакерлігіне сүйсінді ме екен? Бәлкім, бір жылқыға алған тауарын жүз жылқыға сатқанына масаттанған шығар. Әйтеуір, ұтылмаған адам саудагер екеніне мен бәс тігуге дайынмын.

Орал Қазақстанның батысы делік. Енді, 4 мың шақырым кері қайтып, Хан-Тәңірінің етегіндегі өз ауылыма келейін. Біздің елде де қызына арнап жүз жылқыға бір ішік алған Ниязбек деген бай өткен. Ел оның ұрпақтарын «Байдың ауылы» деп атайды. Қызына бір ішікті жүз жылқыға алған сол Ниязбек бай әжі атанып, қажылыққа да барған.
«Нияз атам бай болып,
Бақ қонып, Қызыр қараған.
Жұмыртқалап түбіне,
Бозторғай ұшқан сабадан.
Бір ішік алып жүз атқа,
Дөненнен өрге санаған»...
Ниязбек байдың қызына алған ішігі самаурын секілді сақталып қалмағанымен, Көдек Байшығанұлының өлеңдері арқылы кейінгі ұрпаққа мұра болып жетті.

Бір қызығы түрлі кітаптарды оқығанда, ХІХ ғасырда мұндай деректердің аз болмағанына көзім жетті. Мәселен, қазақ байы құнын жүз жылқыға бағалап сатып алған сәукеле Ресейдің Кунсткамерасында әлі күнге сақталып тұр. Басқаны айтпасақ та, осы үш-ақ дерек бір кездері қазақ байларының арасында «байлық жарыстыру» бәсекесі болғанын айғақтайды. Бұл бәсекенің жалпы қоғамға берері болды ма? Одан қазақ ұтты ма? Ұтылды ма? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Әрине, мақтан, атақ, даңқ, аңыз керек-ақ! Бірақ сол аңыздың біз үңіле бермейтін бір тұсы бар. Сол заманда самаурын, ішік, сәукеле деген қазақ үшін қат дүние болды деп айта алмаймыз. Бұл жай ғана біздің бабаларымыздың атақ-даңқын арттыру үшін қандай құрбандыққа болсын бара алатынын көрсетеді. Біреу мұны жомарттық-мәрттік дер, енді біреу басқаша бағалар...

Бір қызығы сіз бен біз байдың байлығына таңдай қағамыз да, оның жүз жылқысын бір самаурынға, бір ішікке немесе бір сәукелеге айырбастап алған айлалы саудагерлердің аңызын ұмыт қалдырамыз.

Ол айлалы саудагер не істеді? Қалай сатты? Байды қалай көндірді? Негізгі тәлім алаларлық аңыз осы тараптан өрбісе, біз үшін тың ақиқаттың беті ашылар ма еді? Бізге жеткен аңыздарға қарасақ саудагерлер алдымен алушының намысына тиетін сөздер айтқан. «Ей, сасық қазақ! Ары жүр? Бұл бұйымды сатып алуға сенің байлығың жетпейді» дейді саудагер мұрнын шүйіріп. Бұл сөз күнде мадақ-мақтау естіп жүрген адамға ауыр тиері анық. Бай ызаланып: «Ал менің байлығым жетпейтіндей, сәукелеңнің құны қанша еді?» дейді қалш-қалш етіп. «Жүз жылқы» дей салады осыны күткен саудагер! «Мына сартқа (немесе кәпірге) жүз жылқыны айдап әкеліңдер» дейді ашуы тарқай қоймаған бай. Ол менсінбеген саудагерді затын сатып алып мұқалттым деп ойлайды. Ол аз болса, «қазақтың сасық емес екенін дәлелдедім» деген құр қиялға ерік беруі мүмкін. Ал, қазақтың психологиясын зерттеп-біліп алған саудагер жеңілген кейіпте кешірім сұрай қояды. Бірақ, бай сол бір кешірімді жүз жылқысын шығындап сатып алғанын білмейтіні өкінішті.

Мұның бәрін тереңнен қозғап, неге айтып отырмыз? Қазіргі миллионерлері де кешегі бақуатты байлардан айырмасы шамалы. Атақ үшін ат шаптырады. Көкпар береді. Шетелден зәулім сарайлар тұрғызады, той жасайды. Өздері туралы жыр-ода жазғызады. Онысы кітап болып басылады, телеэфирлерден көрсетіледі. Бірақ, жоқ-жітікке көмектеспейді, алаш баласының білім алуына инвестиция салмайды.

Әлгі самаурынға қарап тұрған кезде жүрегім шым ете түсті. «Мұндай жүз жылқының қаншасы Ресей асты екен?» деп ойладым. Сол жүз жылқы қаруға айналып, қайтадан қазақтың басына әңгіртаяқ ойнатпағанына кепілдік бере аласыз ба? Ойлаудың өзі ауыр... Құдай ырыс-несібеңді арттырды ма, байлық берді ме, аңыз бен ертегі өмірге мас болудың қажеті жоқ. Бір адамның болсын, өзіңдей бай болуына көмектес! Жолын аш! Жастардың білім алып, ғылымды игеруіне септігіңді тигіз!

Кешегі өткен тарихты таразылар біз емес. Болары болып, бояуы сіңді. Оны өзгертерлік қауқарымыз және жоқ. Бізге кешегіден сабақ алып, бүгінгіні сөз етпек ләзім. Мәселен, Тұрысбек Маманұлының балалары ашқан мектептен қаншама қайраткер шықты. ХІХ ғасырдың соңында ашылған сол Мамания мектебінің Біләл Сүлейұлы, Әбубәкір Жайшыбекұлы, Ыбырайым Маманұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Әйсейіт Бағрамұлы, Мейірман Ермектасұлы, Бейсенбай Кедесұлы сынды түлектерінің қазаққа еткен еңбегі мен самаурынның құнын салыстыруға келе ме? Тұрысбек қажы Мамания мектебін үздік бітірген Мейірман Ермектасов, Мәкей Еркінбеков сынды түлектерін Қазан, Омбы, Орынбор қалаларындағы мұғалімдер дайындайтын семинарияға жіберіп, оқытқанының өзі неге тұрады? Осы Тұрысбек бай Мұхамеджан Тынышпаевтың да (қазақтың тұңғыш теміржолшысы) жоғары білім алуына мүмкіндік туғызып бермеді ме?

Біздің бүгінгі байлар мен болашақта бай болатын ұрпақтың алдында екі-ақ жол бар. Біріншісі, дәулетіңді шашып, самаурынды (бәлкім басқа болмашы затты) жүз жылқыға сатып алатын, екіншісі, Тұрысбек Маманұлы секілді білім мен ғылымға қаржы құйып, жастардың жолын ашатын жол. Қайсысын таңдайтыныңызды өз еркіңізге қалдырайық...

Осы жерде америкалық Денис Хоуптың мына бір мысалын айта кеткен жөн. Денис Хоуп айдан жер телімін сатып, миллион доллар ақша тапқан. Хоуп айды өзінің меншігі екенін айтады. Оның бұл ертегісіне талай адам сеніп, айдан жер алғанына мәз болып жүр.

1967 жылы БҰҰ айды бір мемлекеттің ғана меншіктеуіне жол берілмейтінін мәлімдеген болатын. Сол мәлімдемеге сүйенген Денис Хоуп 1980 жылы БҰҰ-на хат жазып, айды өзінің меншігіне беруді сұрайды. БҰҰ ол өтінішке жауап қатпады. Оған Хоуп қарасын ба, айды жырымдап сата бастайды. Оның клиенттерінің арасында әлемдік әртістер мен танымал адамдар жетерлік. Тіпті, АҚШ-тың Джордж Буш, Рональд Рейган және Джимми Картер секілді президенттерінің өзі Хоуптың қақпанына түсіп, айдан жер сатып алыпты. Мұның қасында самаурын, ішік, сәукеле деген немене?

Түйін. Қош! Заман өзгергенмен, сана өзгермейді. Қазір Денис Хоуптардың заманы. Олардың айлакерлігімен бәсекеге түсу үшін білім-ғылымды игеру қажет. Әрине, бабаларымыздың жүз жылқыны оңды-солды шашуы біз үшін мәрттік болып көрінер. Бірақ, «жүз жылқыны қиқулап айдап бара жатқан саудагердің өнерін меңгергенде бүгін қандай ел болар едік?» деген сұрақ көкейге кептеледі. Өткенді қойшы, ертең өкінбеу үшін бүгін қарекет қылу керек..

Қанат Бірлікұлы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер