Тәңіршілдікті насихаттауға неге Қытай мен Ресей мүдделі? V

12775
Adyrna.kz Telegram

ТӘҢІРШІЛДІК ҚЫТАЙДЫҢ МӘДЕНИ ЖОБАСЫ МА?

Қазақстандағы тәңіршілдік-шаманизмнің сойылын соғушылар Будда Шакьямуниды найман руынан,ал «Ұмай ана» будданың шешесі болғанын,буддизмнің өзі «осмысленный тенгрианство» деп БАҚ-пен әлеуметтік желіде тәңіршілдікті ашық насихаттауы қазақ қоғамын ойландыруы тиіс. Ресей еуразияшыл-империалистері Трубецкий,Савицкий т.б ал қазіргі Кремльдың бас идеологы А.Дугин сияқтылардың жергілікті ұлттарға байланысты тәңіршілдік наным мен этномифологияны қолдап-қолпаштауы мен Қытай коммунистік билігінің идеологиялық-мәдени экспансиясы елімізде жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын ашық көрсетеді.
Тәңіршілдердің БАҚ-та агрессивті түрде басқа сенімдерге дүрсе қоя беруі тарих тұрғысынан дәрменсіз және ақыл үшін қорлық қана емес, өркениетті қоғам тұрғысынан да қауіпті екені сөзсіз . Өйткені тәңіршіл- шаманист топтың барлық парағылыми және псевдотарихи опустары бұқараның ұлтшыл және шовинистік пиғылдарын жауапкершіліксіз пайдаланумен, ұланғайыр дала адамдары болған қазақтардың,яғни көшпенділердің басқа ұлттардан артықтығы, оған қоса Тәңіршілдіктің Авраам діндерінен үстемдігі жөніндегі идеялармен қатты ластанған.
Мен тәңіршіл-шаманизм нанымын зерттей келе «тәңіршілдердің өзіндік жолы» қисынсыз абсурд пен мағынасыздыққа толы, ал оның басты мазмұны – қытайлық діни дүниетанымды дәріптеу деп түсінемін.
Мен неопұтқатабынушы тәңіршілдердің көзқарасы антисемитизм, исламофобия, антихристиандық идеяларға толы және ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталатынын байқадым.Мысалы атап айтсақ 365info.kz сайтындағы «Арман» жобасы сандырақ пен мистикаға құрылған, ал оның басты мазмұны болып қытайдың діни дүниетанымы мен экспансиясын дәріптеуден тұрады.
https://365info.kz/tag/arman-nurmuxanbetov/ сайтындағы Арман Нұрмаханбетовтың мәдени жобасы тәңіршілдердің рухани философиялық бағытын айқын анықтады. Барлық саяси идеялар оларды өндіретін, оларға құрылым мен нысан беретін, нәрлейтін, яғни қайнар көз болып табылатын дүниетаным белгілі бір мәдениетпен тікелей байланысты. Мысалы, АҚШ-тағы республикалық партияның саяси доктринасы неоконсервативті протестанттық платформаға негізделген, Израиль мемлекетінің ресми идеологиясы сионизмнің діни-саяси доктринасына сәйкестелінген, қытайлық Чжун го («Орта Патшалық») доктринасы даосизм мен конфуцийшілдіктен тарайды, Гитлер мен Муссолини нацизмі Ницшенің «Бірегейімен» және арийлік эзотерикасымен жігерленген,ал Әл-Қағида радикалды суннизм идеяларымен сусындайды. Барлық саяси идеялардың басы белгілі бір діндер, философиялар мен мәдениеттерден басталады. Тәңіршілдердің қызметін объективті және ғылыми тұрғыдан зерттеуім мені тәңіршіл-шаманистер өз философиясының сондай қайнар көзі ретінде қытай даосизмі, моңғол шаманизмі, неопұтқатабынушылық және тәңіршілдік пен тибеттік буддизмнен тұратын синкреттік жүйесіз ботқаны таңдаған деген тұжырымға әкелді.
Анықтама: Даосизм (қытай, пиньинь dàojiào) – дін, мистика, бал ашу, шаманизм мен медитация практикасының элементтерін қамтитын қытайлық дәстүрлі ілім. Мифологиясы құдайлар мен жын-шайтандардың күрделі иерархиясын қамтиды. Даос культінде бал ашу мен зұлым рухтарды «қуып шығаратын» рәсімдер басты орын алады. Даосизм пантеонын аспан құдайы, жоғарғы құдай және императорлардың атасы («аспан ұлдарының») ретінде құрметтелетін Яшманың иесі (Шан-ди) басқарады. Дао тұжырымдамасының өзі (даосизмдегі орталық ұғым) көп жағынан, тіпті егже-тегжейлеріне дейін упанишадтарда көп мәрте жазылған, эманациясы көзге көрінетін феноменалды әлемді жаратқан, әрі онымен қосылу (феноменалды әлемнен кету) ежелгі үнді философтар, брахмандар, диуаналар мен нәпсіден тиылушылардың мақсаты болған тұлғасыз Брахманның үнді-арийлік тұжырымдамасына ұқсайды. Егер де оған тағы ежелгі қытайлық даос-философтардың ең үлкен мақсаты, бұл – өмірдің құмарлықтары мен әбігершілігінен алғашқы қауымның тұрмысына, қарапайымдылық пен табиғилыққа көшу болғанын, дәл осы даостердің ішінде ежелгі Қытайдағы пірәдарлығы туралы Конфуцийдің өзі құрметпен қарағанын және алғашқы нәпсіден тыйылушы – диуаналар болғанын қоссақ, онда ұқсастық одан да айқын және жұмбақ болып көрінеді. Ежелгі Қытай деспотизмін тудырған даосизмнің философиясы мен оккультизмі көшпелі моңғолдардың, қалмақтардың ,одан қалса басқалардың қарадүрсін наным-сенімдеріне зор әсерін тигізді. Бұл наным-сенімдер бүгін «тәңіршілдік» деген атаумен біріктірілген. Бұл атау қытайлық Шань-Диінің тікелей аналогы болып келетін моңғол пантеонының жоғарғы құдайының Мёнкё-Кёкё-Тәңір, Мәңгі Көк Аспан деген ұғыммен тікелей байланыста. Заманауи қазақ тілінде кездесетін «Тәңір» сөзінің шынайы семантикалық мағынасы Жаратушының бір есімдеріне жатады және тәңіршілдікпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Гете «шындықтан гөрі қатені табу әлдеқайда оңай. Қателік бетінде жатады, бірден байқалады» деген. Сонымен, зияткерлік далай-лама атағына талаптанатын тәңіршілдердің «шығармашылығында» анықталған ашық тарихи және ғылыми бұрмалаулар олардың ой тұжырымдарында ақиқатқа жуық ешнәрсе жоқ деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Шамандардың дәлел мен аргументтері әртүрлі мақсаттарды көздейді. Осы мақсаттардың бірі - тарихи шындықты кез-келген сын мен тексеру мүмкіндігін жоққа шығаратын мистикалық эзотерика бағытқа аудару. Тәңіршілдердің бөспе және негізсіз сөздері ақиқатында бір ұлы нәрсеге деген қатыстылық жалған сезімін қалыптастырады (ата-бабаларының ұлылығына деген тұрақты шовинистік акцент), тарихты сын көзімен бағаламауға мәжбүр етеді, сананы өзекті мәселелерден және жалпы шындықтан алаңдатады. Бұндай әдістемелік тәсілдің мақсаты – тарихи процестерді рационалдылық спектрінен алып тастау және оларды ғылымнан тыс аралықтарға, яғни иллюзия саласына көшіру.
Тәңіршіл қауымның тағы бір маңыздылығы тәңіршілдік-даосизм-буддизмді көпшілікке тарату арқылы қазақстандықтардың діни санасын өзгертуге деген агрессивті талпыныс. Қытайлық (қытайлық қана емес, кез келген басқа да болсын) мәдени ассимиляциясының негізгі құралдарының бірі болып діни миссионерлік екенін бәріміз білеміз. Бұл жағдайда даосизм-буддизм, тәңіршілдік деген атпен қазақтарға баламалы және реформаторлық діни модель ретінде ұсынылады. Мұның бәрі патриотизм мен халықтың тағдырын уайымдау деген әдемі популизм қана.
Тәңіршілдердің (немесе өзгелердің) діни көзқарастарын насихаттау алаңдаушылық туғызбай қоймайды, өйткені шынында жат мәдениет, идеология мен философияны жасырын енгізу жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, VIII ғасырдың ортасынан бастап, 751 жылы Талас маңындағы әйгілі шайқастан кейін одақтас араб-түркі коалициясы Қытай Тан империясының жер қайысқан қолын толық талқандады. Нәтижесінде Қазақстан аумығында Ислам басым дінге айналып, Қараханидтер тұсында 960 жылы мемлекеттік дін дәрежесіне көтеріледі. Ал 732 жылы-ақ аумағы қазіргі Қазақстанның батыс аймақтарын қамтитын Хазар қағанатында Ислам Иудаизммен қатар ресми дін ретінде танылды.
Тәңіршілдер таңғалатын «шаманизм-тәңіршілдік» болса түркі наным-сенімдерінің арасында тарих тұрғысынан бұрын-соңды болмаған, тіпті «шаман» сөзі түркі тілдерінде кездеспейді, ал VII-VIII ғасырларда кездесетін «кам» және «камду» деген синонимдес сөздерінің шығу тегі тұнғыс-манжур немесе моңғол-қытайлық екені айқын. Шаманизм солтүстік халықтар мен Сібірдің шағын халықтарының арасында кең таралған: чукча, камчадал, эскимос, коряктардың және т.б., сондай-ақ қазіргі моңғолдардың бір бөлігінің арасында өте көп кездеседі. Заманауи психологтардың пікірінше, бақсылар айқын психопатологиясы бар, эпилепсиялық талмаларға бейім невротиктер болған, ал бақсылар арасында таралған салттық трансвестизм жиі гомосексуалдық некелерге әкелетін. Айтпақшы, жоңғар шабылуының қызған кезінде далай-лама 1678 жылы Ғалдан жоңғарды ұлы хан деп жариялаған. Осылайша, қазақ халқының қанды геноциді саяси-діни батаға ие болды. Тарихымыздың бұл кезеңі ең қайғылы деп саналатынын еске сала кетейік. Тәңіршіл топ тибеттік ламалар мен ламаизмге ашық бас июден ұялмайды. Осылайша тәңіршілдік, буддизм-ламаизм, шаманизм мен даосизм сияқты барлық қиыр шығыстық діндер әрдайым қазақтарға қарсы дұшпандық идеологияның қайнар көзі болғандығы, қазір де сондай болуы әрі сондай бола беретіндігі Қазақстанның нағыз ұлтжанды азаматына түсінікті болу керек.
Ұлттық заңнама шеңберінде діни сенім бостандығы құқығы біздің азаматтарға кез-келген дінді ұстануға ерік береді. Алайда, әңгіме жат идеологияның импорты, шовинизм мен зорлық-зомбылық культі, иррационалды және ғылымға қарсы доктриналарды насихаттау туралы болса, онда шынында қоғамдық наразылық қажет.
Посткеңестік кезеңде кең таралған тарихтың балама интерпретациясы, әдетте псевдоғылыми түсініктемесімен сүйемелденіп, зияткерлік қанаушылық түрге ие болады. Бұл тарихи геростраттар қарапайым білімге ие болмай, өз сленгінде академиялықсымақтықпен сау мәні жоқ сандырақ сөздер айтады. Осындай төмен сапалы макулатураның нәтижесі тарихи фактілермен бұрмаланып, қалалық пәтерлерде тұрып, өздерін реформатор-постномадтар ретінде көрсету үшін түкке тұрмайтын әрекет ететін кезекті шапитоға айналады.
Өзінің зияткерлік негізі ретінде тәңіршілдердің біздің тарихымыз бен қоғамымызға жат анық көпқұдайшылық, шаманизм мен пұтқатабынушылық идеологиясын таңдай отырып, келешек ұрпақ алдында жауапкершілігін ұғынбайтындығы әділ ашу туғызады. Қоғамдық назарды өзіне аудару талпынысы, мың жылдан астам уақыт бойы іргетасы болған Ислам, Мәсіхшілік пен Яһуди монотеистік діндері болып келетін халқымыздың рухани бірлігін бұзуға жол берілмеуі керек.
Тәңіршілдер Авраам діни өркениетін ұялмай қаралап, оны ұланғайыр кең далаға араб басқыншыларының күшімен орнатылған таяу шығыс семит тайпалардың мағынасыз рәсімдердің жиынтығы ретінде көрсетеді. Яһуди, христиан мен мұсылмандар бірдей құрметтейтін библиялық пайғамбарлар мифтік кейіпкерлер ретінде суреттеліп, шайтандарға теңелген. Бұл Қытайдың Орталық Азияға кеңеюін тоқтату үшін Таластағы бес күндік шайқаста өз өмірін құрбан еткен қаһарман мен шахид мұсылмандардың ерлігін айқын келемеждеу болып табылады.
Ислам дініне және тарихымызға деген өшпенділікке бола барып тұрған өтіріктің мысалы ретінде «XV ғасырдың ортасында Әбілқайыр көшпелі өзі-бектерді күшпен исламдандыруға шешім қабылдағанда, олардың ең қайраттылары наразылық танытып, Шу алқабына қоныс аударды-мыс»деген тарихи фальсификацияға жауабымыз: егер Алтын Орданың екінші ханы Берке бұдан екі жүз жыл бұрын Исламды қабылдап, Египет сұлтаны Бейбарыспен одақтас болып өзінің туысы шыңғысид Хулагуға қарсы азат ету соғысын жүргізсе, онда XV ғасырдағы посталтынордалық халықтарды күштеп исламдандыру туралы қандай әңгіме болуы мүмкін? Ал Әбілқайырдан жүз жыл бұрын, 1312 жылы Өзбек хан Исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялаған.
Тәңіршіл-шаманистер елімізде түркілердің жаңғыру идеясын желеу қылып халқымыздың мұсылман кезеңіндегі мәдени мұрасының беделін түсіруге қасарысқан түрде ұмтылуда , моңғол басқыншылары мен агрессорлардың культін орнатып, қытайлар мен моңғолдардың наным-сенімдерін – даосизм мен шаманизмді жүйелі түрде насихаттап жатыр.
Көшпенділер мен отырықшы мәдениеттерін тұрақты түрде бір біріне қарсы қою, бұл Арнольд Тойнби мен Сэмюэль Ханттингтон сияқты тарихшылар мен идеологтардың өрескел плагиаты.
Бұл тұрғыда мұндай қарсы қоюшылық терең қарама-қайшылықта, өйткені көшпелі моңғолдардың «мәдениетінің» негізгі салттық қайнар көздері – тәңіршілдік ,яғни ламаизм мен даосизм,ал бұл нанымдар нағыз «жер тұрғындарының» – қытайлар мен индустардың өнімі.
Тәңіршілдердің жүйесіз нанымында «Мәңгі Көк Аспанның ұлы» Шыңғысханға ерекше орын берілген, оны тәңіршілдер «құдайдың» серіктесі ретінде таниды.
Тәңіршілдерге айтарым Шыңғысхан бастаған моңғол ордалары Отырар, Сығанақ, Сауран, Худжант, Самарқанд, Бұхара, Хорезм түркі мұсылман қалаларын отқа жаққандарын, бейбіт тұрғындарға деген зорлық-зомбылықтарын әрі жаппай өлтірушіліктерін ешуақытта және ешқашан ақтап алуға болмайды.
Шыңғысханның Орталық Азияға шабуыл жасауы бұл аймақтың дамуын едәуір тоқтатты да өркениетін бірнеше ғасыр артқа лақтырып жіберді.
Біздің ойымызша зиялылар мен қоғам тәңіршілдердің агрессивті шабуылдарына өз пікірлерін білдіріп, оларға ғылыми баға беріп, қазақстандықтардың ұлттық қадір-қасиетін әрі сенушілердің сезімдерін қорлайтын жынды нәжістердің шығуын тоқтатулары керек. Қазақстандық қоғам дұшпандық идеология мен ашық шовинистік философиялардың теориялық жетілу өрісі бола алмайды және болмауы тиіс. Қытайдың мәдени экспансиясы тоқтатылсын!
Саясаттанушылардың болжамы бойынша, этникалық ұлтшылдық идеялары біздің қоғамда жақын болашақта сұранысқа ие болады. Бүгін біз саяси идеологиялық негіз ретінде тәңіршіл- шаманистердің гипотезаларын қолдана отырып, осындай сұранысты өз мүдделері үшін пайдалануға қалай тырысатынын байқаймыз. Алайда, тәңіршіл идеологтардың шығармашылығында байқалатын ашық ғылыми жалғандық пен бұрмалаушылық осы идеялық қоқыстардың барлығын интеллектуалдық коллапсқа және нәтижесінде идеологиялық банкроттыққа апаратын ,ұлттың тамырына түскен құрт болып табылатыны анық. Қалай болса да, тарихи жеңіліске ойсыратыла ұшырап, келмеске кеткен көшпенділердің әлжуаз дүниетанымына сүйену – шүбәсіз күйреу жолы. Тәңіршілдердің арманы қазақтардың көшпенді дәстүріне «табиғи, экологиялы, табиғат қорғаушы» өмір салтына қайта душар қылу .Ол тек мықты индустриалды Қытайға ғана тиімді болып табылады. Қойшыларды басқару оңайырақ! Айтпақшы, тәңіршілдердің табиғи адамның даостік идеалын дәріптеуішілігі кездейсоқ емес .Тәңіршіл- шамандардың айтуынша, біз «ежелгі түркі дінін» тәңіршілдікті қайта жаңғыртып, көшпелілердің «табиғат қорғау» тұрмысына қайта оралып... отырықшы өркениеттерден тарихи жеңіліске ұшырағандық үшін кек қайтаруымыз керек. Қызығы, шопандар қанатты зымырандарды қалай атып түсіреді екен? (мысал, әрине, ең жақсы емес, бірақ шынайылық кейде одан да жаман жағдайларды келтіреді!)
Тәңіршіл қауымның идеяларын келесі тезистерге жинақтауға болады:
1. Біздің барлық қайғыларымызға өздерінің отырықшы өркениеті мен дінін мәжбүрлеп орнатқан семит-арабтар мен семит-еврейлер кінәлі. Ислам қазақтардың дамудан артта қалғандығы және әрі артта қалып жатқандығы мен жеңіліске ұшырағандығы үшін кінәлі.
2. Қазақтар көшпелі моңғолдардың ұрпақтары және Шыңғысхан құрған моңғол империясының тікелей мұрагерлері болып табылады.
3. Тәңіршілдік қазақтардың байырғы діні болып табылады.

Біріншіден, арабтар мен еврейлер, дәлірек айтқанда олардың мәдениеті мен діні, бұл – дәл көшпенділік санасының өнімдері болып табылады. Семиттік этностар, түркілер мен олардың ұрпақтары қазақтар ғасырлар бойы өмір сүрген жағдайлардан айырмашылығы аз және оларда көшпенді халықтар ретінде қалыптасқан. Пасторальды-номадтық шаруашылық түрі, дала мен шөлдің климатының іс жүзінде бірдейлігі, Қытай, Парсы мен Римнің отырықшы өркениеттерімен тұрақты қарсыласу, азаттықты сүйгіштік, белсенділік, жеңіске жігерленген ерік – бұл барлық көшпенділерге, ал біздің жағдайымызда қазақтар мен семиттерге, бірдей сай келетін ұқсас жағдайлар мен мінез ерекшіліктерінің жиынтығы. Арабтар-мұсылмандар мен көшпелі түркі тайпаларының дүниетанымдары мен дүние қабылдауларының жақындығының арқасында ғана Ислам түріндегі Жалғызқұдайшылық біздің халқымызға келіп, мәңгіге қалды. Монотеизм (жалғызқұдайшылық) теологиясы өркениеттің көшпенді түрінің мәдени мұрасы болып табылады. Бұл тарихи фактіні тәңіршіл топ түптеп келгенде дәлел ретінде қарастырмайды. Егер фактілер мен ғылым олардың тезистеріне қайшы келсе, тәңіршіл қауым «өздерінің сөздеріне жай сенуді» талап етеді. VIII ғасырдың ортасынан бастап Түркістан жеріне ислам дінінің келуімен түркі халықтарының арасында бұрын-соңды болмаған өрлеу мен даму басталды. Қалалар пайда болды, кітапханалар, ауруханалар, мешіттер, базарлар салынды... Өркениет пен мәдениет қарышты қарқынмен дамыды... Философия, логика, медицина, музыка, математика, астрономия, оптика, өнер, сәулет, музыка – бұның бәрі даму ренессансын бастан өткерді. Әлемдік масшатбтағы ғылымдар мен өнерлердің негіздерін салған біздің аймақтан шыққан ғалым-мұсылмандар – Ибн Сина, Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Әл-Бируни, Ұлықбек және тағы басқалар болды. Моңғол шапқыншылығына дейін Қазақстан аумағында жиырма алты қала болған. Олардың арасында көптеген сауда, саяси және мәдени байланыстар болды. Оның үстіне, бүкіл аймақ «жібек» керуен жолдары арқылы әлемдік экономикалық және мәдени жүйеге енген. Өзара мәдени байыту мен алмасудың тұрақты жаһандану процесі болды, өркениет өркендеді. Мұның бәрі ұланғайыр кең дала халықтарын надандық зұлымдығы мен пұтқатабынушылық тираниясынан азат еткен Жалғызқұдайшылықтың арқасында мүмкін болды.Кең дала адамының ақыл-ойы мен рухын библиялық пайғамбарлардың діні – Ислам босатты. Ақыл, жалғызқұдайшылық, әділеттілік – Құран әкелген әмбебап және жеңімпаз код. Құранның арқасында біздің халқымыз ортағасырлық мифтер тұтқынынан және ырымшылдық пен соқыр нанымның шынжырларынан құтылды, Құранның арқасында түркілер дамуда үлкен серпіліс жасап, қытайланудан құтыла алды, Құранның арқасында біз өз сәйкестігімізді жоғалтпай, Алаш арыстарының жолын әлі де жалғастырудамыз. VIII, XIII, XVIII ғасырларда солай болды, бүгін де солай болуы керек.
Екіншіден әрі үшіншіден, моңғолдар мен қазақтар әртүрлі халықтар. Бұл олардың арасындағы барлық дерлік салалардағы айқын айырмашылықтарда көрінеді: тілде, мәдениетте, этикетте, әдет-ғұрыптарда, салт-дәстүрлерде, жеке гигиенасы мәселелеріне деген көзқарастарда, тамақты таңдауда, қарттарға деген қарым-қатынастарда және т. б. Алайда, қазақтар мен моңғолдар арасындағы ең маңызды айырмашылық – олардың дүниетанымы. Жеке және ұжымдық дүниетанымды қалыптастыруда діннің ең үлкен рөл атқаратындығы белгілі. Моңғолдардан деген өзгелігіміздігі біз діни саналық тұрғыдан іздеуіміз керек. Біз жалғызқұдайшылармыз, олар – көпқұдайшылар. Біз монотеистерміз, олар пантеистер. Біз жеке, абсолютті, трансцендентті Жаратушы-Құдайдың бар екендігіне сенімдіміз, біз Оған тәуекел етеміз, Оған бет бұрамыз, өлгенімізден кейін , жаңа өмірде Оған қайтып ораламыз, біз тарихтың векторлық дамуына және Ғаламның ақырына сенеміз, адамның жеке жауапкершілігіне және ерік-жігер қасиетіне сенеміз, біз Жақсылық жасап, Жамандыққа қарсы тұрамыз, біз адамды Құдайдың Жердегі өкілі әрі лайықты жаратылысы деп санаймыз, біз Заңды ұстанамыз және Өсиетке адалмыз, біз барлық Кітап иелерін ең басты мәселеде – Бір Құдайды мойындауда – пікірлестеріміз және бауырларымыз деп білеміз , біз әлем халықтары мен жеке тұлғаларды олардың өнегелік және моральдық деңгейіне қарап бағалаймыз, біз адамдарды түсі, жынысы, діні, мәдениеті негізінде бөлмейміз. Тәңіршілдердің насихаттайтын дүниетанымынан біздің басты айырмашылығымыз осы. Тәңіршілердің дүниеге деген көзқарасы – тибеттік ламалардың фаталистік және пассивті тұжырымдамасы, қытайлық даосистердің антирациональды философиясы мен психопатиялық бақсылардың наным-сенімдерінен қою қылып иленген жан түршігерлік және қарама-қайшылыққа толы сандырағы. Бұл улы қайнатпа қазақ қоғамына жасанды патриотизм мен псевдоғылыми шатпақтан жасалған ыдыста ұсынылады. Тәңіршілер қазақтарды кішігірім және табынуға ыңғайлырақ құдайлар, рухтар, жын-шайтандардың сансыз тобының жоғарғы құдайы-бастығы ретінде қытайлық тұлғасыз мәңгі көгілдір аспанға сенуге шақырады. Ақыр соңында, қазақ сол аспанның көгілдір толқынында еріп кетуі тиіс. Тәңіршілдер адамнан барлық жауапкершілікті алып тастайтын және монотеистік моральдық этика негіздерін өлтіретін карма мен реинкарнация сияқты жат индуистік идеяларды қазақтарға ата-бабалары жоғалтқан даналық ретінде ұсынады. Вавилон астрологиясы (шыны керек, әуесқойлық деңгейде) тәңіршілдер тұжырымдамасында бәрін білетін және бәрін түсіндіретін тәлімгер рөлін атқарады.
Шыңғысхан қысқа мерзімге біріктірген түркілер мен моңғолдар арасындағы текетірес ешқашан тоқтаған емес. 1227 жылы Ұлы Хан қайтыс болғаннан кейін оның Йекэ Монгол Улус империясы (моңғолдардың Ұлы империясы) іс жүзінде лезде екіге бөлінді: Жошы (Алтын Орда) мен Шағатайдың түркі-исламдық ұлыстарына және моңғол-пұтқатабынатын Юань Империясы мен Ильхандар (Хулагу) мемлекетіне. 1271 жылы илхан сұлтан Махмуд Газан-хан Ислам дінін қабылдап, хулагуидтік Иранды мұсылман әлемінің бір бөлігі етеді. Моңғол элементі, әсіресе мәдени мен діни салада, іс жүзінде болмаған. Енді Бату ханның інісі мен мұрагері Берке хан кезінде, исламды бүкіл Алтын Орданың ресми діні қылуға әрекет жасалынды, нәтижесінде Алтын Орданың шығыс бөлігі – Көк Орда ғана толығымен исламдандырылды. Ақ Ордада (Алтын Орданың батыс бөлігі) ислам жай көпшіліктің діні ғана болды. 1312 жылы Алтын Орда толығымен исламдық болды. Берке ханның өзі Исламды ерте қабылдаған, нағыз мұсылман болған, мұсылман сұлтан Бейбарыспен одақтасып, моңғол ханы Хулагуға қарсы соғысқан. Шыңғыс ханның бұрынғы державасының басқа бір бөлігі, Хулагу ханның, Моңғолияның өзі мен Қытай аумағын қамтыған, Юань империясының мәдени-діни құрамы тек моңғолдық пен пұтқатабынушылықтан тұратын.
Мысалы Қытай билігі тәңіршіл Шыңғыс ханның оң қолы және қолбасшысы руы жалайыр болған Мұқалиді өте қатты дәріптейді. Сол үшін «Мұқали» атты арнайы экспедиция жасақтап Мұқалиге ескерткіш орнатып,Гобан деген атақ-статус берген.Қытайлықтардың Шыңғыс ханды ұлықтауы өз алдына, тоз-тозы жетіп ыдыраудың шегіне жеткен қытайдың Юань империясын , Шыңғысхан-Мұқали нығайтып біріктірді деп аса құрметтеулері бізді ойландыруы тиіс.
Бұндай тарихи іс-шаралар қандастарымызға жүйелі түрде геноцид жүргізіп жатырған қытай қызыл компартиясының мүддесіне сай келетінін ұмытпауымыз керек.
Дәл осы пұтқатабынушылық дінді тәңіршілдер түркілердің байырғы діні деп өтірік айту арқылы насихаттауда. Алтын Орда – түркілер мен мұсылмандардың державасы болды, оның қытай-моңғол мәдениеті мен дініне ешқандай қатысы болған жоқ. Біздің халқымыздың тарихы, дүниетанымы, менталитеті, мінез-құлқы, ойы, өткен шағы, осы шағы мен болашағы жуынбайтын бақсылардың залымдығымен емес, Монотеизмнің Ұлы Өркениетіне қатыстылығымен анықталады әрі анықталатын болады! Пұтқатабынушылықтың елімізге басып кіруін біз жұмылып бірге тоқтатуымыз керек!
Біз моңғолдар мен қытайлардан барлық жағынан ерекшелендік әрі қазір де ерекшеленеміз: тіл, жазу-сызу, өнер, сенім, мәдениет, дәстүр, мінез-құлық. Мұны түсіну үшін моңғолдар мен қытайларды олардың табиғи ортасында жай ғана бақылап көру жеткілікті . Айырмашылық көз алдыңда болады.
Біз бен моңғолдар арасындағы жалғыз-ақ байланыс, бұл – Шыңғысхан негізін салған мемлекеттік басқару жүйесі. Алайда, аяғына дейтін объективті болсақ, Шыңғысханның шын мұрагері болып осы жүйені қабылдаған және оны ұзақ мерзімді перспективада пайдалы түрде қолдана алған Ресей империясы ғана бола алады.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, біз неопұтқатабынушы-тәңіршілердің қытай-моңғол-тибеттік діни дәстүр мен культті қазақтардың мұрасы деп көрсету әрекеттерін мәдени агрессиялық акт деп санаймыз. Біз өз халқының тағдырына бей-жай қарамайтын барлық адамдарды осы жасырын интервенцияға азаматтық қарсылық көрсетуге шақырамыз.
Тәңіршілдік деп аталатын идеология, бұл – артқа қайту және уақыт өлшемінде бүкіл дәуірге шегіну, толықтай капитуляция мен тізе бүгу. Тәңіршіл аз ғана топтың тұжырымдарында логика мен жүйені іздеу құр бекер, себебі онда олар мүлдем жоқ. Тек қозған қиялдар, комплекстер және жүзеге аспаған амбициялар ғана осындай нәрсені тудыруы мүмкін. Әрине, әркімнің өз пікіріне деген құқығы бар, алайда бұл пікір ұлттық қауіпсіздікке, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге, экономикалық өркендеуге және елдің ғылыми дамуына қауіп төндіретін болса, онда қарсы шаралар мен осы қауіпті идеологияларды бейтараптандыру қажет. Тәңіршілдердің көшпенді-дала адамдары,яғни қазақтар басқа халықтардан, тәңіршілдік Исламнан, түркілер семиттерден артық деген идеяларын тарату, зорлық-зомбылық культін және т.б. насихаттау ішкі азаматтық жанжал үшін қолайлы жағдай туғызады. Азаматтық соғыс кез келген қарқын деңгейінде міндетті түрде мемлекеттіліктің күйреуіне және жалпы ұлттық хаосқа апарады. Қазақтардың онсызда ұлттық сәйкестігі жойылып, халқымыздың қарапайым тіршілігіне қауіп-қатер төнеді. Неотәңіршілердің идеологиялық сандырақтары тыңдаушының санасына есірткілік әсерін тигізеді.
Біз тәңіршіл топтарға кеңес бергіміз келеді: құрметті мырзалар, кез-келген саяси риторика діни немесе псевдодіни доктринаның жалғасы болып келеді. Саясат мәдениетті емес, мәдениет саясатты билейді. Билік қандай болса да, ол, ең алдымен, қоғамдық құрылыстың элементі ретінде өмір сүреді және оның идеологиясы, ең алдымен, ұлттық мүдделерді басшылыққа алуы керек…
Сондықтан да халықты құтқаруға талаптанатын адамдар ең бастысы өздерінің дүниетанымы мен моральды-өнегелілік бағдарын анықтау керек!

Соңы. Басы өткен сандарда

Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Тұрарбек Құсайынов,

"Демос" ҚБ төрағасы

 

Пікірлер