Мұхтар Мағауин. Жандайшап

6831
Adyrna.kz Telegram
Жазушы Мұхтар Мағауин. Сурет magauin.com сайтынан алынды.
Жазушы Мұхтар Мағауин. Сурет magauin.com сайтынан алынды.

Екі арадағы төтенше, берекесіз, пəтуасыз дамай саябырсыған соң, бізге қарсы тағы бір сүреңсіз толқын көтерілген кезде, енді жазсам ба, жазбасам ба деп, əжептəуір іркілдім. Соншама мəнсіз. Мен үшін. Анығы – біздің парасатты қауымға қажеті болмаса да, жекелеген желбегейлер мен жалбағайлар емес, көпшілік жұртымызға керекті, көз ашпаса да, кейбір көлденең жағдаяттарды айқындайтын, қажетті лепес екен.

Сонымен, құбатөбел, орташа ғана шимайлар арқылы ешқандай бөгетсіз көтеріле келе, қазақта бар сыйлық, марапат, темір-терсек атаулыны түгелдей жинастырып біткен жəне кейінгі, егемен өкіметіміздің өзара жалғас екі президентінің отыз бірдеңе жылдық тынымсыз қолдауы арқасында шалағай-шолақ бір-екі кітабы шет тілге аударылған, енді соның буымен өзін қазақ əдебиетінің алып тұлғасы сезініп, астам, бейпіл сөйлей бастаған Д.Исабековке қайтып ораламыз. Бұдан бұрын жандайшаптың неше түрін көріп, танып, кейбірі туралы ашыла сөйлесек те.

Ел-жұртымыз ұмыта қоймаса керек. Бұл түйсіксіз жандайшаптардың таңдама тобы республика президенті болып тұрған Нұрсұлтан Назарбаевты бүткіл адамзат нəсілін топан тасқынынан аман алып қалған Нұқ пайғамбарға теңеді, қарауындағы халқын күнə мен пітінəдан арылтып, шөл мен құмда қырық жыл жетелеген Мұса пайғамбармен шендестірді, Ғасыр Ғұламасы, тарихта бұрын-соңды болмаған данагөй саясаткер, кемеңгер басшы деді, тіпті, Еуразияны қайта құрған Шыңғыс ханға теңестіргені тұрыпты, бүткіл жер-əлем осындай ғаламат тұлғаның дүниеге келуін елбірей күтіп отырды деп толғағаны да бар. Санап түгесе алмайсыз. Яғни, бүгінде жарамсақ екіжүзділік, пайда қуған кəсіпкерлік таң емес. Ал мынау Д.Исабеков деген соның бəрінен өзгеше көрініс беріпті. Бұрнағылар жалпылап айтатын, шіреніп тұрып тулақ болатын, кеудесін кере отырып, табан жалайтын. Ал солардың бəрінен озғын шыққан, тəжірибелі, сұңғыла Д.Исабеков жаңа бір тəсілдер мен амалаттар тапқан екен.

Бұрнада Н.Назарбаевтың алдамшы сайлау науқандарын ұйымдастыратын сенімді ресми өкілдер санатында белсеніп, арасында еппен жағына жүріп қатарынан озып, алтын салпыншақ, гаухар шытыралы «Елбасы, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне қол жеткізсе, енді екінші президент тұсында көп жұрт уақтылы аңдамаған жаңа бір тəсілдер тауып, Алтын Жұлдызды омырауына тақты. Мейлі, Сексен өтірік М.Шахановтан соң қадірі кетіп, бар қасиетінен айрылған, шартты марапат екен дейік. Қайткенде ең жоғарғы шен. Жөн-ақ. Салтанатқа жалғас арнайы сұхбатында мейлінше қуанып, ризашылық білдіреді. Əлбетте, жарылқаушысына алғыс емес, өзінің ерекше талайына масаттық. Хош делік. Енді, дəп осы атаулы сұхбатында, тілшінің: «Мына алда тұрған президент сайлауында кімге дауыс бересіз?» – деген бейкүнə сұрағына бірден-ақ кергіп, жүрдім-бардым жауап беріпті: «Кімге дауыс беретінімді əлі шешкем жоқ», – дейді (Неге.кз, 10.ХІ.2022). Уа, пəлі!.. Неткен батылдық!

Бұрнағы 98 болмаса да, ендігі 89 пайыз осы Д.Исабековтың жалғыз дауысына қарап тұр екен. Қарап тұрмаса да, айтып қалу керек екен. Мен – ешбір сыйлық, марапатқа сатылмайтын, ақжарма, алпауыт тұлғамын, демек.

Бұдан соң, келесі бір лепесінде одан əрмен кетеді. «Біздің кемемізде капитан жоқ!» Бұл – жалпы тақырып. Ішінара, тереңдей, таратып айтқанда нақты жазыпты: «Біздің еліміз үлкен бір бизнес корпорациясы секілді. Мемлекетті ел басшысы, ал ұлтты əдебиет пен өнер танытады... Біздің кемемізде капитан жоқ! Желдің бағытын күнібұрын білетін адам ғана кеменің капитаны бола алады. Заңсыз мемлекетпіз... Халқымыздың санасы əрі-тəрі...» Жəне тағы қаншама кінəрат (Əдеби портал, 13.VІІ.2023).

Олай емес, былай деп таласпайық. Алайда, бұл арада нақты бір адам – республика президенті Қ.Тоқаев туралы сөз болып отыр. Бұл кісіміз Қазақстанды басқаруға жарамсыз екен...

Орынды ма, орынсыз ба, дəлелді ме, дəлелсіз бе, кез келген тұлға, тіпті, мемлекет басшысы туралы əрқилы пікір айтылып жатуы табиғи жағдай. Қазақстанда емес, демократиялық құрылымдағы шет жұрттар үшін. Ал біздің ортада мүлде шетін жағдай. Д.Исабеков республика президенті Қ.Тоқаевті мүлде жарамсызға шығарыпты. Неткен көзсіз ер! Қарап отырсаң, əуел бастан-ақ өкіметке жақтас жəне бейбіт бағдардағы жалтаң жазушымыз ашық оппозицияға шыққан екен деп ойлайсың. Біреулер тіксінуі мүмкін, біраз адам «ой, сабазым-ай!» деп риза болып жатуы да. Соншама мадақ пен марапатқа сатылмапты. Енді ел тағдыры үшін мəнді мəселелерді жалпы жұрт назарына ғана емес, ең жоғарғы билік құлағына да жеткізбек. Халықтың көкейіндегі сөзді. Ой, жарайсың! Қазақтан да бір батыр шыққан екен!..

Арада ай өтсін. Əлде қырық күн. Əйтеуір, жаңа, 2024 жылдың басы. Д.Исабеков кезекті, бұл жолы бір жарым сағатқа созылған, жан-жақты сұхбатымен көпшілік алдына шығады. Əрқилы сайтта неше қайтара жарияланды. Толықтай, кейде белгілі бір үзінді ретінде. Не түрлі қызғылықты тақырыппен: «Мұхтар Мағауинге жауап», «Əлі тасталқаныңды шығарамын!», «Шетелде жүріп түк бітірмеді», «Ағылшын тілінің ортасында жүріп түк бітіріп жатқан жоқ», «Солженицын бола алмайсың», «Екеуіміз татуласқаннан не пайда», тағы тағылар. Рас, көп Мағауиннің арасында «Əуезов пен Сəтбаевты кім өлтірді» деген де тақырып бар. Анық, өлтірген – біз емес. Əйткенмен, Д.Исабековтің бар қаһары бізге қарсы бағытталған сияқты. Ашу буған, əлденендей орынды уəж айтудың амалын таппаған құрғақ кіжіну, қанша тармақ қисынсыз айып – айналып келгенде өзіне келіп тиетін бөстекті, тұрпайы сөздер. Жауап қайырып жатудың өзі артық. Өйткені, ММ – бұрнағы сұмдықтарға жалғас, көрнекі фон ғана. Бас кейіпкер, шын герой – қазіргі заман қаһарманы, республиканың бүгінгі президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екені аңдағайлап тұр.

Күні кеше ғана жоқ еді ғой. Бар болса да есеп емес. Біздің Қазақстан аталатын алып кемеміз желдің ығы, судың ағысын нақты аңдайтын капитансыз қалған. Енді міне! Баяғы Ньютонның басын жара жаздаған көк алма. Тарс етіп, тура шекеге тиді. Д.Исабековтің санасы бірден ашылып, айнымас, тура жол туралы ғаламат жаңалық аян болыпты. Бар екен! Қазақстан аталатын алып кемені қандай да қиындық, күрделі жағдайдан қалтқысыз алып шығатын абыройлы, зор міндет маңдайына жазылған көріпкел, данагөй капитан – қазіргі президентіміз екен. Иə, Қасым-Жомарт Тоқаев! Уһ!.. Ура!.. Шүкір тəуба деп ентігімізді басып, əрең тыныс таптық. Д.Исабековтің өзі əкеп түсірген, бізде жөн білетін жолбасшы жоқ деген сиқырлы шеңберден əрең шықтық. Сөз құдіреті деген – осы.

Десе де. Əлдекімдер дау айтуы мүмкін. Мүлде орынсыз. Қала, қалама, республика президентін аяқ астынан ауыстыра алмайсың ғой. Сондықтан, арыдағыны қойып, дəп бүгінгі күннен жақсылық күткен жөн. Сын жəне мін демейік, қандай кеңес береміз? Біз ойланып болғанша, Д.Исабеков бəрін де шешіп қойыпты. Түпкілікті қаулы болмаса да, ұтымды ұсыныс. Айқын, жəне нақты. Кешегі Н.Назарбаевтан құтылдық, ендігі өміріміз ғажайып болады. Тек «халық сыйлаған бүгінгі президентіміз Қ.Тоқаев» осы жетіжылдық мерзім аяқталған соң, екінші жеті жылдыққа қайыра бекуі шарт. Тұтас он екі айға созылған шиыртпақ, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – осы. Қ.Тоқаев «халықтың қалауымен» екінші қайтара сайланады, ал Д.Исабеков екінші Жұлдызға жетуі керек! Бəлкім, қазіргі президентіміз Д.Исабеков жəне оның жандайшаптық жолына түскен тағы бір қайраткерлер үшін алтынмен апталған, жақұт көзді «Екінші президент...» дейтін жаңа бір орден тағайындар...

Болды, біздің де бар сөзіміз тəмам. Десе де, қажетті бір анықтама. Бұл Д.Исабеков деген кім? Қайдан шыққан, қалай жеткен? Амал жоқ, айтуға тура келді.

Бұрнада, совет заманында қалыптасқан тəсіл. Ешқашан ешқайда бұра тартпайтын, өкімет айтты, біз мақұл, əлдебір орташа қаламгерге таңдау түсетін. Орайсыз атақ, алдамшы абырой, ұшпалы марапат – əлгі кісіні өз тобынан оздырып, аспанға көтермек. Содан соң, мұрны тесілген бұйдалы тайлақ сияқты, алай бұр, бұлай бұр, қайткенде соған орай еселі сыбаға: сұрқай, құнсыз кітаптарын топтап басады, бар жағдайын жасап, арнайы тапсырмамен басқа тілдерге аудартады, жаппай мадақтатып, əулиеге теңгеріп қойғызады. Сырттай қарағанда, басына бақ қонған сияқты, шын мəнісінде бұрнағы бары – орташа деңгейінің өзінен айрылып қалған. Ал өкімет пен партияға жағыну, осы тараптағы түйсіксіз жандайшаптық – жылтым сөзі мен жиренішті ісі – оның бар болашағына – тіршіліктегі ғана емес, одан кейінгі де адамдық абыройына көлеңке түсірмек. Менің жазарман бауырым Дулат Исабеков те дəп осындай трагедияға ұшырап отыр. Жаның аши ма? Жоқ. Өзі тілеп алған тағдыр. Жəне үлгілі сабақ. Кейінгі балалар үшін. Қайткенде, адал жолдан айнымау керегін əйгілесе керек.

Ал Д.Исабеков осы бетімен кетті. Күні кеше, Назарбаевтың жасанды сайлау науқандарында ресми өкіл ретінде адал қызмет атқарған, осы жəне басқа да еңбегіне орай сом алтын сөлкебай, гаухар көзді «Тұңғыш президент. Елбасы» орденін иеленген қайран заман ұмытылды, алғыс тұрыпты мен Назарбаевқа қарсы күресіп едім деп жүр. Біріншіден жеріп, Екіншінің ығын алды, бірақ күні ертең, əлдене қиғылық заман туса, тіпті бейбіт күнде билік мерзімі аяқталса, осы Қ.Тоқаевтың өзін төңкеріп тастап, жай ғана тастамай, қаралап сөгіп, келесі, Үшінші президенттің қасынан шыға келері күмəнсіз. Жандайшап қандай да қиын жағдайдан жал табады. Бұл да өнер. Сирек талант.

Бағана тəмам деп едік. Айтар уəжіміз бітпегенмен. Енді тоқтайық.

Тек бір ғана сөз. Біз «Қырық өтірік Тазша баладан озған, Сексен өтірік суайт» – деп ең соңғы бағасын айқындаған М.Шаханов көбіне көп өзін өзі мақтаумен шектелер еді. Енді, қайткенде Қырыққа жеткенімен, Сексеннен алыс Д.Исабеков бар өтірігін басқаны қаралауға, жала мен жамандыққа арнайды екен. Бізге таққан айыбы мен кінəсі үстін-үстін. Жауапсыз, тежеусіз, лекіте берген, соншама былапыт ауыз. Таратып, талдап жауап қайырудың өзі жалғаншыға құрмет есепті болар еді. Түптеп келгенде, бар сөзі айналып өзін тауып жатыр. Əйтсе де, сол көп жаланың ең жеңіл біреуіне тоқтала кету қажет сияқты. «Жұлдыз» журналын жиырма жыл басқарды, сонда үнемі өзін мақтайтын мақалалар бастырып отырды, депті. Біршама уақыт республикадағы ең басты əдеби журналға жетекші болғанымыз рас. Аз-кем емес, екі жүз он тоғыз санын қолымыздан өткеріппіз. Əрқайсы өз заманының əдеби шежіресі есепті, антологиялық екі жүз он тоғыз кітап. Атап айтайық, осы он сегіз жыл, үш жарым ай – екі жүз он тоғыз кітаптың ешқайсында біздің шығармашылық қызметіміз туралы бір де бір мақала басылған емес. Оны аз десеңіз, ағымдағы əдеби сында, зерттеу еңбектерде бірер ауыз сөз тұрыпты, жұрт қатарлы атымыз аталмайтын. Жігіттерге ескертіп қойғам, өзім де қадағалап отырам. Журнал бетінде мен жазушы, əдебиетші ретінде ешбір тізімге енбегем. Тек бір-ақ рет, марқұм профессор Бейсенбай Кенжебаев туралы мақалада ұлы ұстаздан тағлым алған шəкірттер қатарына аталып едім. Ешқандай анықтамасыз, жалпы санамада. Бұл жерде түсіп қалудың реті жоқ. Мен ешқашан мадақ атаулыға зəру болмаппын. Өзіме сенем, кеудем жоғары, бұдан артық не керек. Ал «Жұлдыз» журналының бірінші бетінде «Бас редактор – Мұхтар Мағауин» деп жазулы тұр. Мен үшін айрықша мəртебе. Айтқам, əдеби ортадағы ең жоғарғы қызмет – журнал басшысы болдым деп.

Осымен тоқтайық. Қанша айтсаң да, жалақор мен жандайшапқа дауа жоқ. Дауа бар – біздің үзік-үзік, амалсыз жазбаларымыз емес. Д.Исабековтің өзінің ешбір қисынсыз, ұбақ-шұбақ, пəлеқор, жалған сөздері. Жəне жалалы істері. Бар өтірігі бізбен ғана шектелмесе керек. Тексере қараған жұрт мұндай сорақының талайын табуға тиіс. Өзгесін айтпағанда, «Жазушы» баспасының директоры кезінде, қайырымдылық қызметі үшін «Бибі-Ана» аталған, өзгеше тағдырлы қаламгер Бибігүл Иманғазинаның, жаңа романын бастыру үшін артығымен түсірген қыруар ақшасын жеп қойып, ақыр түбі жұрт алдында қалай масқара болғаны. Еселеп өскен шығынды төлей алмай, қызметінен кеткені. Күні бүгінде интернет бетінде тұр. Қазақ айтқан, «Нəжісті түртсең, саусағың былғанады», деп. Біздің де бақайымызға бірдеңе жұққан сияқты. Амалсыз іркілеміз. Дəп осы реттегі бар сөзіміз тəмат-тəмам.

 

17-19.ІІ.2024, Кемер, Түркия

 

Бұл мақала жазушының magauin.com жеке сайтынан алынып жарияланып отыр. Мақаланы көшіргенде түпнұсқаға сілтеме жасау міндетті.

 

 

 

 

Пікірлер