АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты нақты, ресми жоспарының болмауы еуропалық саясаткерлердің алаңдаушылығын тудырып отыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Reuters агенттігіне сілтеп.
Агенттік мәліметінше, Трамп әкімшілігінің өкілдерімен кездескеннен кейін еуропалық саясаткерлер АҚШ-тың бұл мәселеде нақты стратегиясы жоқ деген қорытындыға келген. Олар Ақ үйден бір-біріне қайшы мәлімдемелер естіп отырғанын, бұл ортақ жоспардың жоқтығын көрсететінін атап өтті.
Украина президенті Владимир Зеленский де Трамп әкімшілігінің ресми жоспарының жоқтығын растады. Ол қазіргі уақытта тек бейресми ұсыныстар мен жарияланымдар бар екенін, бірақ ресми келіссөздер мен нақты нәтижелердің әлі де күтіліп отырғанын мәлімдеді .
АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц NBC телеарнасына берген сұхбатында, жақында АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері Еуропаға барып, Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздер өткізетінін мәлімдеді. Дегенмен, нақты жоспарлар мен келісімдер туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ .
Еуропа елдері де өз тарапынан түрлі ұсыныстар мен бастамаларды қарастыруда. Мысалы, Франция мен Польша Украинаға 40 мың жасақтан тұратын бітімгерлік күштерін енгізуді ойластыруда. Бұл бастамаға Мәскеу үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр.