"Біреуді қорлаған жазбаға лайк басу - күнә". ҚМДБ кибербуллингке қатысты пәтуа шығарды

196
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚМДБ
Фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы (ҚМДБ) кибербуллинг пен қорлаудың кез келген түріне шариғат тұрғысынан қатаң тыйым салынатынын мәлімдеп, арнайы пәтуа шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

ҚМДБ хабарламасында әлеуметтік желіде немесе ұялы телефон арқылы жалған ақпарат тарату, балағаттау, қорлау, тіпті кибербуллингке қатысып, «лайк» басу сияқты әрекеттер күнә іс ретінде бағаланатыны айтылған.

«Кибербуллингке және буллингтің кез келген түріне шариғат тұрғысынан қатаң тыйым салынады. Әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы жалған ақпарат тарату, оны бөлісу, сондай-ақ біреуді балағаттап, қорлап жазба қалдыру және оған ортақтасып «лайк» басу – күнә іс.Біреудің жеке жазбаларын, суреттерін, бейнежазбаларын шығарамын деп қорқыту, біреудің дінін не мәдениетін кемсіту және т.б. кибербуллингтің түрлеріне тыйым салынады», – делінген ҚМДБ хабарламасында.

ҚМДБ өкілдері мұндай әрекеттердің адамдардың ар-намысына зиян келтіріп, қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін екенін ескеріп, әрбір мұсылманды жауапкершілікке шақырды.

«Қорлау, жалған ақпарат тарату, адамды кемсіту – Ислам дінінде ауыр күнә. Әрбір адам өзгеге құрметпен қарап, әділдік пен ізгілікке ұмтылуы тиіс», – делінген мәлімдемеде.

Пікірлер