Көкшетауда Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» форумы өтті.
Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. Ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Ассамблея ардагерлері және аға буын өкілдері қатысты.
Облыс әкімі қатысушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Марат Ахметжанов Қазақстанның бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігін, достық пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін бірегей институт екенін айтып, Ассамблея мүшелеріне және көпұлтты қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
«Ақмола облысындағы этномәдени бірлестіктер де ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта отырып, ел бірлігін бекемдеуге зор үлес қосты»– деп атап өтті М. Ахметжанов.
Іс-шара барысында этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелері марапатталды. Олардың қатарында Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагерлері Амангелді Сыздықов пен Жамұл Мұсханов бар.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін ерекше алаң. Бірлік пен келісім – еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуіміз керек»,– деп атап өтті ол.
Форум өңірдің шығармашылық ұжымдары қатысқан концерттік бағдарламамен аяқталды.
Айта кетейік, Ақмола облыстық Ассамблеясы құрамында 40-тан астам этномәдени бірлестік, 104 аналар кеңесі, 21 ақсақалдар кеңесі бар. Сонымен қатар, өңірде ғылыми-сараптамалық топ, медиация кабинеті, журналистер клубы, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік өкілдігі, мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы, кәсіпкерлер қауымдастығы жүйелі түрде жұмыс істейді.