5 сәуір күні Көкшетау қаласында он екі аудан шаруаларының қатысуымен ауқымды жәрмеңке өтті. Таңертеңнен «Тәуелсіздік» алаңы мерекелік көңіл-күйге толды. Жәрмеңкеге ағылған халық төмен бағада, сапалы өнім алуға асықты. Ауқымды шара Ақмола облысы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге Аршалы, Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Есіл, Ерейментау, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Көкшетау және Қосшы қалаларынан келген ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін әкелді. Әр өңірдің дәмі мен еңбегі жәрмеңкенің сәнін келтірді. Ұсынылған өнімдердің көлемі 100 тоннадан асты. Бағасы нарықтағыдан 10–15% арзан.
«Басты мақсат — халыққа сапалы өнімді еш делдалсыз, тиімді бағамен жеткізу. Бұл жолы жас малдың еті молынан әкелінді. Сапаны ветеринарлық қызмет қатаң бақылап отыр. Бұл шара – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандырудың нақты бір қадамы», — деді облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.
Қосшы қаласындағы «Il TOV» ЖШС-нің өкілі Меруерт Гуманова балаларға арналған, тез әрі оңай дайындалатын жартылай фабрикат өнімдерін таныстырып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, 30 жылдан бері табиғи бал өндірумен айналысып жүрген Аршалы ауданының тұрғыны Павел Рубосол да өз өнімдерін жәрмеңкеде ұсынды. Оның хош иісті, табиғи балдары түрлі өңірлерде жоғары сұранысқа ие болып үлгерген.
«Мен осындай ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізбеуге тырысамын. Біздің өнім сұранысқа ие. Бағасы да тиімді», деді ол.
Жәрмеңке тек сауда орны ғана емес, нағыз мәдени шараға айналды. Алаңда орнатылған сахнада жергілікті өнерпаздар ән шырқап, көрермендердің көңілін көтерді. Қазақтың әуезді әндері мен халық күйлері шырқалып, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Жәрмеңке өте жақсы ұйымдастырылған. Тікелей өндірушіден төмен бағамен сатып алу бұл халыққа үлкен көмек. Еттің бағасы басқа жерлерге қарағанда әлдеқайда арзан. Өзім ет алуға арнайы келдім. Осындай шаралар жиі болып тұрса екен», деп алғысын жеткізді қала тұрғыны.
Ұйымдастрыушылар Көкшетауда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде қала тұрғындарына сапалы, қолжетімді өнім ұсыну арқылы, халыққа деген шынайы жанашырлықты көрсетті.