Ақмола облысында күннің күрт жылынуы және нөсер жаңбыр су тасқынына түрткі болды. Басты назар Бұланды ауданына ауып отыр. Алайда, жауапты қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында жаппай су тасқынына жол берілмеді. Ағын су көшелер мен үй аулаларына жайылғанымен тұрғын үйлерге жетпеді.
Қарғын судың көп мөлшері Макинскі қаласында байқалады. Қала еріген қар суының көлеміне төтеп бере алмады, арықтар суға толды. Арнайы техника және кезекші топтар-коммуналдық қызметкерлер, құтқарушылар, жергілікті билік-үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Су сору жұмыстары жүргізілуде, инертті материалы бар қаптар төселуде. Жағдай тұрақтануда.
Иванковка ауылында ағын судың екпіні күшті болғаны соншалықты, кіреберіс көпірден асып тасыды. Су жолға жайылғанынмен, одан ешкім зардап шеккен жоқ.
«Су тұрғын жай аймағына жеткен жоқ. Өткен жылы 41 отбасы қоныс аударды. Су жайылған аумақтарда адамдар тұрмайды. Сол себепті, қауіпте жоқ. Бөгеттердің бұзылуы да болған жоқ. Бұл туралы тарап жатқан ақпарат жалған», — деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Боқсық өзенінің бойында шиеленісті жағдай жалғасуда. Журавлевка және Капитоновка ауылдарының аумағында судың өтуіне кедергі келтіретін мұз кептелісі болды. Жергілікті қызметтер жарылыс жұмыстарын ұйымдастырды. Су ағыны қалпына келтірілді, бірақ жұмыс жалғасуда. Тек бүгін 600 кг астам жарылғыш зат пайдаланылды. Мамандардың айтуынша, жұмыстар мұз кептелісі толық жойылғанға дейін жалғаса бермекші.
Су ағызу жұмыстары Прохоров-Колоколов су қоймасынан да жүргізіледі.
«Бөгет тұрақты жұмыс істейді. Жақын маңдағы ауылдарға қауіп жоқ. Байсуат ауылының ауданында айналма арнаны кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Ол облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша басталды, ол бір күн бұрын ауданға барып, бөгетті аралап, Бұланды және Астрахан аудандарының әкімдерімен кеңес өткізді. Жеті жүк көлігі мен екі тиегіш тартылды», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Қайрақты өзеніндегі Вознесенка ауылында су деңгейінің көтерілуі байқалады. Алайда өзеннің жағалаудан шығу қаупі жоқ. Өткен жылдың күзінде мұнда ұзындығы бір мың метр болатын жағалау сызығын нығайту жұмыстары жүргізілді. Наурызда жаңа көпір ашылды, соның арқасында ауылдан байланыс ажыратылмады. Су деңгейі үнемі бақыланып отыр.
Даладан ағып келген су Боқсық, Қайрақты және Мат өзендерінің табиғи арналары арқылы өтеді. Қажет болған жағдайда арықтарды тереңдету және кеңейту жүргізіледі. Жекелеген учаскелерде су үй маңындағы аумақтарға жақындағаны байқалады, бұл жерлер құм салынған қаптармен нығайтылуда. Барлық учаскелердегі жағдай нақты уақыт режимінде бақыланып отыр.
Өңірлік даму бөлімінің ақпараты бойынша, Бұланды ауданында су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамның 85 адамы, 28 бірлік инженерлік және су айдау техникасы, 34 мотопомпа және бір жүзу құралы жұмылдырылған. Жұмыстар үзіліссіз жалғасуда және жедел штаб пен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.
Аудандағы жағдай шиеленісті, бірақ бақыланатын болып қала береді. Қызметтер жедел жұмыс істеуде және қазіргі уақытта бірде-бір елді мекенге байланыс үзілген емес, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.