Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ер адам отқа оранған үйден 4 бала мен қарт әйелді аман алып шықты. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында болған. Шайзаданов көшесіндегі жер үйде өрт шыққан.
Оқиға орнына №25 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жеткенде дейін үй иелерінің көршісі Талғат Мүсірат көмекке ұмтылды. Ол терезе арқылы үйге кіріп, 68 жастағы әжені және 7, 5, 4 және 1 жастағы төрт баланы сыртқа алып шықты. Осылайша, 5 адамды өрттен құтқарып қалды.
“Көп ұзамай өрт сөндірушілер 30 шаршы метр аумақтағы қызыл жалынды толықтай ауыздықтады. Зардап шеккен ешкім жоқ. Алдын ала дерек бойынша өрттің шығу себебі - электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтамау”, - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.