"Акушер мамандығы бойынша білім алу". Талибанның қыздарға қойған шектеуі сынға ұшырады

169
Adyrna.kz Telegram
Фото: www.theguardian.com
Фото: www.theguardian.com

Тәліптердің әйелдердің медбике және акушер мамандығы бойынша білім алуына тыйым салуы сынға ұшырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы The Guardian-ға сілтеп.

Ауғанстандағы әйелдердің медбике және акушер мамандықтары бойынша білім алуына тыйым салу халықаралық құқық қорғау ұйымдары тарапынан «надандық әрекеті» ретінде сынға алынды.

Ресми түрде жарияланған жарлық болмаса да, жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл шешім «Талибан» денсаулық сақтау министрлігінің отырысында қабылданып, білім беру мекемелеріне таратылған. Кабул мен басқа да аймақтардағы студенттер мен оқытушылар сабақтардың тоқтатылғанын растады.

22 жастағы медбике студенті Сахар (есімі өзгертілген) бұл жаңалықты естігенде жылап жібергенін айтты.

«Бұл менің соңғы үмітім еді», – деді ол.

Герат провинциясындағы бірнеше студент әйелдер оқу орындарының жабылуына қарсылық білдіріп, губернатор әкімшілігінің алдында жиналып, «Білім алу – біздің құқымыз!» деп ұрандатты.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар бұл тыйымды сынап, әйелдердің білім алу құқығын бұзудың ауыр салдары болатынын ескертуде. Amnesty International ұйымының белсендісі Самира Хамиди бұл тыйымды «Ауғанстан әйелдері мен қыздарына жасалған соғыс» деп атады.

«Бұл шешім көптеген ауған әйелдерінің өміріне қауіп төндіреді. Елдегі мәдени дәстүрлерге сәйкес, әйелдер дәрігер ер адамға қаралуға бармайды. Ал әйелдерге медициналық білім алуға тыйым салу – әйелдердің денсаулық сақтау қызметіне қол жеткізуін мүлдем шектейді», – деді Хамиди.

Human Rights Watch ұйымының өкілі Хизер Барр бұл тыйымның ауыр салдары туралы айтты.

«Егер әйелдерге ер дәрігерлерге қаралуға және медициналық білім алуға тыйым салынса, онда әйелдер денсаулық сақтау қызметінен айырылып, салдарынан өлім-жітім көбейеді», – деді ол.

Пікірлер