Тәліптер TAPI құбыры құрылысын қайтадан бастағанын жариялады

292
Adyrna.kz Telegram
Фото: ariananews.af
Фото: ariananews.af

Ауғанстан аумағында TAPI магистралды газ құбырының құрылысы қайтадан басталды. Бұл туралы тәліптердің ресми өкілі Забихулла Муджахид ArianaNews басылымына айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Муджахидтің айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін қажетті техникалық жабдықтар Ауғанстан мен Түркіменстан арасындағы шекара аймағына жеткізілді, практикалық жұмыстар басталып кетті.

«Жобаның әр түрлі бөліктерінде көптеген мамандар жұмыс істеп жатыр, оның алғашқы фазасы алдағы екі жылда аяқталады», — деді Муджахид.

Сонымен қатар, ол жақын арада CASA-1000 жобасы — Орталық Азиядан Оңтүстік Азияға электр қуатын жеткізу желісінің құрылысы бойынша практикалық жұмыстар басталатынын қосты.

«Ауғанстан біртіндеп күшейіп, ел азаматтарына жақсы жұмыс орындары беріледі», — деп атап өтті Муджахид.

Сарапшылар да TAPI жобасының аймақ экономикасының дамуына маңызды рөл атқаратынын айтады. Құрылыс аяқталған соң 12 мың адам жұмысқа орналасып, елдің жылдық табысы 1 миллиард доллардан артады деп күтілуде.

Айта кетсек, 2018 жылы ақпанның 23-інде TAPI атымен белгілі болған Түркіменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан газ құбырының ауған жеріндегі құрылысы басталған болатын. Түркіменстанның ең ірі Галкыныш газ кенішінен жеткізілетін құбырдың түркімен-ауған шекарасына дейінгі 244 километрлік бөлігі тартылып болып, құрылыс алаңы сол кезде Ауғанстанға көшкен.

Жалпы ұзындығы 1814 километр деп есептелген жобаның ең ауқымды бөлігі де осы ауған жерімен өткізілмек. Ауғанстан бөлігіндегі құрылыстың ұзындығы 735 километрді құрайды. Одан кейін құбыр Пәкістан мен Үндістанды жалғастыруы тиіс.

Пікірлер