«Үкіметте бұрын жұмыс істеген азаматтарды қызметке шақыру керек»

1061
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында үкіметтің экономикаға қатысты саясатын сынаған. Президент жуырда үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетінін, сол кезде жаңа жоспарлар жасайтынын мәлемдеген еді. Алдағы жиында мемлекет басшысы үкіметке қандай бағытта міндет жүктемек?

«СӨЗ ЖҮЗІНДЕГІ ЖЕТІСТІК»

Президенттің айтуынша, үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жұмысында кемшіліктер бар екенін айтады.

«Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар. Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл – өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады», - деген ел басшысы. 

Айтуынша, жуық арада үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. «Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс», - деген Президент.

«4 ПАЙЫЗДЫҚ ӨСІММЕН МЕЖЕГЕ ЖЕТУ ҚИЫН»

Экономист Мақсат Халық Мемлекет басшысының үкіметтің сынауы өте орынды деп есептейді. Себебі сарапшы Үкімет президенттің тапсырмасын тыңғылықты орындап отырған жоқ деп санайды.

- Біріншіден, 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономикада төрт-ақ пайыз өсім болған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз болған. Демек, экономикалық өсім тежеліп жатыр деген сөз. Дәл осындай өсіммен президент қойған меже орындалмайтыны түсінікті. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 450 миллиард доллардан асыруды көздеген. Ал 4 пайыздық өсіммен президенттің айтқан межесіне жету қиын, - дейді экономист.  

Мақсат Халық сұхбаттағы экономикалық блоктың кемшіндігі осында деп есептейді.

- Себебі экономикалық блок «Жалпы ішкі өнім өсіп жатыр. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өсім де көтерілді» деп сандарды әдемі сөйлетеді. Бірақ та жан басына шаққандағы ішкі өнім көбейіп, 10 мың АҚШ долларынан жоғары болса, халықтың әлеуметтік жағдайы орташа табыстан жоғары болуы керек. Бірақ халықтың табысы неге көңіл көншітпей отыр? Себебі бізде сандық өсім қағаз жүзінде тамаша болғанымен халықтың табысы өсіп жатқан жоқ, - дейді экономист.

Ол бұл пікірін таратып түсіндіреді.

- Яғни, экономикалық өсім мен халықтың табысының арасында байланыс жоқ. Үкімет экономикалық өсімге тауарлардың бағасының шарықтауы мен инфляцияның арқасында қол жеткізіп жатыр. Ал бағалардың өсімі арқылы кез келген үкімет ешқандай бас қатырмай-ақ экономикалық қол жеткізе алады. Шын мәнінде инфляция төмен болып, керісінше халықтың табысы инфляциядан жоғары болып, өсіп отыруы керек. Сол кезде ғана халық Үкіметтің тиімді жұмыс істеп отырғанын сезеді. Себебі осындай жағдайда халықтың тұрмысы түзеліп, оның төлем қабылеті жақсарып, өмір сүру сапасы артады. Ал инфлияция жоғары болып, халықтың табысының өскенінен ешқандай пайда жоқ, - дейді экономист.

«ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ АРҚАСЫНДАҒЫ ӨСІМ»

Мақсат Халық елімізде импорттық тауарларға тәуелділік басым екенін айтады.

- Өкінішке қарай өзіміздің отандық өндірістің дамуы баяу болып тұр. Себебі Үкімет қандай отандық өндірісті қолдап немесе қандай өндірісті қолдамау керек деген дүниені әлі жасамады. Бұл – негізі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жұмысы. Ал аталған министрлік қай саланы қорғаймыз, қай саланы қорғамаймыз дегенмен әлі бас ауыртып жүр. Біріншіден, осының кесірінен нарықты қорғай алмаймыз, екіншіден, экономиканың өсімі сапалы көрсеткіштерге байланбаған. Өкінішке қарай осы үдерістер тұтастай Үкіметтің экономикалық блогының нашар жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Бұл аз десеңіз үкімет өткен жылы Ұлттық қордан рекордтық көрсеткіште аударым жасаған. Демек, үкімет ұлттық қордың арқасында ғана экономикалық көрсеткішке қол жеткізіп отыр, - деп санайды экономист.

Пайымдауынша, үкімет нәтижелі жұмыс істеуі үшін кадрлық өзгерістер болу керек. Бір қарағанда үкіметте жаңару болып жатқандай әсер қалдырады. Бірақ премьер-министр мен 2-3 министрдің ауысқанымен ешнәрсе өзгермейді. Негізі үкіметтің құрамы 70-80 пайызға жаңармай жақсы жұмыс жүргізу мүмкін емес.

- Екіншіден, бұрынғы жүйедегі азаматтардан өзгеріс жасайды деп күту - қисынсыз дүние. Министрлікте білікті кадр жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Мықты мамандар бар. Өкінішке қарай олар төменгі дәрежеде жұмыс істеп жүр. Солардың қызметін жоғарылату керек немесе жаңадан сырттан адамдар әкелу керек, - дейді Мақсат Халық.

Ол мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі 5 жыл болмаса да халықтың ішінен көшбасшы болып шыққан адамға мүмкіндік беру керек деп санайды.

- Осындай қадамға барса, халықтың үкіметке деген сенімі артады және олар шынайы іс-әрекеттер жасайды деп ойлаймын. Менің ойымша, үкіметке шаруашылық адамдары керек. Мысалы бұрын үкімет құрамында жұмыс істеген азаматтар бар. Бәлкім сол азаматтарды қызметке қайта шақыру керек шығар. Ол адамдардың тәжірибесі керек секілді. Себебі олар жоғары деңгейде жұмыс істеп көрген адамдар. Үкіметке «еліме қайтсем үлесімді қосамын» деген ниеті таза адамдарды тарту керек, - дейді экономист Мақсат Халық.

 

Пікірлер