Кем дегенде 16 адам қаза тапқан Жаңаөзен оқиғасы — Қазақстанның Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы 16 желтоқсанда болған трагедия. Биыл Жаңаөзен оқиғасына 13 жыл толып отыр.
Оқиғалар мұнай және газ саласында жұмыс істейтін «Өзенмұнайгаз» және басқа да кәсіпорындардың жұмысшыларының бірнеше айға созылған (жарты жылдан аса) ереуілінен басталды. Шеруге шыққан жұмысшылар жалақыны көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту, кәсіподақтың тәуелсіздігін талап етті.
2011 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында ереуілшілер қаланың орталық алаңында жиналған. Оның соңы күштік құрылыммен қақтығысқа ұласты. Ресми дерек бойынша, қақтығыс кезінде 16 адам қайтыс болып, 100-ден астам адам жарақат алған. Жаңаөзендегі оқиғаның куәгері болған журналист Өркен Жоямерген 2011 жылы 16 желтоқсан күні алаңға әділдікті талап етіп шыққандарға полиция оқ атып, көп адам ауыр жарақат алғанын айтып, баяндап берген.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін бұл туралы санаулы БАҚ тұрақты ақпарат таратты. Соның бірі - "Жас Алаш» газеті. Осы оқиғадан билік қандай сабақ алуы керек еді, неге олай болмай, былай болды – осы туралы «Жас Алаштың» кейбір мақалаларына шолу жасап көрдік.
«БҰЛ – ӨЗ ХАЛҚЫН СЫЙЛАМАУШЫЛЫҚ»
«Жас Алаш» газетінің 2011 жылғы №104 санында 2012 жылғы 6 қаңтар – Жаңаөзен мен Шетпедегі қанды қырғында қаза тапқан боздақтарды бүкіл халық болып еске алу күні ретінде бекіту талабын биліктің жауапсыз қалдырғанын көрсеткен.
«Маңғыстау облысындағы 2011 жылғы 16 желтоқсан күнгі қанды оқиғаны тексеру үшін құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия осындай ұйғарым жасады. Жаңаөзен мен Шетпеде күштік құрылымдардың бейбіт халыққа қарсы қару қолдану салдарынан ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақаттанды. Осы қасіретті оқиғаға байланысты қаралы күн жариялау жөніндегі жұртшылық талабын Қазақстан мемлекетінің басшылығы ескерусіз қалдырды. Бұл – өз халқын сыйламаушылық, халықтың қайғысына немкетті қараушылық», - деп комиссия мүшелері мұңын халыққа жеткізген.
Ал тәуелсіз комиссия мүшелігінде Болат Әбілев, Ғазиз Алдамжаров, Мұрат Әуезов, Ермұрат Бапи, Зәуреш Батталова, Ғаббас Қабышев пен өзге де адамдардың аты-жөні көрсетілген.
«БИЛІК ЕШҚАНДАЙ САБАҚ АЛМАДЫ»
«Жас Алашта» сол кезде журналист Меруерт Хусаинованың «Билік өз халқына автоматтың қарауылы арқылы қарауға дағдыланып барады» деген тақрыппен Болат Әбілевпен сұхбаты жарияланған.
«Тарихтың ащы тәлкегі кейбір кездері еріксіз таңғалдырады. Жоғары жақта 25 жыл бойына 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі туралы шындықты бүркемелеп, ондаған жылдар бойы еркін ойды тұншықтырды, газеттер жабылды, өзгеше ойлайтындар қуадаланып, кейбіреулері өлтірілді. Қайсыбір кезеңде болмасын, билік ол істерден ешқандай сабақ алмады. Барлық осы тізбектің жалғасы ретінде – Жаңаөзенде кезекті қайғылы оқиға болды. Қазақстанда жаңа «Желтоқсан көтерілісі» пайда болды, 16 желтоқсан мерекелік күнге емес, қаралы датаға айналды... Біздің мемлекетіміз барынша тиімсіз күйде тұр! Бұл биліктің негіздерін сыбайлас жемқорлықтың кеміріп, өмір сүруі «түсініктер» бойынша өтіп жатыр. Өйткені іске деген кәсіпқойлық пен адал қатынастар жағымпаздық пен итаршылықпен ауыстырылды. Өйткені бұл билік халықтың мұң-мұқтажынан өте алыс қашықтықта өмір сүріп жатыр. Егер естеріңізде болса, жаз айында полиция қызметкерлері Атырауда жас жігітті атып өлтіргенде, мен біздің биліктің қолы амандық-саулық сұрасатын қол қысушылықтан көрі, шүріппені басуға дайын тұратынын тілге тиек етіп, өз халқына автомат қарауылымен қарай бастағанына алаңдаушылық білдірген болатынмын. Мен сол жолы өзімнің қателескеніме қатты сенгім келсе ле, көңілімнің түкпірінде жатқан күдіктерім шындыққа айналды: «ілулі тұрған мылтық бәрібір атылды» - Жаңаөзен оқиғасы болды...» - деп саясаткер Болат Әбілев пікір білдірген.
«14 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ»
Ал ҚР Бас прокуратурасы 2012 жылдың 27 қаңтарында оқиғаға қатысты мәлімдеме таратқан. «2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ҚР Тәуелсіздік күнін Орталық алаңда мерекелеу барысында «Өзенмұнайгаз» мұнай өндіретін кәсіпорынның бұрынғы (жұмыстан босатылған) жұмысшылары бұзақы жастардың қолдауымен қирату, тонау, өртеу және бейбіт тұрғындар мен полиция қызметкерлеріне күш қолданумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздік жасады. Нәтижесінде 125 нысан өртеліп, бұзылып, тоналды. Қақтығыстардың нәтижесінде 64 адам атыс қаруынан жарақат алып, 14 адам қаза болды. Бұдан өзге екі адамның өлімі жаппай тәртіпсіздіктермен байланысты емес. 35 полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарын алды. Қазіргі кезде жаппай тәртіпсіздіктің 6 ұйымдастырушысы – Сақтағанов, Жарылғасынов, Ермұқанов, Досмағамбетов, Өткелов және Төлетаева анықталып, оларға Қылмыстық кодекстің 241-інші бабының 1-інші бөлігі бойынша айып тағылып, қамауға алынды», - деп көрсетілген прокуратура мәлімдемесінде. Бұл ресми мәліметті сол кезде көптеген БАҚ жариялап, таратты.
«ОҚ АТУ ДҮНИЕЛЕРДІ ТОНАУДАН БАСТАЛДЫ ДЕГЕН СӨЗ МҮЛДЕМ ҚИСЫНСЫЗ»
«Жас Алаш» газетінің 2012 жылғы 9 қазан күнгі №80 санында Жаңаөзендегі оқиғаның неден басталғаны туралы берілген түрлі пікірде дәйектер мүлдем басқаша сөйлейді.
«Жаңаөзендегі оқиға – қанды қырғын неден басталды?» атты материалда сол кездегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінен бастап, саясаткер, адвокат, жәбірленуші мен тәуелсіз журналистердің ойы жинақталған.
Елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікте отырған кезде:
«Бұл жұмысшылар мен жұмыс берушілердің арасындағы әдеттегі еңбек дауы болатын. Алайда оны өзінің қылмыстық мақсаттарын іске асырғысы келген арамза ниетті адамдар пайдаланып кетті. Қараңыздаршы, бұл оқиға кезінде бірден дүкендерді, банктерді тонаудан басталғаны неліктен?» - деп берілген экс-президент Назарбаевтың сөзі.
Осы тұста материалда жәбірленуші ретінде көрсетілген Жұлдыз есімді қала тұрғыны:
«Мереке болған соң, 16 желтоқсан, түске таяу бар жақсымызды киіп, алаңға бардық. Қасымызда құрбыларым болды. Біз алаңға жақындай бергенде тарс-тұрс дыбыстар шығып, у-шу болып кетті. Бастапқыда еш нәрсеге түсінбей, абдырап қалдық. Бізге қарай жүгірген жұртқа таңырқап тұрғанымда, жанымдағы құрбымның жандаусы шықты. Сөйтсек, анадай жерде оның ағасын полицейлер аяусыз тепкілеп жатыр екен. Жанұшырып сол жаққа қарай жүгірген оны аяған адам болмады,» - деп пікір білдірген.
Ал тағы бір тұрғын бейбіт күнде ұлынан айырылған.
«Былтырғы (2011 жылғы – ред.) желтоқсандағы қаралы оқиғадан кейін де басымызда үйірілген бұлт әлі кетпеді. Күні бүгінге дейін аузымызды ашсақ, түрлі қысым жасалып, қуғынға түсудеміз. Мен - сол оқиғаның жәбірленушісімін. Айдың аманында атпалдай азаматымнан айырылдым. Таңғы 11-лерде мерекені тамашалауға отбасымызбен бардық. Арада бір сағаттай уақыт өткенде мерекеміздің топалаңы шықты. Қаруланған полицейлер ешкімді аямастан, оқ жаудыра бастады. Үдере қашқан жұртпен бірге жүгіріп, үйімізге әрең жеттік. Өйткені қаланың іші астаң-кестеңі шығып, дәл бір соғыс басталып кеткендей еді. Сол күні түн ауғанша баламнан хабар болмады. Өкінішке қарай, ертеңіне мәйітханадан қанжоса болған ұлымның денесін әрең танып, тауып алдық... Осыдан кейін қалайша халықты ұрлық жасап, үй өртеді деп кінәлауға болады?» - деп Ертай есімді жәбірленуші күйінішін жеткізген.
Адвокат Абзал Құспанов мәселеге қатысты:
«Сол жерде 15 желтоқсаннан бастап, Ақтау қалалық ІІБ үш қызметкері оқиға барысын түгел таспаға түсіргені және мұнайшыларға бірінші болып тиіскен полицейлер екендігі анық жазылған. Бейбіт тұрған мұнайшыларды итеріп, алаңнан шығарып тастауға әрекет еткендер полицейлер екендігін бейнежазба анық дәлелдейді. Менің жеке пікірім, Жаңаөзендегі қайғылы оқиға – бұл сөзсіз полицейлердің тарапынан болды. Киіз үйлерді де полицейлердің жылыну үшін өртегені сот процесінде анықталды. Сонымен қатар, 15 желтоқсаннан бастап бейне-таспа түсіруді бастаған полиция өкілдерінің бейнежазбасында бірде-бір мұнайшының полицейге қарсылық көрсетіп немесе үйлерді өртеп жатқан сәттері түсірілмеген. Ал олардың негізгі мақсаттары мұнайшылардың заңсыз әрекеттерін түсіру болды емес пе? Қанды оқиға, яғни оқ ату дүниелерді тонаудан басталды деген сөз мүлде қисынсыз», - деп ойын қорытындылаған.
«БИЛІКТІҢ ӨЗ ХАЛҚЫНА ОҚ АТҚАНЫ СҰМДЫҚ»
Ал «Жас Алаш» газетінің 2012 жылғы №101 санында «Қырғынға жол берген – қазақтың өз кінәсі» айдарында Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғасы туралы мақала шыққан. «Желтоқсан – қазақтың қасіреті мен қасиеті» атты материалда зиялы қауым «биліктің өз халқына оқ атқаны сұмдық» деп баға берген.
«Былтыр осы уақытта Астанада той тойланып, президент сөз сөйледі. Дәл сол уақытта Жаңаөзенде қан төгіліп жатты. Кәдімгі олардың бір-бірімен байланысы жоқ сияқты көрінді бізге. Желтоқсан көтерілісінде қазақ империяға қарсы көтерілді. Империя қазақты жаныштады. Бұл – заңды нәрсе. Империя өз үстемдігін қорғау үшін тырп еткізбеуге тырысады, әрине. Ал маған ең сұмдық боп көрінгені – былтырғы Маңғыстаудағы қырғын. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толып отырғанда билік өз халқына қарсы оқ атқаны сұмдық енді. Заңға да, қисынға да келмейтін дүние. Төгілген қанға үкімет жауап беруі керек қой. Күресу керек. Басқа амал жоқ», - деген Қабдеш Жұмаділов.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы