«Зардап шеккендер мен жақындарына зиян тигізбеуге тырысу керек»

645
Adyrna.kz Telegram

Төтенше жағдай кезінде ақпарат таратудың талаптары қандай? Блогер неге қамалды? Медиамаман Ақтаудағы апатта хабар таратудың этикалық қырын талдайды.  

25 желтоқсан күні Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Оқиға орнынан жедел түрде бұқаралық ақпарат құралдары хабар таратты. Әлеуметтік желілерде апат болған жердегі видеолар ашық түрде жарияланып жатты. Белгілі, салмақты деген журналистердің өзі әлеуметтік желіде осыған барды. Ұшақ бортында 67 адам (62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі), Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан азаматтары болған. 38 адам құрбан болды. Қазақстанның алты азаматының бәрі қаза тапты.

Ал Оңтүстік Кореяда 29 желтоқсанда Jeju Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Бангкоктан Муан халықаралық әуежайына қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып, қоршауға соғылған. Бортта 181 адам болған, оның ішінде 175 жолаушы және 6 экипаж мүшесі. Оқиғадан 179 адам қаза тауып, тек екі экипаж мүшесі аман қалды. Бұл оқиғада да басында этикалық талап сақталғанымен, соңынан ұшақтың дуалға соғылған сәті видеомен тарап кетті. Этикаға жүгінген арналар ұшақтың соғылған сәтін көрсетпей, соғылар тұстан видеоны тоқтатып отырған.

Ақтаудағы апатта құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбай ұшақ апатынан кейінгі жағдайды дронмен видеоға түсірген блогер Азамат Сәрсенбаев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев журналистермен өткен брифингте оқиға орнында қаза болғандардың мүрдесін түсіріп, ашықтан-ашық жариялаған жандардың кім екені анықталатынын және тиісті жазасын алатынын айтты.

Жалпы осындай апатты жағдай кезінде қалай ақпарат тарату керегі жайлы журналист, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызымен сұхбаттастық.

- Журналист төтенше жағдай кезінде ақпартты қалай тарату керек?

- Кәсіби журналистер қауымдастығының медиаэтикаға байланысты қабылдаған қағидасы бар. Соның негізгілерінің бірі зиянды азайту (мinimizing harm) деп аталады. Яғни, пайдаңды тигізбесең де зияның тимесін деген қағида бар. Трагедия кезінде зардап шеккендер мен олардың туыстарына зиян тигізбеуге тырысу керек. Мәселен, апатты оқиға кезінде түсірілген фото, видеоны таратуда сақ болу қажет. Мұндай кезде сенсация тудырмай, халыққа ақпаратты шынайы жеткізу маңызды.

Бірақ, зардап шеккен адамдардың аты-жөні, жеке ақпараттарын бірден жариялай салмау керек. Аман болған жағдайда өздерінен немесе туыстарынан келісімін алу қажет. Журналистік этикада қанқасап болған бейнелерді таратуға өте қатты назар аударады. Өйткені мұндай дүниелерді пайдалану зардап шеккен адамдарға қайтадан зиянын тигізуі мүмкін.

Сондықтан жариялайтын материалдарға сақтықпен қараған дұрыс. Бірақ, жедел ақпарат тарату кезінде дилеммаларға ұшыраймыз. Бір жағында ақпарат тарату тұрса, екінші жағында этика тұрады. Журналистердің басшылыққа алған құндылықтарына өздері қайшы келетін кездер өте көп болады. Мысалы, оқиға орнынан ақпарат таратқанда халықты шынайы сендіре аласың. Дегенмен, осы жерден тарату керек деп, қан жоса бейнелерді көрсетуге тағы болмайды. Бұл зардап шеккендерге ғана емес, жалпы адамзаттың жүрегіне қаяу салады.

Мәселен, Англияда таралған ақпарат адамдардың психикасына қаншалықты кері әсер ететінін басты назарға алады. Егер адамдар ақпараттан зардап шектім деп шағым жасаса, соны таратқан адамға айыппұл салынады. Сонымен қатар, оларда балалар уақыты деген бар. Таңертеңгі алтыдан кешкі тоғызға дейін бала көруі мүмкін деп, қанқасап видеоларды бермеуге тырысады. Кешке көрсеткеннің өзінде де адамдардың психикасы көтере алмайды деп аз ғана уақытта көрсетеді. Мэриленд университетінің профессоры Карл Сессенс Степптің «журналистикадағы бәсеке журналистерді қатігездікке жетелеуде. Онымен күресу мүмкін болмай жатыр» деген сөзі бар. Расында қазір ақпаратты жедел тарату басшылыққа алынып, этика екінші орында қалып барады.

Журналист ақпаратты таратқан кезде біріншіден біреуге зияны тиіп кетпей ме дегенді көбірек ойлану қажет. Екіншіден, зардап шеккендердің осалдығын пайдаланып, олардың рұқсатынсыз ақпарат таратпау керек. Үшіншіден, сурет, видео таратқанда қайтыс болған адамды және қанды көрсетуге болмайды. Сенсация жасауға ұмтылып, адамдардың жылап эмоция көрсетіп жатқанын жариялау этикаға қайшы.  

- Ақтауда болған ұшақ апатына қатысты ақпарат таратқанда журналистік этика сақталды ма?

- Біздің журналистердің сенсация жасауға ұмтылғаны, ақпаратты тексермей, оңды-солды таратқандары дұрыс болмады. Хайпты емес, оқиғаға қатысы бар адамдардың жағдайын ойлауымыз керек. Оқиға орнын дронмен түсірген блогерді 10 күнге қамап тастады. Өйткені оның түсіруге рұқсаты болмады. Бірақ оның түсірген видеосы әлемдік ақпарат құралдарында да жарияланып жатты. Бұл да бір қайшылық. Егер лицензияға ие медиа мамандар сол жерде жүргенде басқаша болушы еді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер