38 жылдан кейінгі ақталу. «Халық жасағындағы» желтоқсаншы – қас-қағым сәттің құрбаны

1052
Adyrna.kz Telegram

Желтоқсан оқиғасына қатысып, 38 жылдан кейін ақталған Талғат Жұбаев бастан кешкен хикаясында қайшылықты жайларға тап келгенін айтады.

1986 жылы Алматыда Желтоқсан оқиғасы болып, қазақ жастары бас көтерген. Бүгінде архивтерде Желтоқсан оқиғасы кезінде биліктің камерасына түсіп қалған суреттер көп. Сол бір қас қағым сәт бірнеше мың адамның өмірін өзгертіп, қудалауға түсіргені өкінішті.

Сондай тағдыр иесінің бірі – Талғат Жұбаев. Желтоқсан оқиғасы кезінде ол Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтының студенті болған. Ол 1986 жылғы оқиға кезінде билік камерасына түсіп қалған.

Талғат Жұбаевтың суреттерін ағасы Иманбай Жұбай таяуда Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.

«Менің інім – Талғат кезінде Желтоқсан көтерілісіне  (оқиғасына) қатысушы ретінде  абақтыға  жатып шыққан  болатын. Ол уақытта  нархоз университетінің  үшінші курс  студенті. Жақында ол "ақтау" құжатын алып, қуанып жатырмыз», - деп жазылған жаздаба.

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 38 жылдан кейін ақталған Талғат Жұбаевпен тілдесіп, 1986 жылғы оқиғаға қалай қатысып, қалай ақталғанын сұрадық.

- Желтоқсан оқиғасы кезінде сіз қанша жаста болдыңыз?

- 23 жаста болдым, Алматы халық шаруашылығы институтының 3 курс студенті едім.

- Алаңға шыққаныңыз сіздің кейінгі өміріңізге, болашағыңызға кері әсер етпеді ме?

- Болашағыма қатты әсер етті деп айта алмаймын. Тек тоқсаныншы жылдары Желтоқсан оқиғасының қатысушымын деп айтуға шамалы қымсынып жүрдім. Кейіннен шүкір, Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына деген қоғамдағы көзқарас, оның ішінде мемлекеттік тұрғыда да оңалды деп айтуға болады. Мемлекет заңға арнайы норма енгізді ақталуға болатындай, және жеңілдіктер қарастырылды. Керісінше қазір балаларым, тума-туыс, жақындарым мен жөнінде зор мақтанышпен айтып отырады.

- Желтоқсан оқиғасына қалай шықтыңыз? Жастардың жиналып жатқанын қайдан естіп едіңіз?

- Күндіз үш жігіт болып не болып жатыр екен деген оймен сабақтан соң барғанбыз. Институт болған соң адам қарасы көп, біреуден біреуге жетеді ғой, адамдардың жиналып жатқаны. Ал кенет алдыңғы шепке шығып кеткенімізді байқамай да қалдық. Мен айтар едім жастар жағынан, яғни біздер жағынан ешқандай бұзақылықтың, арақ ішу, шегу дегенді байқаған жоқпын.

- Алаңда шеруге қатысқаныңыз үшін қандай айыппен, баппен қудаландыңыз? Және ақталу қиынға түскен жоқ па?

- 1987 жылға дейін, жаңа жылға дейін тыныш болды. Сессия басталатын кезде қаңтардың аяғында аудиторияға органның адамдары келіп суретімізден танып, біз үшеумізді сол кездегі Совет аудандық ішкі істер бөліміне апарып қамады. Одан жауап алды, біз ешкіммен төбелескен жоқпыз, бұзақылық жасаған жоқпыз деп ақталып бақтық. Бірақ бізді комсомол жиналысына салып, қатаң сөгіс берді. Оқудан шығармағанына менің қоғамдық жұмысқа белсене араласқаным, қабырға газетінің редакторы болғанымның септігі тиді деп ойлаймын.

Бірақ сот бұзақылық бабымен мені қасымда екі жігіт бар үшеумізді 10 тәулікке Поршень зауытының қасындағы түрмеге отырғызды. Ал мен осы 2024 жылғы желтоқсанда ғана Алматы қалалық прокуратурасының ақталғаным туралы анықтама алдым.

- Желтоқсан оқиғасы болғаннан бері арада 40 жылға жуық уақыт өтті. Неге тек енді ақталдыңыз?

- Мен ақталу керектігін білген жоқпын, мүмкін көңіл аудармадым. Маған тиіп кетер ештеңесі жоқ сияқты болды. Биыл ғана Алматыдағы бірге оқыған, бірге алаңға барған курстас жігіт  айтып өзі биыл қарашада ақталғанын, жолын айтып берді. Сосын ғана қолға алдым.

- Желтоқсан оқиғасы кезінде қайшылықты жағдайға тап келген кезіңіз болған жоқ па?

- Жастықтың қызуы ғой, су шашып келе жатқан алып машинадан құтылу үшін, дереу шешім қабылдау керек болды, әйтпесе машинаның астында қалу қаупі бар еді. Сонда ойланбастан биік қабырғаға қалай 3-4 метрге дейін өрмелеп шыққаныма әлі таң қалам. Одан құтылып жатақханаға келіп, «халық жасағына» қосылып, көше тәртібінің сақталуына атсалыстым.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер