Ежелгі Шамның болашағы – Астаналық шығыстанушының пайымы

1198
Adyrna.kz Telegram

Башар Асадтың биліктен кетуі Сирияда ғана емес, бүкіл Таяу Шығыстағы саяси жағдайға айтарлықтай әсер етуде. Екіге жарылған елдің болашағы қандай болатыны, оның халықаралық аренада алатын орны мен ішкі саяси құрылымы әлем назарын аударып отыр. Қазақстандық шығыстанушы не дейді?

8 желтоқсанда оппозициялық күштердің кеңейтілген әскери әрекеттерінен соң Башар Асад басқарған Сирия билігі құлады. Оның өзі Мәскеуге қашуға мәжбүр болды. Мұның алдында Ресейдің Сириядағы әскери базасының ұшақтары оппозиция мекендеген қалаларды бомбалап, бейбіт тұрғындар қаза тапқан.

Асад режимі құлағаннан кейін Израиль Сирия аумағына терең еніп, Голан биіктіктерінің бұрынғы буферлік аймақты толық басып алды. Израиль күштері қазір Сирияның ішкі аудандарына еніп, Димашық маңындағы қалалар мен ауылдарды басып алуда.

ЖАҢА ЖҮЙЕГЕ ЖОЛ БАР МА?

Сарапшылардың пікірінше, Асад режимінің құлауы Сирияда инклюзивті саяси жүйе құру мүмкіндігін ашады. Алайда, бұл оңай жол емес.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы, шығыстанушы - арабист Жанат Момынқұловтың айтуынша, елдегі жаңа саяси жүйе тек билеуші элиталардың диктаторлық тәжірибелерден бас тартуы және этникалық әрі діни топтардың өзара түсіністікке келуі арқылы ғана мүмкін болады.

- Сирия күрдтер, сунниттер, шииттер мен христиандардың федерализация туралы келісімге келуі арқылы ғана тұрақтылыққа қол жеткізе алады. Бұл – этносаралық және конфессиялық қақтығыстардың алдын алудың басты шарты, - дейді ол.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЙЫНШЫЛАРДЫҢ РӨЛІ

Сириядағы жағдай аймақтық және жаһандық ірі ойыншылардың мүдделер қақтығысына айналды. Сарапшылардың айтуынша, Түркия Башар Асад кезіндегі Сирия оппозициясын қолдап, өз ықпалын күшейтуде. Сондай-ақ, АҚШ пен Израиль Асад режимінің әлсіреуін және жаңа саяси жүйе құруды қолдайтыны да БАҚ бетінде тарап жатыр.

Момынқұловтың пікірінше, қазіргі жағдайда Түркия жетекші рөлге ие болып отыр. Анкара Сирия оппозициясы мен экстремистік топтарды қолдап келеді.

- Сирияда қазіргідей Иран позициясы әлсіреген тұста Түркияның ықпалы артып келеді. Ол «Хаят Тахрир аш-Шам» сияқты топтарды белсенді түрде қолдауда. Мүмкін, ислам әлеміндегі суннит қауымдастығы жаңа бірігу мен күштерді қайта топтастыру дәуіріне аяқ басқан шығар, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер халықаралық саясатқа да әсер етпей қоймайды.

- Трамптың Ақ үйге келуімен Израиль, Түркия және араб монархияларының аймақтағы ықпалы күшейе түсті. Осыған байланысты түркі-исламдық (сунниттік) көпшіліктің субъектілігі артып, бұл жаһандық саясатта маңызды факторға айналуы мүмкін, - деп түсіндірді ол.

БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ

Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Сирияда жаңа саяси дәуірдің басталуы үшін келісім қажет. Бұл келісім этникалық және діни топтардың мүдделерін қорғау арқылы ғана жүзеге асады.

- Сирия инклюзивті саяси жүйеге көше ала ма, оны уақыт көрсетеді. Бірақ бұл үшін жаңа элиталар биліктегі диктаторлық тәсілдерден бас тартып, шынайы саяси диалог құруы керек, - дейді сарапшы.

Айтуынша, Сирияда Асад режимінің құлауы елдегі саяси құрылымды түбегейлі өзгерту мүмкіндігін ашып отыр. Алайда, бұл өзгерістер қаншалықты сәтті болатыны халықаралық қауымдастықтың қолдауына, аймақтық ойыншылардың келісімге келуіне және ел ішіндегі топтардың өзара ынтымақтастығына байланысты. Таяу Шығыстағы бұл маңызды өзгерістердің әлемге ықпалы орасан болмақ.

Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад өткен аптада биліктен тайып, Ресейден саяси баспана алды. Осы арқылы жарты ғасырдан астам Сирияны уысында ұстаған Асадтар әулетінің билігі аяқталды. Башар Асад Мәскеуге отбасымен бірге барған. Ал желіде жаңадан тараған бейнеде Димашық көшелерінде халық еркіндікті тойлап жүргенін көруге болады.

«Димашық қаласы даму бойынша әлемнен 40-50 жылға артта қалғандай көрінеді. Халық үйінен шығып, еркіндіктің дәмін сезіп жатқандай. Көшеде мерекелеп жүрген адам көп», - делінген «Hotspotst» телеграм арнасының жазбасында.

Еске сала кетейік, биыл қараша айында Қазақстан астанасында Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған Астана процесінің 22-кездесуі өткен. Бұл жиынға кепілгер елдер – Ресей, Түркия және Иран делегациялары, сондай-ақ Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері және бақылаушылар қатысқан еді.

Келіссөздер барысында Сириядағы қақтығыстарды тоқтату, гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру, халықты су және жарықпен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылып, тараптар бейбіт келісімге келу мақсатында пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша кепілгер елдер бірлескен мәлімдеме жасап, Сирия дағдарысын шешуде халықаралық құқық нормаларын сақтау және қақтығыстарды тек бейбіт жолмен реттеу қажеттігін атап өткен.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер