Ақтауда еріктілер бірнеше рет шағымданған жылжымалы зообақ тексерілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Тексеру нәтижелері туралы Ақтау қалалық ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы хабарлады. Мамандар өз құзыреті шеңберінде ешқандай заңбұзушылық анықтамаған.
"Жабайы жануарлардың ветеринариялық анықтамалары мен паспорттары бар, олар вакцинациядан өткен", – деп хабарлады инспекция.
Дегенмен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, жануарларға жауапты қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабы) зообақ иесіне 30 АЕК-ке дейін (2024 жылы 110 760 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.