2011 жылы 16желтоқсан күні Жаңаөзен қаласында мұнайшылар ереуілге шыққан. Сол күні алаңға әділдікті талап етіп шыққандарға полиция оқ атып, көп адам ауыр жарақат алған болатын. Оқиғаны өз көзімен көріп, ақпарат таратқан журналистердің бірі Өркен Жоямергенмен «Адырна» тілшісі сұхбаттасты.
- Ақтауға алғаш барған уақытыңызды айтып берсеңіз. - Мен ол кезде Стан бейнепорталында болатынмын. Оқиғадан бір жыл бұрын мені осы бейнепорталға шығарушы редактор етіп шақырады. Ал 2011 жылы бірнеше айға созылған Маңғыстау мұнайшыларының наразылығы болады. Содан кейін біздің редакция мені Ақтауға жіберетін болды. Ең әуелі Ақтауға 1 аптаға барғанмын. Мұнайшылардың арасына барып жүріп, үйрендік. Ақтауға жиі барып, мұнайшылармен жақын араласып кеткен едік. Олар тіпті бізге абай болуды жиі ескертіп жүретін. - 12 жыл бұрынғы оқиғаға тоқталып өтсек. Алматыдан арнайы Ақтауға ұшып барғаныңыз туралы өз естелігіңізде айтқан едіңіз. Сол сәттегі ішкі сезімді айтып беріңізші. - Жаңаөзен оқиғасы басталғанда редакциядан 1 журналист, 1 телеоператор, 1 оққағармен барған болатынбыз. Бізге оққағар берген себебі сол жылы қазан айында маған және операторға қастандық жасалған еді. Ақтау қаласында іссапарда жүрген мені және қасымдағы оператор жігітті бейсбол таяғымен сабап, травматикалық тапаншамен атып кеткен... Сол 16 желтоқсан күні Алматыдан Ақтауға сонда жұмыс істеп жатқан әріптестерді алмастыруға жол тартамыз. Жалдамалы пәтерімізге заттарымызды тастап, Жаңаөзенге қарай жолға шығамыз. Жарты жолға келгенімде мұнайшылар маған хабарласады. «Өркен, бізді атып жатыр!» деді. Мен ол жаққа жақын араласып кеткен мұнайшыларды көремін деп көтеріңкі көңіл күймен бара жатқанмын. Әуелде түсінбей қалдым. «Кімді? Неге? Қалай атып жатыр?» деп сұрап едім «Бізді... Травматика-ау деймін... Сен қашан келесің?» деп жауап берді. Түсінбей шопырға «бас, бас» дегеніміз есімде. Жаңаөзенге жеткенше әріптесім Шернияз Шағатайға хабарласып отырдым. Жаңаөзен қаласында бірнеше айға жалғасқан мұнайшылар ереуілі кезінде полицияның атқанын кейін Шернияз растады. Жаңаөзенге жақындағанда қаланың бірнеше тұсынан әуеге қою түтін көтеріліп жатқанын байқадық. Кейін білгеніміздей, өртеніп жатқан қалалық әкімдік ғимараты мен «Аруана» қонақ үйі екен.Әріптестермен сол жерде ақылдасқаннан кейін екі көлікке бөлініп, біріміз оқиға орнына кеттік, екіншіміз ғимараттың төбесіне көтерілдік. Себебі ол кезде бізде дрон деген дүние жоқ. Солай түсірілген видеоның бәрін жинақтап, ақпаратты редакцияға жіберу үшін Ақтауға қайта аттандық. - Наразылық қалай өрбіді? - Жаңаөзен қаласының орталығындағы Тәуелсіздік алаңы жеті ай бойы жергілікті «Өзенмұнайгаз» компаниясына еңбек жағдайы мен еңбекақы төлеміне қатысты талап қойып, ереуіл өткізіп жатқан мұнайшылар жиналатын орын болып кеткен. Сол жердегі адамдармен тілдесіп олардың шегініп кеткенін білдік.Алаңда қарулы әскерлер тұр. Біз қайтадан Жаңаөзенге бет алдық.Ол жақта ұялы телефон және интернет байланысы ажырап қалған. Маңғыстау облысы орталығына келе жатқанымызда Ақтау-Жаңаөзен тасжолымен Жаңаөзенге қарай бет түзеген әскерилер мен полиция тиелген жиырма шақты автобус, әскери көліктер мен бірнеше БТР қарсы кездесті.Новости по теме
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы