Мен Мұхтар Шахановтың өлеңдерімен таныса бастағанда атамен кездескім келді.
Бірақ, кездесуден бұрын атаның өлеңдерін оқып, іздене бастадым. Шахановтың «Отырар дастанын» оқыған сәтте бойыма ерекше рух дарып, еліме деген махаббатым арта түсті. «Өзі туған өлкенің ауасымен тыныстаудың» маңызын ұғынып, бойымды патриоттық сезім билеп алды. Мұхтар Шахановпен кездеспес бұрын мен атаның өмір жолын оқып, жан-жақты іздене бастадым. Атаның әкесі бөтен, анасы бөлек болса да тағдыр қосқан қос бауыры – Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқов туралы қызықты деректерді таптым. Жаңа деректер тауып, жаңа өлеңдерімен танысқан сайын атамен кездесер сәтті тағатсыздана күттім.
15- желтоқсанда өзім оқитын №93 мектеп-лицейде Мұхтар Шахановпен кездесу өтті. Атаны алғаш көргенде өз көзіме өзім сенбей, қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей қалды. Мектеп оқушылары атаның сөзіне жазылған әндерді шырқап, өлең оқыды. Атаның көзіндегі қуанышты байқап, мектебіме деген мақтаныш сезімі мені де айналып өтпеді.
16- желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Бұл күнді осыдан 33 жыл бұрын ел тәуелсіздігі жолында күресіп, қазақ жастарын қорғап қалған Мұхтар Шахановпен бірге қарсы алдық. Кездесудің екінші күнінде жастарға рух беру мақсатында жазылған атамыздың «Жігерлендіру» атты өлеңін оқып бердім. Ұлы тұлғаның алдында өлең оқу бақыты бұйырғанына қуанып, әрі қобалжып, керемет сезімді бастан кешірдім. «Көңіл толқыны» күйінің сүйемелдеуімен жетекшім Еркежан Қайратқызы Төлеген Айбергеновтың Мұхтар Шахановқа арнап жазылған «Сағыныш» жайлы өлеңін оқыды. Кеш соңында ата кітабын сыйлап, батасын берді. Осылайша осы 2 күн маған рухани серпіліс сыйлады. Мен қанша жасқа келсем де, бұл кездесуді ұмытпаймын!
Өзі үміт күткен ұрпағының атынан Мұхтар атама алғыс айта отырып, деніне саулық тілеймін!
Алпыс Омар
№93 мектеп-лицейінің
6 «А» сынып оқушысы