Екі естелік. «Желтоқсанда жастарды қолдаған зиялы қауымды көрмедік»

880
Adyrna.kz Telegram

1986 жылдың 17-18 желтоқсаны Қазақстан тарихында ерекше орын алған күндер ретінде мәңгі есте қалды. Бұл күндері қазақ жастары Алматыдағы сол кездегі Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) шығып, өз құқықтарын талап етті. Оқиға куәгерлері еске алады.

1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутқа созылған Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумында ұзақ жылдар бойы ел басқарған Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылып, орнына Ресейдің Ульяновск облысынан келген Геннадий Колбин тағайындалды. Бұл шешім қазақ халқының наразылығын тудырды. Себебі Колбин Қазақстанда бұрын жұмыс істемеген, жергілікті жағдайды білмейтін басшы еді.

Осыған қарсылық білдірген жастар 17 желтоқсан күні таңертең Алматыдағы Брежнев алаңына жинала бастады. Олар «Әр халыққа – өз көшбасшысы!», «Лениннің идеялары жасасын!» деген ұрандармен бейбіт шеруге шықты. Жиналғандар негізінен студенттер мен жастар болды.

«СОҒЫС БОЛҒАНДАЙ ҚАРАҢҒЫЛЫҚ...»

1986 жылы Алматы қаласында болған Желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тарихындағы ерекше маңызды сәттердің бірі. Сол кезеңде Медициналық институтты провизор мамандығы бойынша тәмамдап, Алматыдағы дәріханада жұмыс істеп жүрген Болат Тоқтабайұлы осы оқиғаға куә болып, тағдырлы сәттердің ортасында жүргенін есіне алады.

 - Жұмысқа кіріскеннен кейін бастығым орталыққа барып кел деп жіберді. Жолда топырлап тұрған адамдарды көрдім. "Бұлар неге жиналып тұр?" деп ойладым. Жолдың арғы бетінде 5-6 адам арасында басқа бір ұлт өкілі қолына бір затты ұстап тұр екен. Одан "Не істейін деп жатырсың?"- деп сұрағанымда, ол "Қазір жастар көтеріліске шығады екен, соны орнына қоюымыз керек", - деді. Сосын сыбыр арасынан Қонаев атамызды орнынан алып тастағанын естідім. Жүгіріп дәріханама барып, бастығыма айттым. Бастығым "Бармай-ақ қой" деді, - деп еске алады Болат Тоқтабайұлы.

 - Кейіннен жатақханада тұрған кезімде інім осындағы туыстарымызға қонаққа келді. Сол кезде көтеріліс кезінде Отардан бастап пост қойылған екен. Інім сол посттан өтіп, қалаға келіпті. Жастар алаңға жиналып жатқан соң екеуміз де көшеге шықтық. 63 автобуспен ағылып жатқан халықты көрдік. Олар қайғырып емес, сөйлеп бара жатты. Халық өте көп болды. Сол кезде інімді жоғалтып алдым. Сол сәтте бойымды қорқыныш биледі. Себебі милициялар адамдарды ұрып-соғып, айқай-шу болып жатты. Үйге әрең жетсем, інім де келіпті, - дейді Болат.

Айтуынша, жұмыстағылар да оның көзі көгергенін байқап қалған. 

- Үйге қайтайын десем, жұмысқа учаскелік милиционер келді. Әуелде қорқыныш болды. Інім туыстарына кетті, - дейді Болат Тоқатабайұлы.

 - 19-20 желтоқсан күндері досымның үйіне қонуға бармақ болып, вокзал жаққа бардым. Соғыс болғандай қараңғылық, тірі жан жоқ еді, - деп еске алған желтоқсаншы жолай басақ ұлт өкілдерімен жанжалдасып қалғанын айтады.

«ГОРБАЧЕВ ҚОНАЕВТЫ АЛМАУЫ КЕРЕК ЕДІ, ДҰРЫС ІСТЕМЕДІ»

1986 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың 5 курсында оқыған Серік Жиембаев бұл оқиғаның бел ортасында жүрген. Ол Желтоқсан оқиғасына қалай қатысқанын және басынан өткерген ауыр сәттерін былайша еске алады.

Серік Жиембаев оқиғаның басталуын кездейсоқ бір орыс таксистен естіген. Таксист Қонаевтың қызметінен алынғанына наразылығын білдіріп  "Горбачев Қонаевты алмауы керек еді, дұрыс істемеді" деп айтқан. Сол түні Серік досының үйінде қонып, ертеңінде жастардың шеруге шығып жатқанын көреді.

Жастардың "Қазақ, қазақ болсаңдар қосылыңдар!" деген ұранын естіп, шерушілер колоннасына қосылады. Оған Өнер академиясының көркем сурет факультетінің студенттері және Каспий университетінің жастары да қосылған. Олар шерумен жүріп, түрлі мекемелер мен оқу орындарына барған. Бірақ тәртіп сақшылары мен мұғалімдер жастарды таратпақ болып, оларға қысым көрсете бастаған.

 - Гоголь көшесіне барып, ЖенПИ-ге (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) кірмек болдық. Бірақ тәртіп сақшылары институтты қоршап алыпты. Ішке кіргізбеді. Соған қарамастан қыздар сыртқа шығуға мүмкіндік алып, "уралап" шықты. Сөйтіп қатарымыз толығып, қазіргі Байтұрсынов көшесімен көтеріліп, Сәтбаев көшесіндегі алаңға жеткенде, төрт қатар болып сап түзеген солдаттар мен милиция бізді қарсы алды. Біз бәріміз қосылып, "Елім-ай", "Атамекен" әндерін айттық. "Қазаққа қазақ басшы керек!" – деп ұрандаттық. Кешке қарай қақтығыс басталып, олар (ред. милиция) су шашып, адамдарды шаштан сүйрей бастады», - деді Серік Жиембаев. 

"ОЛЖАС АҒА, ШЫҒЫҢЫЗ!"

Сол күндері шерушілер өздерін қолдайтын зиялы қауымды іздегенімен, ешкімнің ашық қолдау білдірмегенін айтады. Жазушылар Одағына барып, "Олжас аға, шығыңыз!" деп айғайлағанмен, ғимараттан ешкім шықпағанын да айтты.

 - Ертесінде, 18 желтоқсанда қайта сыртқа шықтық. Сол бетімен аэровокзалға бардық. Жете бергенде, қарсы алдымыздан автобуспен жеткен, қолдарына темір арматура ұстап, қаруланған адамдар шықты да, бейбіт шерудегі адамдарды сабап, тас-талқанын шығарды. Артымыздан милиция көліктері де қуып, жан-жаққа қашуға тура келді. Біз Жазушылар Одағы ғимаратының алдына барып "Олжас аға, шығыңыз!" – деп айғайладық. Бірақ ешкім шықпады. Сол кезде қолдау көрсеткен зиялы қауым өкілдерін көрмедік, - дейді Серік.

Айтуынша, кейін Абай даңғылына жете бере оларды милиция тағы да ұрып-соғып, таратып жіберген.

  - Оқиға соңына қарай жатақханаға бір топ адам келіп, тексере бастады. Олар алаңда түсірілген суреттер арасында кім жоқ болса, соларға ғана жатақханаға кіруге рұқсат берді, - дейді Серік Жиембаев. 

 - Былтыр ғана Шымкентте біздің ұйымның азаматтары архивтен өз суреттерімізді іздедік. Мен өзімнің суретімнің бір жерде бар екенін білетінмін. Сол кезде 12 суретімді тауып алдым, - дейді желтоқсаншы.

Айтуынша, Серіктің ақталғанына көп бола қойған жоқ. 

 - 2024 жылдың ақпан айының басында ғана толық ақталдым, - дейді ол.

Бүгінде Серік Жиембаев – "Желтоқсан ақиқаты" патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары. 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер