Асад тастап кеткен Сирияға Израиль 250-ден астам соққы берді

844
Adyrna.kz Telegram
Фото: AFP
Фото: AFP

Израильдің Әуе күштері Сириядағы 250-ден астам әскери нысанға соққы жасады. Бұл - әуе күштерінің тарихындағы ең ірі соққы операцияларының бірі болды. Бұл туралы 10 желтоқсан күні армиялық радио Галей ЦАХАЛ өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мәлімет бойынша, Израильдің Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) нысаналарының арасында Сирияның құлатылған президенті Башар Асадтың армиясының базалары болды. Онда ондаған истребительдер, ондаған жер үсті ұшақтары, зымыранды кешендер, өндірістік алаңдар мен зымыран қоймалары жойылды.

Лондондағы Сирия адам құқықтары жөніндегі бақылау кеңесі (SOHR) мәлімдегендей, Асад билігі құлағаннан бері Израиль Сирияға шамамен 250 әуе соққысын жасаған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Израиль армиясы Сириядағы маңызды әскери нысандарды жойған. Олардың арасында әуежайлар, қару-жарақ және оқ-дәрілер қоймалары, сондай-ақ әскери зерттеу орталықтары бар.

SOHR соққылардың Сирияның әртүрлі аймақтарына, соның ішінде Дейр-эз-Зор, Хама және Хомс провинцияларына, Дамаскқа және Ресейдің әскери базалары орналасқан Латакияға жасалғанын атап өтті. Израиль Латакия портындағы әуе қорғаныс нысанына соққы жасап, Сирияның Әскери-теңіз күштерінің кемелеріне зиян келтірді, деп нақтылады құқық қорғаушылар.

AFP ақпарат агенттігі өзінің тілшісіне сілтеме жасап, 10 желтоқсанның таңында Дамаскта қатты жарылыстар естілгенін хабарлады.

Қару-жарақ топтары қараша айының соңында Башар Асадтың үкіметтік күштеріне қарсы ауқымды шабуыл бастады. Бірнеше күн ішінде олар елдің екінші үлкен қаласы Алеппоны басып алып, басқа да ірі қалаларды бақылауға алды.

8 желтоқсанда Сириядағы сунниттік радикалды исламистік "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) ұйымы жетекшілік ететін көтерілісшілер Асад режимін құлатқандарын мемлекеттік телеарна арқылы хабарлады. Бұдан кейін АҚШ Сириядағы "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобының 75-тен астам нысанына соққы жасады.

Башар Асадтың премьер-министрі болған Мухаммед Гази әл-Джалали Асадпен байланысы жоқ екенін және президенттің отбасымен қайда екенін білмейтінін мәлімдеді. Күннің соңында Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Асадтың «президенттік қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын» және Сириядан шыққанын хабарлады. ТАСС Кремльдегі дереккөздеріне сілтеме жасап, Башар Асадтың Мәскеуде екенін жазды. Сириялықтар өз елінде және шетелде Асад режимінің құлауын тойлап жатыр.

Пікірлер