БҰҰ басшысы Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуге рұқсат беру қажетін айтты

819
Adyrna.kz Telegram
Фото ООН/М.Гартен
Фото ООН/М.Гартен

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейсенбі күні Сирияның барлық бейбіт тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге шұғыл түрде рұқсат беруді және қанды қақтығысты тоқтату үшін саяси процестерге қайта оралу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Синьхуа агенттігіне сілтеп. 

Пресс-конференцияда ол Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен Сириядағы соңғы оқиғалар жөнінде телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

Әңгіме барысында Бас хатшы гуманитарлық көмек көрсетуге шұғыл түрде мүмкіндік беру мен БҰҰ-ның араағайындық рөлі арқылы саяси процестерге қайта оралу қажеттігін айтты, бұл қантөгісті тоқтатуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Сондай-ақ, Бас хатшы барлық тараптарды халықаралық құқық аясында азаматтық тұрғындарды қорғау міндеттемелерін орындауға шақырды.

Қазіргі уақытта БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террорлық ұйым ретінде таныған "Хайят Тахрир аш-Шам" тобы мен оның одақтастары Сирия үкіметі бақылап отырған аумақтарға шабуыл жасауда. "Бұл майдан шебі бойынша айтарлықтай өзгерістерге алып келді. Өртке оранған өңірде ондаған мың бейбіт тұрғын қауіп астында қалды", – деді А. Гутерриш журналистерге.

Бас хатшы, 14 жылдық қақтығыс кезінде барлық тараптар БҰҰ-ның Сирияға арнайы елшісі Гейр Педерсенмен ынтымақтасып, дағдарысты шешу үшін жаңа, инклюзивті әрі жан-жақты тәсілдемені әзірлеуі керек екенін айтты. Бұл тәсіл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-ші қарарына сәйкес болуы тиіс.

"Енді ауыр диалогтың уақыты келді. Басқаша айтқанда, Сирияның егемендігін, бірлігін, тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын қалпына келтіріп, сирия халқының заңды тілектерін қанағаттандыру үшін", – деп атап өтті А. Гутерриш.

Пікірлер