Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин әріптесі Азат Перуашевтің кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдардың шамадан тыс көптігі туралы айтқан пікіріне жауап берді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Жаңбыршин қолданыстағы айыппұл жүйесінің оң нәтижелерін көрсетіп жатқанын атап өтті.
"Мен осы нормалар бойынша өз пікірімді білдіргім келеді. Медальдің екі жағы бар. Біздің басты басымдығымыз Конституциямыздың бірінші тармағында жазылғандай, адам өмірі, денсаулығы және құқықтарын қорғау болып табылады. Біз ең алдымен осыны қорғауымыз керек", – деп ерекше атап өтті Жаңбыршин.
Оның айтуынша, анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату, тауарлардың техникалық регламенттерге сәйкес келмеуі және бағалар туралы шынайы ақпараттың болмауымен байланысты.
"2023 жылы сәуір айында жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік қадағалау Үкіметке берілген. Осы арада бүгінге дейін кәсіпкерлерге 1059 әкімшілік шаралар қолданған. Бірінші рет Заңды бұзғаны үшін. Бұл қандай Заңды бұзушылар? Өздеріңіз жақсы білесіздер, көбіңіз жергілікті жерде жұмыс жасадыңыздар. Бұл - бағаны дұрыс қоймау, бағаны тіпті қоймау немесе сөрелердегі тауарлардың бағасын азайтатын акциялар жазып қояды"- деді ол.
Мәжіліс депутаты әріптестерін жағдайды мұқият қарастыруға және кәсіпкерлерді қолдау мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға шақырды.
"Сондықтан, құрметті әріптестер, бұл норма қазірдің өзінде нәтижелерін көрсетіп отыр, оны мұқият зерделеуіміз қажет. Асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Егер кәсіпкер адал жұмыс істеп, заңды сақтаса, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Бағаны дұрыс көрсет, әділ жұмыс жаса, сапалы тауар сат – сонда ешкім саған айыппұл салмайды. Ал егер заң бұзсаң, халық алдында жауап беруге тура келеді. Адал жұмыс жаса, адамдарды алдама," – деп түйіндеді мәжілісмен.