Армения 28 қараша күні Астанада өтетін ҰҚШҰ кеңесінің отырысына қатыспайды. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Армения ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кеңесінің, қорғаныс министрлері кеңесінің және қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырыстарына қатыспайды»,—деді ол.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің ҰҚШҰ-ға мүшелігін заңды негізде тоқтатуы мүмкін екенін хабарлаған еді.
«ҰҚШҰ Армения алдындағы қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындаудың орнына, керісінше, Армения Республикасы үшін қиындықтар туғызып отыр», – деп мәлімдеді ол.
Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Жиында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланбақ.