«Қазатомөнеркәсіп» «Буденовское» кен орнының тағы бір уческесінде уран барлау құқығын алды

805
Adyrna.kz Telegram

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Буденовское кен орнының «Солтүстік» учаскесінде 6 жыл уран барлау құқығын алды. Компания жер қойнауын пайдалану құқығын тағы 5 жылға ұзарта алады. Бұл туралы бүгін, 18 қарашада ұлттық оператордың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Солтүстік» учаскесі уранның ірі кен шоғырының болуына байланысты айтарлықтай әлеуетке ие. Оның қолайлы геологиялық жағдайлары және жұмыс істеп тұрған кен орындарына жақындығы табысты және ұзақ уақыт игеру үшін бірегей мүмкіндіктер туғызады. Бұл жоба Қазақстанның уран өндіру саласын дамытудағы маңызды кезең болатынына және біздің компанияның ұзақ мерзімді құндылығын құруға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз», - деп атап өтті басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Алдын ала бағалау бойынша Р1 және Р2 санаттары бойынша учаскедегі уран ресурсы 100 мың тоннадан асады. Болашақта ресурстарды нақтылау және оларды жоғары санаттарға (С1 және С2) ауыстыру жоспарланған. Бұл учаскенің әлеуетін барынша тиімді пайдалануға және компанияның ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, былтыр  «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ бұрынғы басшысы, белгілі кәсіпкер Еркін Әмірханов «Буденовское» кеніші кезінде қазақстандық олигарх Александр Клебанов пен оның іскер серіктесі, хорват-ресейлік кәсіпкер Василий Анисимовқа тегін өтіп кеткенін айтқан еді.

Пікірлер