Тәжікстаннан 85 миллион жылдық динозавр қалдықтары табылды

1174
Adyrna.kz Telegram
Фото: Азия-плюс
Фото: Азия-плюс

Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғды облысының Қансай елді мекенінен 85 миллион жылдық динозавр сүйектерінің сынықтары және басқа жануарлардың қаңқасы табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азия-плюс-ке сілтеме жасап.

«Динозавр шамамен 85 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Табылған сүйектердің дененің қай бөлігіне тиесілі екені одан әрі зерттеулер нәтижесінде белгілі болады», – деді магистрант-палеонтолог Умед Набиев.

Екатеринбург, Санкт-Петербург және Мәскеуден келген палеонтологтардан құралған Ресей-Тәжікстан экспедициясы үлкен каньонда қазба жұмыстарын 20-28 қазан аралығында жүргізді. Ғалымдар қолтырауын мен тасбақаның сауыт бөліктерін, кесірткелердің, саламандрлардың, бақалардың және балықтардың қалдықтарын тапты.

«Біз ұсақ бөліктерді – сүйектерді, омыртқаларды, тістерді, жақтарды зерттеуге мүмкіндік беретін жуу әдісін қолдандық. Олар өте нәзік болғандықтан, тау жыныстарының бетіне арнайы желім жақтық, бұл сүйектерді бүтін күйінде зақымдамай алуға мүмкіндік берді», – деді Умед Набиев.

Экспедицияның кейбір табыстары Соғды облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Қазба жұмыстарын 2025 жылдың мамыр айында жалғастыру жоспарлануда. Зерттеушілер цемент өндіруге қажетті шикізат өндіру нәтижесінде пайда болған осы аймақтағы жаңа каньондарды зерттеуді көздеп отыр.

«Ірі жануарлардың қалдықтары бұрын жақсы зерттелген, бірақ ұсақ жануарлар – амфибиялар немесе бауырымен жорғалаушылар туралы олай айту қиын. Сондықтан келесі экспедиция  ұсақ қосмекенділерді де іздеумен айналысатын болады. Айта кету керек, қазіргі бақалар ежелгі ата-бабаларының пішіні мен өлшемін  сақтап қалған», – деп атап өтті тәжік палеонтологы.

Пікірлер