Тікұшақ апаты. Оқиғаның куәгері мән-жайды айтты

1247
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Ақтөбе облысында техникалық ақау шығып, жанып кеткен тікұшақ апатына қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ұшқыш әскери тікұшақты қауіпсіз жерге қондырмақ болған. Солай ауылдың үстін айнала ұшыпты.

Ал ауыл сыртына құлаған тікұшақты бірінші болып, ауыл шаруашылық жәрмеңкесінен қайтқан әкімдік қызметкерлері байқаған. Мәртөк аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Бақытжан Мулкаев оқиғаның мән-жайын айтып берді.

“Бүгін ауданда ауыл шаруашылық жәрмеңкесі болды. Қайтар жолда осы оқиғаны көрдік. Қасымда аудандық мәслихат төрағасы болды. Бірден 112-ге және жедел жәрдем қызметіне хабар бердік. Ол жерде ойланып тұратын уақыт болған жоқ. Себебі тікұшақтың қасында екі адам жатты. Біреуі қолын бұлғады. Шамасы құлаған кезде ішінде болғандарды сыртқа лақтырып жіберсе керек. Көлікті алысқа тастап, жаяулап жеттік. Біреуі есін білмейді, екіншісі “Батыр қалып қойды” деп сөйлеп жатты. Тікұшақ жанып жатқандықтан бізге оған кіру мүмкіндігі болмады. Екеуін сүйрелеп алыстатқанда “тарс” етіп атылды. Екеуінің денесінде күйік жоқ. Жерге соққан кезде лақтырып жіберген”, - деді Бақытжан Мулкаев.

Оқиғаға куә болған тұрғындар алғашында апат емес, оқу-жаттығу деп түсінгенін айтады.

“Ауыл тұрғындары тікұшақ басында ауылдың үстінде айналшықтап тұрғанын айтты. Олар тікұшақты ауылдың сыртына қауіпсіз жерге апарып тұр. Басында бәрі бұл жағдайды оқу-жаттығу шаралары деп түсінген. Ұшқыштар ауылға зиян келтірмес үшін қауіпсіз жерге шығарып тұр. Сол жерде темір жолға да зиян келмеген. Ұшақта болған екі адамның амандығын тілейміз”, - деді Бақытжан Мулкаев.

Пікірлер