Большевиктер Түркістанын құрған қайраткер

269
Adyrna.kz Telegram
altynqor
altynqor

Бүгін, 26 желтоқсан, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына - 130 жыл.

Ол 1894 жылы Жетісу облысы, Верный уезі, Шығыс Талғар болысында дүниеге келген. Тұрар Рысқұлов – ел үшін елеулі еңбек сіңірген, қиын кезеңде халықты ашаршылықтан құтқаруға талпынған тарихи тұлға.

Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы патша әкімшілігінің әділетсіздігіне қарсы шығып, болыс Саймасай Үшкемпіровті өлтіргені үшін түрмеге қамалған. Әкесімен бірге түрмеде болған Тұрар сол жерде орыс тілін меңгеріп, «түрме баласы» атанып кеткен. Кейін әкесінің өтінішімен ол нағашыларының қолында тәрбиеленіп, Меркідегі орыс-түземдік мектепте білім алды.

Тұрар Рысқұловтың оқу жолы қиындықтарға толы болды. Пішпектегі ауыл шаруашылығы мектебін үздік бітіргенімен, ұлтына байланысты Самарадағы училищеге қабылданбады. Ташкент мұғалімдер семинариясына да «бұратана» деген сылтаумен кіре алмаған Тұрар оқу министріне арыз жазып жүріп, әрең оқуға түскен.

1918 жылы Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы болып сайланып, ашаршылықтан зардап шеккен халыққа көмек ұйымдастырды. Ол жергілікті байларға салық төлетіп, жиналған қаражатты аш-жалаңаш жандарға үлестірді. Сондай-ақ, Рысқұлов Түркістан автономиялы республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып, аштыққа қарсы күресте ерекше комиссия құрып, оның жұмысын басқарды.

1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, жергілікті халықтардың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді. Ол Түркістан Республиканың саяси-мемлекеттік егемендігі жолында күрес жүргізді. Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады.

1924 жылы Рысқұлов Моңғолияға жіберіліп, Конституция жобасын әзірлеуге қатысып, ел астанасының атауын Уланбатор (Қызыл батыр) деп қоюды ұсынған. Кейінірек ол Түрксіб теміржолының құрылысына жетекшілік етіп, оны белгіленген мерзімнен екі есе жылдам аяқтауға қол жеткізді.

Кеңестік ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан Тұрар Рысқұлов Сталинге ашаршылық мәселесін шешу бойынша ұсыныстар жасады. Алайда, оның әрекеттері «пантүрікшілдік» деп танылып, 1937 жылы тұтқынға алынып, қайтыс болды.

1956 жылы Тұрар Рысқұлов толық ақталып, оның есімі ел есінде ұлы қайраткер ретінде сақталып келеді. Бүгінде оның есімімен еліміздің көптеген көшелері, оқу орындары мен мекемелер аталады.

Пікірлер