2024 жылғы 6 қарашада өткен үкімет отырысында Индустрия және құрылыс вице-министрі Қуаныш Қажкенов тұрғын үй алу барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қандай артықшылықтар қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Қуаныш Қажкенов тұрғын үй саясатын реформалау жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және I-II топтағы мүгедектігі бар адамдарға бұрын берілген жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу құқығынсыз жекешелендіру құқығын беру жөнінде өзгерістер енгізу қарастырылуда. I-II топтағы мүгедектігі бар адамдар коммуналдық тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады», – деді Қуаныш Қажкенов.
Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ I-II топтағы мүгедектігі бар адамдарға заң жобасы аясында баспана алу кезінде бірінші кезекте құқық беру қарастырылған. Бұл шара мүгедектігі бар адамдардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді деп атап өтті.