Жетісудың Қаратал ауданындағы шалғай Көпбірлік ауылында ауыз су сапасының мәселесі шешілді

960
Adyrna.kz Telegram

Жетісудағы Қаратал ауданының ең шалғай елді мекені – Көпбірлік ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Ауылда орталықтандырылған су құбыры болғанымен, соңғы жылдары тұрғындар тұзды су ішуге мәжбүр болған еді. Мәселенің қалай шешілгенін бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданына барған жұмыс сапары барысында арнайы көріп қайтты, деп хабарлайды Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 2010 жылы ауылда сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылған еді, атап айтқанда жаңа желілер салынып, тереңдігі 100 метрден асатын ұңғыма қазылып, тұщыландыру қондырғысы орнатылды, ысырмалары ауыстырылды. Қабылданған шараларға қарамастан, соңғы жылдары судың тұздылығы литріне 5,9 грамнан 8 грамға дейін өскен, сондықтан бұл ауыл халқын мазалаған мәселеге айналған болатын.

Осыған байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес бюджеттен қаражат бөлініп, мәселені шешуге қажетті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2 км желіге қайта жаңғырту жүргізіліп, жаңа су мұнарасы тұрғызылды, оған қоса тұздану деңгейі литріне тіпті 12 граммға жеткен күнде де суды тұщыландыруға қуаты жететін жаңартылған тұщыландыру қондырғысы орнатылды.

Облыс әкімі Көпбірлік ауылына барған сапарында судың сапасын көріп, тұрғындармен жолықты. Осы орайда кездесуге қатысқан ауыл тұрғындарының бірі Зәмзәгүл Несіпбаева:

- Ауыз су – тіршіліктің негізі көзі, денсаулықтың кепілі. Сондықтан оның сапасының жақсы болғаны маңызды. Бізде бірнеше жылдан бері ауыз су сапасы нашар болатын. Биыл бұл мәселе сіздің қолдауыңызбен шешімін тапты, халық риза. Ауылымызға бұдан былай да көңіл бөлінеді деп сенеміз, - деді.

Атап өтсек, Көпбірлік ауылда 179 аула бар, соның 168-і орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Ауылда тұратын халық саны 900-ден асады.

Пікірлер