Биыл Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады

742
Adyrna.kz Telegram

Биыл Жетісу облысының Ескелді ауданында 4 мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізілді, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Оның 5-і пайдалануға берілді, қалған 6-ын желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделген. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

М. Мәметова атындағы және Қоңыр ауылындағы орта мектептер мен М. Баисов ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті, ал Алдабергенов ауылындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қаблиса жырау атындағы және Қайнарлы ауылындағы орта мектептерге автобус пен «Газель» автокөлігі сатып алынды. Аудандағы 11 мектептің кітапханасы жаңартылды.

- Халықтың өтінішін ескере келе, Ешкіөлмес және Жаңалық ауылдарында 180 және 120 орынды екі жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысы жыл соңына дейін шығады деп күтілуде.  Ал Қарабұлақ ауылындағы орта мектеп пен Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын,  мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бюджетті нақтылау кезінде бұл екі жобаға да тиісті қаражат қарастырылады. Сонымен қатар аудандағы білім беру мекемелерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектеп бюджет қаражаты есебінен, ал Сырымбет ауылындағы Жақыпбаев атындағы мектеп демеуші көмегімен газға қосылды, - деп атап өтті Б. Исабаев.

Денсаулық сақтау мәселесіне келсек, саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Екпінді және Жаңалық ауылдарында 2 блокты-модульді медициналық пункт орнатылды, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақешкі ауылында да іске қосылады. Сол сияқты «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 нысан салынады. Соның ішінде Шымырдағы дәрігерлік амбулатория мен М.Баисов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы айда аяқталса, осындай нысандар Жастар, Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарында келесі жылы салынады. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы ауданның 8 ауылында жақсарады.

Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Қаратал ауылында 100 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, Қоңыр және Жалғызағаш ауылдарында блокты-модульді клуб қолданысқа берілді. Тағы бір клуб Ақын Сара ауылында келесі аптада іске қосылады.

Спорт саласында Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында 3 блокты-модульды спорттық кешенінің құрылысы жүргізілуде, Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа беріледі.

Жалпы, 2022-2024 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд. теңге бөлінген.

Пікірлер