Ескі көліктерге салынатын салықты азайту қарастырылып жатыр

749
Adyrna.kz Telegram
Сурет: zagranportal.ru
Сурет: zagranportal.ru

Ескі көліктерге салынатын салықты азайту мәселесі қарастырылуда. Үкімет қыркүйек айының ортасында жаңа Салық кодексінің жобасын Мәжілістің қарауына берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеп.

Ақпаратқа сәйкес, жаңа Салық кодексінде ескі көліктерге қатысты бірқатар жаңашылдық бар. Атап айтқанда, қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдерге салынатын салық мөлшері 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 50 пайызға төмендетілмек. Атқарушы билік ұсынып отырған бұл өзгерістер депутаттар арасында қызу талқыға түсті.

"Ескі көлік болса, оған салықты азайтамыз дейді. Утиль алым мәселесі болғанда бізге жеңіл көліктер жаңа болғаны жақсы деп айтты. Бұл аргумент түсінікті. Енді машина ескі болатын болса, салықты азайтамыз дейді. Оның бір-бірімен логикасы қандай?", - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ауылдарда жүздеген мың ескі көлік барын жеткізді. Айтуынша, елдімекендерде "Жигули" мен "Москвичтер" әлі күнге дейін жүр.

"Біз ескі көліктер бойынша төмендетілген салық саламыз. Көбі сынып тұр, бірақ тіркеуден алынған жоқ. Істемейтін көлікке жыл сайын (салыққа) он мыңнан келіп тұрса, ауыртпашылық тиеді. Бұл ауыл тұрғындарының өтініші болды. Өңірлерде жүрген кезде осындай ұсыныстар түскен", - деді вице-министр.

Автосарапшы Алексей Алексеев тиісті жаңашылдыққа қатысты пікірін білдірді.

"Оның орнына қозғалтқышы үлкен ескі көліктер үшін салықты оңтайландыруды ұсынар едім. Мәселен, бізде қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын ескі көліктер жетерлік, олардың салығы өте жоғары. Заңда осындай қисынсыз дүние бар. Қолдануы 20, 30 жылдан асқан үлкен қозғалтқышы бар көліктерде қалыпты салық болуы керек. Себебі мақсат үлкен қозғалтқыштарға салық салу болды, заң қабылданған кезде үлкен қозғалтқышы бар көліктердің дені премиум санаттағы, яғни қымбат көліктер болатын. Оларға жоғары салық салу ақылға қонымды еді. Бірақ ескі машиналар да осы мәселеге тап болды", - деді сарапшы.

Сөзінше, ескі көліктерге салынатын салықты азайтуға қатысты өзгерістерге халық алғысын айтуы мүмкін.

"Меніңше, тек қазынаға аз түсетіні болмаса, ол ешнәрсеге әсер етпейді. Егер де көліктегі қозғалтқыш көлемі 2 литрге жуық болса, онда салықтың төмендеуінің қатты әсері болмайды. Осыған дейін жылына 10 мың төлеп келген адам енді 5 мың төлейтін болады дегендей. Қозғалтқыш көлемі үлкен ескі машиналарға салықты азайту керек, сонда қисынды болар еді", - деді Алексей Алексеев.

Атап кетейік, ескі көліктер үшін көлік салығын азайту туралы ұсыныстар жаңа Салық кодексінде айқындалған.

Пікірлер