Мәжіліс төрағасы Әбіш Кекілбайұлының мерейтойында Президенттің құттықтауын оқып берді

623
Adyrna.kz Telegram

27 қыркүйек күні Ақтау қаласында халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қатысты. 

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. 

– Әбіш Кекілбайұлы – төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген заңғар жазушы, классик қаламгер. Сөз зергері ерекше дарыны мен телегей-теңіз білімінің арқасында шеберліктің шыңына шығып, теңдессіз туындылар жазды. Әбіш Кекілбайұлы – тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Ұлт мүддесін және ел бірлігін қашанда бәрінен биік қойды. Әбіш Кекілбайұлының отаншылдығы, парасаттылығы, білімпаздығы мен еңбекқорлығы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Оның танымы терең, талғамы мол мұрасы әлі талай буынға рухани азық болары сөзсіз. «Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждем» деп, Отанын шексіз сүйген абыз Әбіштің есімін ел жадында сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз, – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Мәжіліс спикері өз сөзінде Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойы шын мәнінде халықтың мерекесі, ұлттың тойы екенін атап өтіп, Алаш абызының адами болмысын, қайраткерлік қырларын еске алды.

 «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және отандық ғалымдар қатысты.

Сонымен қатар мерейтойға арналған «Әбіш әлемі» халықаралық театр фестивалі өтті.

Пікірлер