Қырғызстан парламенті Ақаевтың "экс-президент" мәртебесін қалпына келтіруден бас тартты

881
Adyrna.kz Telegram
Фото: 24kg
Фото: 24kg

Қырғызстанның жоғарғы кеңесі 25 қыркүйекте өткен отырысында Асқар Ақаевтың экс-президент мәртебесін қайтару туралы өтінішінен бас тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы fergana.agency-ге сілтеп.

85 депутаттың 71-і экс-президентке саяси лауазымды беруден бас тартуға дауыс берді. Ал екі депутат парламент шешіміне қарсы болған. Ал кейіннен олар қателескендерін айтып, парламент шешімін қолдады.

Жоғарғы кеңес спикері Нұрланбек Шәкиев депутаттарға Ақаевтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқандары үшін алғыс айтты. Ол Қырғызстанның тәуелсіздік жылдарында елде жақсылықтан қарағанда қайғы мен қиындық көп болғанын, бұл бірінші президент ретінде Асқар Ақаевтың үлкен кінәсі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, депутат Шәкиев 2002 жылдың 17 наурызында болған Ақсы оқиғасын да айтты. Сол жылы экс-президент  Қырғызстан территориясының бір бөлігін Қытайға беруге қарсы шыққан жергілікті тұрғындардың демонстрациясын атқанын да атап өтті.

«Ақсы өңірінен сайланған депутат ретінде жерлестерім бұл мәселе бойынша біздің шешімімізді өте мұқият және тағатсыздана күткенін айтқым келеді. Оның қаншалықты дұрыс екенін тарих көрсетеді, халық өз бағасын береді, бірақ мен шешім дұрыс болды деп есептеймін», - деп келтіреді 24.kg Шәкиевтің сөзін.

Ақаевтың 2010 жылы уақытша үкімет жарлығымен айырылған экс-президент мәртебесін қайтару туралы өтініші парламентке қыркүйектің басында келіп түскен.

«Асқар Ақаев 80 жасқа толды. Менің ойымша, оны зейнетақы, қауіпсіздік және басқа да нәрселер қызықтырмайды. Ол әлі де қауіпсіздіксіз емін-еркін жүреді. Асқар Ақаев кезінде көптеген келеңсіздіктер болды. Қызығушылықтар болды. Бірақ мұнымен қатар еліміз егемендік алған жылдарда оңды тұстар да болды. Мұны да айту керек», - деді Жапаров Ақаевтың үндеуіне түсініктеме берді.

Асқар Ақаев Қырғызстанды тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан 2005 жылға дейін басқарды. Елде төңкеріс болып, Құрманбек Бакиев билікке келгенде биліктен қуылған президент пен отбасы мүшелері Ресейге кеткен еді. Кейіннен экс-президент Мәскеуде ғылыми және оқытушылық қызметпен айналысты. Кейін Ақаевқа билікті немесе қызметтік бабын асыра пайдалануға қатысы бар деген сынды бірнеше айыптар тағылған.

Пікірлер