Ауылдағы ағайынның табысын арттыруға және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған тиімді несиелендіру (2,5%) бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі - «Ауыл аманаты» бағдарламасы. 2023 жылы астау алған жобаға республикалық бюджеттен Алматы облысына 8 млрд. 267,6 млн. теңге қаражат бөлінді.
Ауылшаруашылығын кәсіптің көзі ретінде игерген азаматтар аталмыш бағдарламаның шарапатын көрді. Алматы облысында малбасын көбейтуге, өсімдік шаруашылығын дамытуға және бірнеше шаруашылықтың басы бір арнаға тоғысқан кооперативтер мен өзгеде бизнес түрлеріне жалпы 1 090 несие берілді.
Төмендетілген пайызбен несие алып, жұмыстарын жандандырған жеке кәсіп иелерінің қатарында Іле ауданының кәсіпкерлерінің жобаларыда бар.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, Бір ғана Іле ауданынан бір неше жоба қаржылай қолдау тапқан. Мәселен, Жамбоз Тоқашев 5 000 000 теңгеге 100 бас қой және 1 000 000 теңгеге жем-шөп сатып алды. Жалпы несие сомасы – 6 000 000 теңге.
Бабаш Гіміңбек 7 500 000 теңгеге 5 бас боталы түйе, Мөлдір Торғаева 6 500 000 теңгеге 10 бас сиыр және 1 500 000 теңгеге жем-шөп сатып алды. Жалпы несие сомасы – 8 000 000 теңге.
Бизнестің тасын өрге домалатуды көздегендердің ішінде Талғар ауданының Жалғамыс ауылында орналасқан «Көркем» жеке кәсіпкерлігі де бар. Олар мал шаруашлығының етті бағытын дамытуға 8 600 000 теңге көлемінде несие алған. Қарыз алушы 42 жастағы Байғазин Аслан, етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 19 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Асыл тұқымды ірі қараны ұстап бағу арқылы, кәсіпкер ет өндірісінің көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. «Ауыл аманаты» арқылы тек мал басын асылдандыру ғана емес, ауылшаруашылығынан өзгеде бизнес түрлері қолдау тауып отыр. Мсылаға алатын болсақ, Талғар ауданына қаасты Жалғамыс ауылында Ақбота Тойлыбаева автокөлік жөндейтін станция ашуды көздеп, жобаға қатысуға өтінім берген. Оның өтінімі мақұлданып, 9 млн. 195 мың теңге несие алған. Кәсіпкердің айтуынша, ауылдық жерде көлік жөндеу қызметіне сұраныс көп. Сондықтан, темірді қызған кезінде басқан дұрыс деген ойда.
Бағдарлама аясында омартамен шұғылдануды қолға алғандард кездеседі. Алматы облысының Аралтөбе ауылдық округінің тұрғыны Артем Терентьев соңғы үш жыл бойы бал шаруашылығымен айналысып келеді. Осы жылды ол «Ауыл Аманат» бағдарламасы арқасында өз ісін кеңейтіп, үлкен жетістіктерге жетті.
«Биыл біз «Ауыл Аманат» бағдарламасы арқылы омартаны кеңейтуге қол жеткіздік. Біз 6,5 миллион теңге көлемінде несие алдық. Бұл бағдарлама бізге бизнесті дамытуға бір жылдай уақыт береді, осы мерзімде ай сайын төлем жасаудың қажеті жоқ. Бір жылдан кейін ғана қаржыны қайтару басталады. Бұл біздің жобаны жүзеге асыруға өте ыңғайлы жағдай туғызды», — дейді Артем Терентьев.
Мемлекеттен аз пайызбен алған несиенің қаржысына Артем 100 ара ұясын, 100 араның балұясын және 1000 дайын жақтауша сатып алған. Артем жаңартылған омартамен бір маусымда 100 ұядан 4-5 тонна бал өндіруге болатынын айтып өтті.
Аралар Карника тұқымынан алынған, бұл тұқымның өнімділігі жоғары және аса зияны жоқ, әрі балды жақсы өндіреді. Артемнің айтуынша, Карника аралары барлық жағынан жақсы көрсеткіштерді көрсетеді.
Ауылдың тұрмысын түзеуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырғандардың бірі Назира Мыңбаева. Қарасай ауданының тұрғыны Шамалған ауылдық округінде шағын наубайханасын ашқан. Тұтас ауылды қазіргі таңда нан өнімдерімен қамтамасыз етуде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы естіген Назира, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарасай ауданындағы филиалына барып, жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алады. Қаражат қолына тиген сәтте үлкен пештер, қамыр илейтін құрылғы мен өзгеде қажетті құрал-жабдықтар, тіпті тәтті тоқаштарды пісіруге керекті шикізаттарды алып, қаржысын тиімді пайдаланған. Наубайханада бір күнде 1500 дана бөлке, ақ және қара батон, бородин мен тандыр пісіріледі. Сондай-ақ бәліш, пицца, тәтті тоқаштар жасалып, дүкен сөрелеріне сатылымға шығаруда. Бұлда жобаның ауыл халқына берген игілі екенін атап өткен абзал.
Бүгінгі күні Алматы облысында жаңадан 53 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, оның ішінде 1 млрд. 126,7 млн. теңгеге
46 кооператив қаржыландырылды. Осы бағдарлама шеңберінде мал шаруашылығы бағыты бойынша етті және сүтті бағытындағы ІҚМ 9 055 бас сатып алынды. Тарқатар болсақ:
Түйе - 27 бас;
Жылқы - 2 337 бас;
Ұсақ мал - 15 075 бас.
Жалпы 1 279 жұмыс орны құрылды.
Қазір қаражат толық игерілді. Бағдарлама облыстағы барлық 133 ауылдық округті қамтиды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы аясында берілетін шағын несиелер - «Қонаев ӘКК» АҚ арқылы жүзеге асады.
Алматы облысының ауылшаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, мал шаруашылығы саласына 894 шағын несие, оның ішінде 36 кооператив қаржыландыруға ие болды. Ал, өсімдік шаруашылығына 40 шағын несие, оның үшеуі кооперативке тиесілі. Ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлік субъектілеріне 149 шағын несие бөлінсе, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 7 несие берілді.