Билікке қарсы шықсаң, дінге сенсең – дымсыз қаласың

4871
Adyrna.kz Telegram

2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қытайда жаңа «Азаматтық кодекс» күшіне енді деп жазады «Адырна» ұлттық порталы Facebook-тағы КИГІЗ КІТАП тобына сілтеме жасап. 1260 бап пен қатаң ережеден тұратын бұл кодекс жеке тұлғаны жіті бақылауға алып, ол туралы ақпаратты жинап, сараптау арқылы әрбір азаматтың өмір сүру мүмкіншілігін реттейтін болады.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұдан былайғы жерде билікке жақпайтын жеке адамның күні - күн емес.., ал, үкімет пен партияның сойылын соққандарға жеңілдіктер бар деп жазады топтың модераторы.

Жоғары балл алу жолдары:

- Қайырымдылық шараларына қатысу;

- Отбасындағы кәрі кісілерге қамқор болу;

- Көршімен тату тұру;

- Қан орталығына тұрақты түрде қан өткізіп тұру;

- Әлеуметтік желіде үкімет саясатын қолдап отыру;

- Кедейлерге көмек көрсету;

- Қаржы несиелік тарихы дұрыс болу;

- Ерлік іс жасауға дайын тұру және т.б.

Әлеуметтік жоғарғы деңгейге ие болғандар: жұмысқа тұруға, баласы мектепке қабылдануға жеңілдікке ие болады. Сондай-ақ, банктен несие рәсімдеуге; жеңіл мәшинені арзанға немесе тегін жалдауға; арзан және тегін спорт залына баруға; арзандатылған жол жүру билетін алуға; емхана мен аурухана кезегін жақындатуға; қызмет бабында тезірек өсуге; мемлекеттік баспанаға ертерек қол жеткізуге және салықты азайту құқығына ие болады.

Ал, енді мынадай іс қылған адамдардың әлеуметтік балл көрсеткіші төмендейді. Олар:

- Жол ережесін бұзушылар (көлікке мас күйінде отырудан бастап, жаяу жүргінші өтетін жермен өтпеген адамдар да);

- Үкіметке қарсы шеруге шыққандар;

- Кәрі ата-анасына дұрыс қарамағандар;

- Әлеуметтік желіде билікке наразы жазба қалдырғандар;

- Интернетте жалған ақпарат тарату және фейк аккаунт қолданушылар;

- Кінәсі үшін шынайы кешірім сұрамау;

- Діни ағым қатарында болу;

- Онлайн ойындарында алаяқтық жасау және т.б.

Әлеуметтік төменгі көрсеткіш иелері көптеген жеңілдіктерден қағылады. Мәселен, әуе қатынасы мен жедел пойыздарға билет брондау; банктен несие рәсімдеу; мемлекеттік барлық қызмет көрсету түрлеріне шектеу; мемлекеттік қызметтен шеттетілу; жекеменшік білім алу мүмкіндігінен аластатылу; көпшілік алдында тәлкекке ұшырау және мазақ етілу; төменгі сортты адамдардың туыстары мен жора-жолдастарының тізімін жариялау секілді басқа да арты жақсылыққа соқтырмайтын қиындықтарға алып келеді.

Аталмыш "Әлеуметтік сенім жүйесі" Қытайда бұрыннан қолданыла бастаған тәжірибе еді. Әуелде шағын ортада іске қосылған бұл шектеу биылдан бастап бүкіл Қытай елі аумағында заңды күшіне енді!

 

Пікірлер