“Қалыңмалды 10 миллионға көтеру керек”. Желідегі пікір қызу талқыланды

1003
Adyrna.kz Telegram
Сурет: zakon.kz
Сурет: zakon.kz

Әлеуметтік желіде қалың малды талқылаған әйелдің сөзі пікірталас тудырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Гүлжан есімді ТікТок қолданушысы қазақ қыздарының қалыңмалын 10 млн теңгеге көтеру керек деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, қыздардың құны Toyota Camry көлігінен де түсіп кеткен.

“Қазақтарға қалыңмалдың бағасын 10 миллионға көтеру керек. Неге дейсіз ғой? Себебі қазір қазақ қыздарының құны «Камриден» де түсіп кетті. 1-1,5 млн беріп құтыла салады. Мен оған өте қарсымын. Бұл жерде саудаласып немесе қызды сатып жатқан жоқпын. Бұл жерде қазақ қызының, өзіміздің салт-дәстүріміздің құндылығын қайтадан жаңғыртып, көтеру керек деп ойлаймын”, - дейді белсенді.

Әйел адам қалыңмалдың аз болуы ажырасудың белең алуына себепші болып жатқанын айтады.

“Мысалға, түріктерде қыз алу үшін пәленбей келі алтын береді. Бірақ ол жақта ажырасу деген жоқ. Ал біз бүкіл дүниежүзі бойынша ажырасу жағынан шамамен бірінші орынды алып тұр екенбіз. Себебі осындай құнсыздану кесірінен сондай дүниелер болады. Егер де біз бір қызды алу үшін 10 млн беретін болсақ, екі жақтың да бір-біріне деген қарым-қатынасы басқаша, қыз баланың алдында жігіттің деңгейі, абыройы жоғары болады”, - дейді ол.

Алайда желі қолданушыларының кейбірі пікірмен келіспейтінін айтты.

“Қыз ажырасамын десе қалың мал алғаны есінен шығып кетеді”, “сонда не өзгереді?”, “қалыңсыз-ақ бақытты болып жатқандар көп”, “сол 1 миллионның өзін кредитке алатындар бар”, “қазір қыздар қалың малдан бөлек қымбат махр сұрайды” деп жарыса жазуда. Ал ендігі бірі “қалың малға дүние алады, ол жігітке барады”, “берсін, дұрыс”, “ол біздің дәстүр, қанша берсе де жарасады”, “қыздың құнын көтеру керек, орынды” деген пікір қалдырып жатыр.

Пікірлер