Ұлт руханиятының қасиетті қара шаңырағы

134
Adyrna.kz Telegram

2024 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 90 жылдық мерейтойы аясында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының «Конституция залында» Институттың ұйымдастыруымен «Ұлттық әдебиеттану мен өнертану: тарих тағылымы және заманауи ізденістер» атты салтанатты жиын өтті.

 Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сенат депутаттары, белгілі әдебиеттанушы және өнертанушы ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысып, Институттың қазақ руханиятындағы, тарихындағы алатын орны туралы кеңінен пікірлер айтты. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы қатысып, құттықтау лебіздерін жеткізді. Сонымен бірге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет оқыса, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың хатын Академияның вице-президенті Асхат Асылханұлы Кесікбаев, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Думан Орынбековтың құттықтауын филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков табыстады.

 Сонымен бірге шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Қазақ ұлттық хореография академиясы және Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұжымдары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

 Жиын барысында Институттың осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары жөнінде ақпарат беріліп, 2024 жылы шыққан ғылыми еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті. Атап айтқанда: Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев шығармаларының академиялық толық жинағы, «Фольклор және қоғамдық сана», «ХХІ ғасыр әдебиеттануы: терминдер сөздігі», «М.О. Әуезов шығармашылығын мәдениеттер диалогы аясында зерттеу», «Абай мұрасындағы ұлттық және жалпыадамзаттық: уақыт пен кеңістіктегі рухани транзит», «Қазақ постфольклоры», «Түркі халықтары қаһармандық эпосының салыстырмалы типологиясы», «Балалар әдебиетінің пәнаралық аспектілері», «Алаш қайраткерлері және ұлттық фольклор», «Алтын Орда дәуірі және қазақ фольклоры», «Қазіргі поэзиядағы модификация: стиль, ырғақ, форма», «Алпамыс батыр» жырының үш тілдегі нұсқасы», «Қазақстандық өнертану ғылымы: посткеңестік дәуірді зерттеудің жаңа тәсілдері», «Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы: уақыт еншісіндегі ғасырлар үні», «Жаңа қазақ әдебиеті: дарынды жастардың шығармашылық жетістіктері», «Орталық Азия әдебиеті: постотарлық эстетика және әдеби байланыстар», «Изобразительное искусство и архитектура Казахстана в период независимости: стиль эпохи и преемственность традиций», «Казахская тема в русской литературе: имагологический дискурс» атты ұжымдық монографиялардың, «Шериаздан Елеукенов және әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері», «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы және музейді қалыптастырудағы Ләйлә Әуезованың тарихи рөлі», «Қазіргі әдебиеттану, өнертану және фольклортанудың өзекті мәселелері», «Оразгүл Нұрмағамбетова және эпостану мәселелері» атты халықаралық конференция материалдарының тұсаукесер рәсімі өтті.

 Жиынға Алматы қаласынан «Әуезов музей-үйінің» жылжымалы көрмесі арнайы әкелініп, Астана қаласының жұртшылығына таныстырылды.

 Жиын соңында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды. Сондай-ақ Институттың Астана қаласындағы күндері аясында өткізген іс-шараларына көмек көрсеткен мекеме басшылары мен ұйымдастырушыларға алғыс хат тапсырылды.

Пікірлер