Олаф Шольц Maqsut Narikbayev University студенттерімен кездесті

890
Adyrna.kz Telegram

2024 жылдың 16 қыркүйегінде Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц Maqsut Narikbayev University студенттерімен ашық кездесу өткізді. Бұл Олаф Шольцтің  Қазақстандағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған ресми іс-сапары аясындағы кездесулерінің бірі болды.

MNU Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев Федералды канцлер Шольцке бүгінгі кездесу үшін және екіжақты қарым-қатынасты дамытудығы ерекше назарына алғысын білдірді.

«Бүгін сізді университет қабырғасында қарсы алу - біз үшін үлкен мәртебе. Біз өз кезегімізде жаһандық үдеріске бағдар алған білім беру жүйесін дамытып жатқанымызды мақтан тұтамыз.  Жақында академиялық байланыстарды нығайта отырып, Франкфурттағы Еуропалық Виадрина Университетімен келісімге қол қойдық. Неміс университеттері және елшілікпен әріптестік – Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесіміз. Осы орайда сізге уақыт бөліп келгеніңізге алғысымызды білдіреміз.  Бұл диалогтың біздің студенттер үшін аса маңызды болатынына сенімдімін», - деді Басқарма Төрағасы.

Кездесу барысында Олаф Шольц университет студенттерімен ашық сұрақ-жауап сессиясын өткізді. Іс-шара аясында халықаралық саясаттың өзекті тақырыптары, Қазақстан-Германия ынтымақтастығының келешегі, қарқынды технологиялық және әлеуметтік өзгерістер дәуірінде жастар алдында ашылатын жаһандық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланды. 

Канцлер MNU студентінің Қазақстан мен Германияның одан әрі ынтымақтастығы туралы сұрағына жауап бере отырып, елдер арасындағы ақпарат пен тәжірибе алмасудың ерекше екендігін атап өтті.

«Бұл екіжақты дамуға ықпал етіп қана қоймай, өзара пайдалы болуға мүмкіндік береді. Себебі ынтымақтастық және мүмкіндіктермен алмасу - әлемдік өзара байланыстың негізгі аспектілеріне айналуда. Германия өз кезегінде қазіргі заманда халықаралық қатынастарда шешуші рөл атқаратын тетіктің бірі, яғни ақпарат алмасуға және серіктестік қатынастарын нығайтуға әрдайым ашық», - деді ол.

Сонымен қатар Шольц құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті. Ол білім беру мекемелері мен БАҚ адамдарға өз құқықтары мен заңнамаларын жақсы түсінуге көмектесуі керектігін айтты. Оның пікірінше, құқықтық сауатсыздықпен күресу – адамдарға өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдалануға көмектеседі.

Олаф Шольцтың сапары Maqsut Narikbayev University мен Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Бұған дейін университет Франция Президенті Эмманюэль Макрон және НАТО-ның қазіргі Бас хатшысы Марк Рютте сияқты әлемдік көшбасшыларды қабылдады, бұл өз кезегінде MNU-дің халықаралық академиялық алмасу орталығы ретіндегі мәртебесін растайды. Мұндай әлемдік деңгейдегі көшбасшылармен кездесулер студенттерге баға жетпес тәжірибе ұсынады. Сондай-ақ олардың көкжиегін кеңейтіп, жаһандық үдерістерді тереңірек түсінуге көмектеседі. 

Пікірлер