Ауқымды істер аймағына айналды

103
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздіктің тұнық ауасымен тыныс алған жылдары Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөрлі ауданының экономикасы да өсіп-өркендеу жолына қадам басты. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдаулары болашағымыздың бағдаршамына айналды. Атқарылар ауқымды істерге тың серпін берді. Әрбір салаға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында халық мүддесі, игілігі үшін өрелі істер кеңге қанат жайды. Алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бағытында биылғы жыл басынан бері  нәтижелі істердің жүзеге асқанына ел куә.
          Бүгінде ауданда 19 178 отбасы бар, адам саны 57 868 құрайды.

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың айтуынша, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша аудан бюджеті 14,7 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда ауданда аумағында 91 бюджеттік жоба жүзеге асуда.

Аудан экономикасына жеке инвестициялар өсімінің оң серпіні байқалуда. Өткен жылы 1,8 млрд теңгеге сегіз жоба аяқталып, іске қосылған.

Бөрлі ауданы бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 5136.

  Үш инвестициялық жоба жүзеге асуда

        Бүгінде ауданда ауылшаруашылық бағытында 465 шаруа қожалығы, 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 27 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі тіркеуде. Жыл басынан бастап ауыл шаруашылығының өнімі 3 млрд 270 млн теңгені құрады. Егістік алқабы 63 807 гектарды құрайды.

Өңіріміздің агроөндірістік кешенін дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар үш инвестициялық жоба іске асырылу сатысында. Еркебұлан Нұретдинұлының мәліметінше, «Достық-Қоныс» ЖШС етті мал шаруашылығын дамыту бағытында асыл тұқымды малды өсіру және бордақылау жөніндегі ауыл шаруашылығы кешенін салуда. Жобаның қуаттылығы – 2 мың бас. Құрылыс өткен жылдары басталып, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Өңіріміздің агроөндірістік кешенін дамыту жобасы аясында «Amanat» шаруа қожалығына 1 млрд 64 млн теңге арзандатылған несие бөлініп, ауылшаруашылық техникасы, 80 га. суармалы аймаққа арналған жаңбырлатып суару кешені, сүт фермасының қажетті жабдықтары сатып алынған. Сондай-ақ ағымдағы жылдың аяғына дейін Венгрия мемлекетінен голштин сұрыпты 408 бас асыл тұқымды малын сатып алады. Бүгінде 630 бас сиырға арналған екі қора және сиыр сауу орны, сүт блогы және сүт салқындатқыштары бар. «Amanat» шаруа қожалығы 2025 жылы қосымша қуаттылығы 80 га. жаңбырлатып суару кешенін сатып алуды жоспарлауда. Нәтижесінде, күніне 8800 литр сүт өндіру арқылы аудан және облыс тұрғындарына сапалы өнім ұсынатын болады.

«Жарсуат» ЖШС-ның  950 гектар суармалы жері бар, бүгінгі таңда 222 гектары игеріліп отыр, оның ішінде 128 гектарға картоп, 84,5 гектарға көкөніс және 9,5 гектарға бақша дақылдары егілген. 2025 жылы үш жаңбырлатып суару кешенін сатып алуды жоспарлап отыр. Суармалы алқапты толық пайдалану 2028 жылға жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2025 жылы сыйымдылығы 12 мың тонна картоп және көкөніс сақтауға арналған қойма құрылысы жоспарланған. Серіктестік 200 басқа арналған бордақылау алаңын салды. Осы мақсатта шағын құрама жем өндіретін цех жабдықталды.

680 азаматқа жер телімі беріледі

Қазіргі таңда аудан бойынша 2783 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 шағынауданда 9 қабатты 198 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтап, кезекте тұрған азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы беру көзделіп отыр. Бағдарлама бойынша Ақсай қаласының 10 шағынауданында 9 қабатты 126  пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ауылдық елдімекендерге 132 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Аудан бойынша 15506 адам жер телімінің тізімінде тұр. Жер кезегінде тұрған азаматтар үшін Бөрлі ауылында жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған, сумен, газбен және электрменжабдықтаудың инженерлік желілерін салу жобасы іске асырылуда. Құрылыс нысанының аяқталуы 2025 жылдың I жартыжылдығына жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 680 азаматқа жер телімі берілетін болады.

Сондай ақ, Ақсай қаласы «Жилой Массив-2» ПДП-сы 800 жер учаскелерін сумен жабдықтау жұмыстары аяқталды.Ендігі кезекте электр және газбен қамтамасыз ету жұмыстары биылғы жылы аяқталып, кезекте тұрған азаматтарымыз үшін жер учаскелерін үлестірілетін болады.

        –   Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерінің бірі –тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және оған қолайлы жағдай жасау болып табылады. Бұл бағытта биылғы жылы Бумакөл және Приурал ауылдарында электр желілерін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Ақсайдағы электр желісінің тозуын төмендету үшін қаланың оңтүстік бөлігіндегі шағынауданында және 7-шағынаудан мен 4-ші Құрылысшы шағын аудандар арасындағы электр желілерін қайта жаңарту үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. «БҚО Бөрлі ауданы Ақсу ауылдық округінің Ақсу және Жаңақоныс ауылдарындағы электр желілерін қайта жаңарту» нысаны бойынша жобалық сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сараптаманың оң қорытындысын алу осы айға жоспарланды. Қаланың су құбыры желілерінің тозуына байланысты жиі апатты жағдайлар орын алып, тұрғындар үшін қолайсыздықтар тудыруда, – деген аудан басшысы аталған мәселені шешу мақсатында Ақсай қаласының 4,5 және 10-шы шағын ауданданындағы су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде екенін, аталған жобалар қазан айының соңында аяқталатынын жеткізді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Пікірлер