Ескерілмеген жауын-шашын. Министр "су дипломатиясы" туралы айтты

1364
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР Су ресурстары министрлігі
Фото: ҚР Су ресурстары министрлігі

Су ресурстары министрі 2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,9 млрд текше метр су жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қазақпаратқа сілтеп.

Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Солтүстік Аралдағы жалпы су көлемі 22 млрд текше метрге жеткенін хабарлады.

18-ші қыркүйек күні өткен маңызды жиынға Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегациялар қатысты.

«Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда Президентіміз Халықаралық Аралды құтқару қорының басшысы болып сайланды. Қордың төрағасы ретінде біздің елімізге үлкен жауапкершілік жүктелген және біз Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Бірлесіп Арал теңізін сақтау бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткіздік және осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз. Биыл Солтүстік Аралға тұрақты түрде су келеді. Суару кезеңінің ортасында Сырдария өзені арқылы теңізге секундына 80 текше метрге дейін су жіберілді. Салыстырмалы түрде, бір жыл бұрын секундына 6 текше метр ғана барған болатын. Соңғы жылдары Солтүстік Аралда су көлемі төмендеді, бірақ 2024 жылдың басынан су деңгейі қайта көтеріле бастады және бүгінде 22 млрд текше метрге жетті. Солтүстік Аралда су көлемінің одан әрі ұлғаюын қамтамасыз ету үшін біз су дипломатиясын күшейтіп, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі жобаның екінші кезеңін әзірлеп жатырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Жиын барысында Қазақстанның 2024-2026 жылдары ХАҚҚ төрағалық ету кезеңіне арналған Атқару комитетінің жұмыс жоспарын бекітілді. Құжат құрылтайшы мемлекеттердің басшылары мен ХАҚҚ Президентінің тапсырмаларын іске асыру, Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру және өзге де мәселелер бойынша 10 бағыттан және 40-тан астам іс-шарадан тұрады.

Пікірлер