Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улануы. Қылмыстық іс қозғалды

922
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысында жүзге жуық баланың мектеп асханасынан улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеп. 

«Қазір оқиға орнында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі күні дәрігерлер 460 баланы тексеріп, оның 377-сі амбулаторлық бақылауға жіберілді. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына 83 бала түсті. Екеуі жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Мектеп оқушыларының денсаулығы жақсарып келеді», - делінген дүйсенбі күнгі хабарда.

Дерекке сүйенсек, үйде бақылауда болған оқушылардың бүгін мектепке барғаны айтылды.

«Мектеп асханасы мөрленіп, жабылды. Балалар толық сауыққаннан кейін оларға қосымша сабақтар ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасы Білім министрінің тапсырмасы бойынша бүгіннен бастап барлық облыстар мен қалаларда мектептегі тамақтандыру бөлімшелерін бақылау үшін мобильді топтар ұйымдастырылды. Бұл топтар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тағамнан уланудың алдын алу мақсатында ыстық тамақтың сапасы мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайтын болады», - делінген хабарламада.

Комитет өнімдердің сапасына және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкестігіне мектептегі азық-түлік жеткізушілер тікелей жауапты екенін атап өтті.

«Әрбір әрекеттің артында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұрғанын есте ұстаған жөн», - деп қосты комитет.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында 60-қа жуық оқушының мектеп асханасынан уланып қалғаны хабарланған болатын. 8 қыркүйекте 140-тан астам баланың зардап шеккені белгілі болды. 9 қыркүйекте үкімет балалардың жаппай улану себептерін тергеуді бақылауға алғанын хабарлады.

Пікірлер