Басқарма неге Вологодскаяны кінәлап отыр?

991
Adyrna.kz Telegram
Фото: inbussines.kz
Фото: inbussines.kz

"Адырна" ұлттық порталында “Қайың ағашы 3,5 миллион теңге тұрады, ал мемлекеттік тіл ше?” деген сыни мақала жарияланған болатын. Сол материалға байланысты аудандық аурухана мекемесі ресми жауап берді, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

Біз аталған мақалада Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты Шал ақын аудандық ауруханасы 3 500 130 теңгеге 170 текше метр қайың ағашын сатып алуға тендер жариялағанын, мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасының қазақша нұсқасын мүлдем түсіну мүмкін еместігін жазған едік.

Аудандық аурухананың мемлекеттік тілге бұлай немқұрайлы қарауының себебін сұрап облыстық денсаулық басқармасына хат та жолдағанбыз.

Облыстық басқарма ресми хатты ауданға қарай ысыра салса керек, ауданнан төмендегі хат келді (мәтінді өзгертпей ұсынамыз):

“1. А.Б. Степанова – мемлекеттік тілдегі құжаттардың редакторы бар.

2. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі бугалтер С.В.Вологодская 2024 жылдың 17 шілдесінде мемлекеттік сатып алу желісіне 170 текше метр «Қайың ағашын» сатып алу өтінімі мемлекеттік тілде аудармасын мекеменің мемлекеттік тілдегі құжаттардың редакторына берместен өз еркімен жүктегенін хабарлайды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу есепшісі С.В. Вологодская 2024 жылдың 22 шілдесінен 2024 жылдың 26 тамызына дейін кезекті еңбек демалысында болуына байланысты тәртіптік жаза қолдана алмайтындығын хабарлайды. “Қазақстан Республикасындағы тiл туралы” 1997 жылғы 11 шiлдедегі No151 Қазақстан Республикасының Заңын сақтау мақсатында, мекеме директорының бақылауына қатаң түрде алынғандығын хабарлайды” делінген.

Мемлекеттік мекеменің мемлекеттік сатып алу сайтында мемлекеттік тілді қорлауына “кішкентай қызметкер” Вологодская емес, тұтастай облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауапты. Соны біле тұра бар жауапкершілікті Вологодскаяға аудара салып, оны “еңбек демалысында жүргендіктен жазалай алмадық” деп түлкібұлтаңға салу Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік тілге деген көзқарасының қандай екенін айғақтаса керек.

Біз мемлекеттік сатып алу сайтындағы осы мекеменің мақала жазылғанға дейінгі де, мақала жазылғаннан кейінгі де құжаттарын сүзіп шықтық. Ондағы сорақы қателіктерді көріп, жауап хатта жазылған “мемлекеттік тілдегі құжаттардың редакторы бар” деген сөздеріне де сене алмай отырмыз.

Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық басқармасының құжаттарындағы өрескел қателіктер туралы алдағы уақытта таратып жазатын боламыз. Әйтпесе, жауап хатқа сенсек, жай ғана аудандық аурухананың есепшісі “Вологодская ханым” құдды бүкіл СҚО денсаулық басқармасының мемлекеттік сатып алу сайтындағы мемтілдегі құжаттарының бәрін қате-қате аударып, онысын редакторға да оқытпай жүктеп жатқандай көрінеді екен.

Ақан Асыл

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер