Қазақстанның БРИКС-ке қадамы жайлы Путиннің көмекшісі хабарлады. Берік Уәли үнсіз қалды

340
Adyrna.kz Telegram
Фото: piter.news.net
Фото: piter.news.net

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ресми түрде БРИКС-ке серіктес мемлекет мәртебесін алады. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанмен қатар тағы сегіз мемлекет БРИКС серіктесі болуға шақыруды қабылдады, оның ішінде Беларусь, Индонезия, Өзбекстан және Куба бар.

ҚАЗАҚСТАН ЖАЛҒЫЗ ЕМЕС

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 22-24 қазанда Қазан қаласында өткен БРИКС саммиті маңызды шешімдерге қол жеткізгенін айтады.

«Саммиттің маңызды нәтижелерінің бірі БРИКС-ке серіктес елдерінің санатын белгілеу және 13 мемлекеттің тізімі туралы келісім болды. Бұл мемлекеттерге тиісті шақырулар жіберілді. Бүгінге дейін БРИКС серіктес-мемлекеті болуға дайындығы туралы мәлімдемелер Беларусь, Боливия, Индонезия, Қазақстан, Куба, Малайзия, Таиланд, Уганда және Өзбекстаннан да түсті», - деді Ушаков журналистерге.

Бұл мәртебе жаңа серіктестер өкілдерінің БРИКС саммиттерінің жеке кездесулеріне, сыртқы істер министрлерінің кездесулеріне, қауіпсіздік мәселелеріне жауапты жоғары өкілдердің кездесулеріне және қауымдастықтың басқа да іс-шараларына қатысуын қамтиды.

Жақын арада осындай шақырулар жіберілген тағы төрт елден жауап күтілуде.

БРИКС ЖӘНЕ БЕРІК

Қазан айында Қазақ қаласындағы БРИКС саммиті алдында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли осы топтан Астанаға шақырту түскенін хабарлаған. Онда Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтылған.

«Қазанның 23-24-і қазанда БРИКС саммиті өтеді. Білуімізше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форумға қазір осы бірлестікті басқарып отырған Владимир Путиннің қонағы ретінде шақырылған. Президенттің жоспарында БРИКС саммитіне қатысу бар. Ол сонда 24 қазанда ұйымның аутрич форматындағы кеңейтілген отырысында сөз сөйлеуді жоспарлап отыр», - деген еді Берік Уәли БРИКС саммиті қарсаңында.

Сонда Берік Уәли "Қазақстан БРИКС ұйымының дамуын мұқият бақылап отыр және оның негізін қалаушы мемлекеттердің кез келген ірі державалардың гегемониясынан азат, әділ және демократиялық әлемдік тәртіп құруға шақыруларын қолдайды,"- деп мәлімдеген.

Одан да қызығы мынау.

Қазақстан Президентінің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли "Қазіргі таңда және жақын болашақта Қазақстан БРИКС-ке мүшелікке өтініш бермейді. Бұл шешім ұйымның даму перспективалары мен көп сатылы процесін ескере отырып қабылданған,"- деген.

Пікірлер