Қайың ағашы 3,5 миллион теңге тұрады, ал мемлекеттік тіл ше?

1376
Adyrna.kz Telegram

"Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына" қарасты Шал ақын аудандық ауруханасы  3 500 130 теңгеге 170 текше метр қайың ағашын сатып алуға тендер жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап. 

Мемлекеттік сатып алуға өтінімдерді қабылдау 17 шілде күні басталған. Жеңімпаз компания 24 шілде күні анықталады. Техникалық сипаттамаға қарап, аудандық ауруханаға қайың ағаштарының не үшін қажет екенін түсіне алмадық. Түсінгеніміз, 170 текше метр қайың ағашы Шал ақын ауданына қарайтын ауылдық окургтердің емханаларына бөлініп беріледі екен. 

Техникалық сипаттаманың қазақша нұсқасын түсіну мүмкін емес. Қараңыз: "Ағаш қайың, чуркованные, Ұзындығы 30-40 см, жеткізу. ағашта сыртқы және ішкі шіруге жол берілмейді. Отын ГОСТ келуі керек 3243-88 қабылдау кезіндегі өлшеу коэффициенті 0,6. Түйіндердің ұзындығы 3 см-ден аспауы керек. отынның ылғалдылығы 25% -дан аспайды. Барлық шығындар тауар бағасына енгізілген. Жеткізуші жеткізудің басталу және аяқталу мерзімімен отын әкелу кестесін ұсынуға міндетті. Кесте бойынша мерзім аяқталғанға дейін отын жеткізу отын жеткізу. Тауарларды Өлшеу және тиеу және жөнелту Тапсырыс берушінің қатысуымен жүзеге асырылады. Тауардың бағасына жеткізу. Тауарды жеткізер алдында өнім беруші Тапсырыс берушіге кемінде 24 сағат хабарлауға міндетті. Тауарды жеткізу тапсырыс беруші өкілінің қатысуымен жүргізіледі".

Бізді "Шал ақын аудандық ауруханасында техникалық сипаттаманы таза мемлекеттік тілде түсінікті етіп жазатын бір де бір маман жоқ па?" деген сауал мазалайды. Мәселен, алғашқы сөйлемді "Қайың ағашы шөлкелеп кесілген (ұзындығы 30-40 см), қабығы да, діні де шірімеген болуы, отын 3243-88 ГОСТ стандартқа сай келуі керек" деп түзетсек, оқылуға да, түсінуге де оңай болар еді. 

Аудандық аурухананың мемлекеттік тілге бұлай немқұрайлы қарауының себебі неде? Бұл сұрақты тиісті мекемеге жолдадық. Жауабын алдағы уақытта жариялайтын боламыз!

Абай Асыл

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер