Кино үйі ме, қораның күйі ме? Кетеуі кеткен ғимаратқа қамқоршы табылмай тұр

4262
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы Кино үйінің бүгінгі қараусыз күйінен тиісті министрлік хабардар екені айтылады. Дегенмен оны қайта жаңғыртып, қалпына келтірудің жолы қандай? Кино өнерінің ғибадатханасындай ғимарат неге мұндай күйге түсті?

«АЙМАНОВ ҚОНАЕВТАН СҰРАП АЛҒАН»

Алматының қақ ортасында орналасқан Кино үйін бірі білсе, бірі білмес. Себебі Қазыбек би мен Қалдаяқов көшлеренің қиылысында орналасқан екі қабатты ғимарат жын-ойнақ мекеніне айналып кеткелі біраз жылдың жүзі болған. Мәдениет ошағы болуы тиіс мекен қараусыз қалған баладай «жетімсіреп» тұр. Түнгі клубтың жарнамасы жарқыраған ғимараттың сырты бүтін болса да іші астан-кестең.

Осы ғимарат өткен ғасырда Алматы жастарының сүйікті мекені болған дегенге бүгінде ешкім сенбестей күйге түскен.

Киногерлердің сөзінше, бұл нысанды 1969 жылы Шәкен Айманов Дінмұхаммед Қонаевтан сұрап, іргетасын қалаған. Әр бұрышына ерекше назар салып, қабырғасын алақанымен сипап, көңіл бөлген деседі. Нәтижесінде екі жылдың ішінде 2 қабатты үлкен ғимараттың іргетасы қаланып, сол жылы-ақ кинолардың көрсетілімі жүрген.

МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫН ЖЫН-ОЙНАҚҚА АЙНАЛДЫРҒАН КІМ?

Қазақстан Кинематографистер одағының еншісінде болған ғимараттың дауы өткен ғасырда басталса керек. Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов, Әкім Тарази, Рашид Нұғыманов, Ораз Рымжанов, Максим Смағұлов, Әмір Қарағұлов, Асанәлі Әшімов, Игорь Вовнянко және жас маман Ахат Ыбыраев төрағалық еткен кино әлемінің тыныштығын нарықтық заман бұзған.

Тоқсаныншы жылдары мемлекеттің қамқорлығынан қағылған шығармашылық үйлерін жаппай жекешелендіру жүргізіліп, сол кезде кәсіпкерлердің бірі атақты Кино үйі ғимаратының 60 пайызын сатып алыпты. Алдымен ғимараттың бір бөлігі қоғамдық тамақтандыру орнына, сосын түнгі клуб болған көрінеді. 2016 жылы Қазақстан кинематографистер одағы жас, есімі көпке беймәлім режиссер Ахат Ыбыраевтың қолына өткен. Ол Кино үйінің одаққа қарасты бөлігін жалға беріп, ол жерді коммерциялық мақсатқа пайдалана бастайды. Ал бірнеше жылдан бері Кино үйінің маңдайында «King club» деген жарнама тұр. 

Басынан бақ тайған Киногерлер одағы 2018 жылы ақпанда кезектен тыс съезд өткізіп, ұйым басшылығына Ермек Тұрсыновты бекіткен. Кино үйін киногерлерге кері қайтару жұмыстары басталып, ғимаратты жалға алған кәсіпкерлерді сотқа берген Қазақстан кинематографистер одағы 2,5 жылдан соң, жеңіске жеткен.

 - 2000 жылдарыы басшылар ғимараттың 60 пайызын сатқан. Қазір Одақта тек 40 пайыз қалды. Қанша рет министрлікке ескертілді. Ермек Тұрсынов бәрімен келіскен, сөйлескен. Министрлер «қолдаймыз, көмектесеміз» деген. Бірақ, жай сөз болып қалды. Алматыда үш әкім ауысты. Бәрімен де жүздесті. Ол жерде де тек «көмектесеміз» деген құрғақ уәде болған. «Қазақфильмде» де жағдай осындай. 1969 жылдан бері ол жаққа та жөндеу жұмыстары жасалмаған. Кино үйі де қирап тұр, - дейді кинопродюсер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребай.

КИНОТЕАТРЛАР ЖЕКЕНІҢ ҚОЛЫНА КЕТКЕН...

Қазақ киносының болашағы үшін аянбай еңбек етуге арналған бұл мекеннің бүгінгі көркі адам шошырлық. 400 орындық кинозалы бар мекенде қазақтың үздік туындылары қойылып, түрлі кинолардың тұсаукесері кесілді дегенге сену қиын. Алайда жастық шағын осында өткізген ел ағалары бар шындығын жайып салды. 

 - Мен 1974 жылы оқуды бітіріп, Ленинградтан осында келдім. Киностудия қазіргі филармонияның орнында болатын. Сол жақтан 6-да шығып, осы жақта кино көруші едік. Бүкіл Кеңес одағына таралған кинолардың тұсаукесері осы Кино үйінде өтуші еді. Ал астындағы бюро шетел киноларын Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратып, белгілі актерлермен кездесу, лекция ұйымдастыратын. Балалардың бәрін осылай киноға тартушы еді. Қазір ол түгілі өзіміз премьера жасай алмаймыз. Мемлекет көмек бермейді. Біз қоғамдық ұйымбыз. Сол себепті министрлік бізге қаржы бөле алмайды. Алайда бізде қазір еш жерде мемлекеттік кинотеатрлар жоқ. Бәрі жекенің қолында. Министрліктен біздің сұрайтынымыз: Алматыда мемлекеттік кинотеатр болсын. Қазір «Қазақфильмде» кинолар шығып жатыр. Оны көрсететін жер жоқ. Басқа кинотеатрлар әкесінің құнын сұрайды. Бізге көмектесетін адам болса осы ғимаратты жөндеуден өткізіп берсін. 400 орындық залы бар. Кино көрсететін керемет жер. Жастарды осы жерде оқытуға, киноға баулуға, үйретуге болады, - дейді Киноматографистер Одағының хатшысы, режиссер Сатыбалды Текеев.

ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ БҮГІНГІ КҮЙІ – КИНО ҮЙІНІҢ ЖАҒДАЙЫ

 - Біз қалай тәуелсіздік алдық, солай ұлттық киноның мәселесі басталды. Сол кезден бастап осындай қирандыға жетіп отырмыз. Бұл 90-жылдардан басталған мәселе негізі. Сол сәтте жаңа буын келіп, киноға иелік етті. Қазір көбісі бұл дүниеде жоқ. Олар кезінде осының бәрін сатып, қызығын көрген. Олар соңғы сағаттарында қиыншылық көрді. Өнерге қиянат жасауға болмайды. Өмір соны дәлелдеді, - дейді сценарист, режиссер, кинотанушы Ерлан Төлеутай.

Көлемі 900 шаршы метр болатын киногерлер иелігінде қалған аумақта екі мыңыншы жылдардың соңына дейін «Еуразия» кинофестивалі, шетел киноларының апталығы, киногерлердің «Құлагер» тәуелсіз сыйлығы салтанатты түрде табысталып отырған. 

Ал қазіргі жағдайда сот арқылы Кино үйі киногерлердің меншігіне қайтқанымен көмек көрсететін «Атымтай жомарт» табылмай тұр. Ең өкініштісі, қазір бұл жерді «көше кезгендердің тастанды мекенімен» шатастыруға болады. Себебі құнды құжаттар шашылған, орындықтардың күл-талқаны шығып, барлық жер қираған. Тіпті кино тарихында есімі алтын әріптермен жазылған киногерлердің суреттері аяқ асты болып, архивта сақталуы тиіс суреттер мен естеліктер шаң басып жатыр. 

 - Бұл – киелі мекен. «Қазақфильм» сияқты, Жазушылар одағы секілді киелі жер. Бұл жерде Шәкен Аймановтың ізі қалған.1971 жылы ашылды. Кино үйі – қазақ киносындағы майдангерлердің екінші үйі сияқты болып келді. «Қыз Жібек» фильмінің алғашқы тұсаукесері осы жерде өтті. Сондықтан бұл тарихи сәттерге толы киелі мекен. Біздің келесі жоспарымыз – ғимаратты  қалпына келтіріп, кәдеге жарату. 2 ай бұрын министр Аида Балаевамен кездестім. Ол кісілер «біліп отырмыз, хабардармыз, көмектесеміз» деп отыр. Енді жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар, заттардың қаржысын санау жұмыстары жүріп жатыр. Қазақ қоғамы, мемлекеттің көмегімен киелі жерімізді көрнекті қалпына келтіру керек. Кейін бұл жерде мемлекеттік фильмдердің тұсаукесері, премьера өтеді. Қазақстандағы идеологияға толы, халықтың қолы жететін кинотеатрға айналдырамыз деген жоспарымыз бар, - дейді Қазақстан киногерлер одағының басқарма төрағасы Адай Әбілда.

CҮРІП ТАСТАП, СЕГІЗ ҚАБАТ ҒИМАРАТ САЛМАҚ

Қала ортасында көркі кеткен ғимаратқа демеушілік етушілер табылыпты. Алайда олардың көздегені пайда болып отыр дейді киногерлер. Бизнесмендер Кино үйін сүріп тастап, сегіз қабатты ғимарат салуға ниетті көрінеді. Көпқабатты орталықтың екі қабатын кино майталмандарына табыстап, қалғанын жеке мүддеге пайдалануды көздемек. Бұл ғимаратты «аманат» деп санайтын кино саласының саңлақтары ұсынысқа келісім білдірмеген. 

Қос қабатты ғимараттың бірінші бөлімінде клуб болып, жиһаздары қалып қойған. Шәкен Айманов қолымен ұстап, алақанымен сипалаған қабырғаларда ЛГБТ туы бейнеленген ерсі суреттер, ал 400 адамдық залда ішімдіктің қалдықтары жатыр. 

Кезінде басшылық отырып, құрылтай өткізген екінші қабаттағы бөлмелер де астан-кестең. Ұлылардың суреттері аяқ астында тапталып, өткен ғасырда ілінген афишалар шаң басқан. Кезінде құны 1 рубль болған құнды билеттер де жерде шашылып жатыр. Одан бөлек, Абдолла Қарсақбаевтың түрлі туындылары, «Жерұйық» пен «Жетімдер» сынды фильмдердің дисктері сынып, қараусыз қалған.

Ғимараттың бүгінгі көрінісіне қарап, «осы жерде кезінде бақилық болған киногерлерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімдері өткен» дегенге ешкім сене қоймас. Бірақ бұл – нағыз шындық. Жын-ойнаққа жем болған Кино үйін әрең аман алып қалған киногерлер бүгінде амалы таусылғанын айтады. Тарихты сақтап қалу үшін мемлекеттен көмек сұрап, ұлттық кинотеатрды қалыптастыруға шақырады.

"Adyrna" ұлттық порталының ютуб арнасында осы мәселеге қатысты киногерлердің ойы мен пікірі

">айтылған подкаст жарияланды.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер