Бүгін - сауда қызметкерлері күні, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жыл сайын шілденің төртінші жексенбісінде аталып өтілетінін бұл мереке осы салада еңбек сіңіріп жүрген сауда қызметкерлерін құрметке бөлеп келеді.
Кәсіби мерекеге орай Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев барша кәсіпкерлерді құттықтады.
“Құрметті сауда қызметкерлері!
Сіздерді бүгінгі кәсіби мереке - сауда қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сауда – әр елдің экономикасындағы, халықаралық қатынастағы маңызды сала. Сауда және интеграция министрлігі өзінің қысқа тарихында табанды және нәтижелі еңбек етіп, ел Үкіметі тарапынан қойылған міндетті межелерге қол жеткізіп келеді.
Небәрі 5 жылдың ішінде ішкі сауда айналымы 60 пайызға артты. Ал сыртқы тауар айналымы 43 пайызға өсті. Тауарлар экспорты 2023 жылы 35 пайызға ұлғайды.
Қазір сауда саласында бір жарым миллионнан астам қазақстандық қызмет етеді.
Біздің министрлік құрылғаннан бері отандық компаниялар мен өндірушілер электронды сауда тетіктерін меңгеріп, әлемдік электронды сауда алаңдарына шыға бастады. Соның арқасында осы салада қызмет ететін азаматтардың саны өсті.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруда тиімді шешімдер қабылданып, баға мониторингі қалыптасты. Соның нәтижесінде елімізде соңғы 8 жылда баға дефляциясы тіркелді. Жақында болған Қытай басшысының елімізге сапары аясында Қытаймен сауда-ынтымақтастық туралы маңызды құжатқа қол жеткіздік. Бұл құжат әлемдегі алпауыт державамен ашық сауда жасауға мүмкіндік бере отырып, әлемдік аренада Қазақстанның сауда-саттық потенциалының жоғары екенін дәлелдей түсті. Осы орайда Иранмен, Сингапурмен және Сербиямен маңызды еркін сауда келісімдерін жасағанымызды да айта кеткен абзал.
Әлемдік экономика бір орнында тұрмайды. Сондықтан сауда саласын әрі қарай дамыту, саладағы көрсеткіштерді еселеу, жаңа тенденцияларға сай жұмыс жүргізу, еліміздің сауда саясатын мығымдау,сауданың әлеуетін арттыру – алдымызда тұрған үлкен міндет. Ал елдік міндетті ешкім жалғыз атқармайды. Мұндай жүгі ауыр жауапкершілікті сіздермен бірге атқарамыз.
Осындай айтулы күнде барша сала қызметкерлеріне деген зор ризашылығым мен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Дендеріңізге саулық, мұқалмас ерік-жігер, отбасыңызға бақ-береке тілеймін!
Кәсіби мереке құтты болсын!” - деді министр өз жазбасында.